Төрехан Қосжанов: Институттағы 20 жыл – ғылым мен тәжірибе тоғысқан кезең

11.03.2026

Бүгінгі «Уақыт куәгерлері» айдарымыздың қонағы – ардагер Төрехан Қосжанов. Ол ғылым жолын 1972 жылы кіші ғылыми қызметкер ретінде бастап, Институт қабырғасында 20 жылдан астам уақыт еңбек еткен айтары мол тұлға. Бүгінгі сұхбатта кейіпкеріміз Институтқа келген күніне бастап қандай қызықты да қиын күндер өткенін әңгімелеп береді.

1. Экономикалық зерттеулер институтына алғаш келген күніңіз әлі есіңізде ме? Ол кездегі Институттың атмосферасы, адамдар, жұмыс ырғағы қандай еді?

Кеңес дәуірінде Қазақстанда экономика саласында жұмыс жүргізетін ғылыми институттар жақсы дамыды. Олар ел экономикасы мен қоғамның өркендеуіне елеулі ықпал етіп, ауқымды істер атқарды. Сондықтан Жоспарлау комитетінің қарамағындағы Ғылыми зерттеу институтына жұмысқа орналасу жас мамандар үшін үлкен жетістік саналатын.

Мен институтқа келгенге дейін Автокөлік министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу жоспарлау институтында еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған едім. Соның арқасында әдістемелік негізі қалыптасқан жаңа мекемеге еш қысылмай келдім. Оның үстіне бұрынғы жұмыс орнымда бөлім басшысы болған Темірғалиев Ж.М. ағамыздың шақыруы жаңа қызметке ауысуды жеңілдетті.

Институттағы ахуалға тоқталсақ, сол кезеңде Жоспарлау комитеті ел экономикасын басқару тетіктерін жан-жақты нығайтып, негізгі салалардың дамуын бірыңғай жоспар арқылы қадағалап отыратын негізгі орган болды. Қазақстанда осы комитеттің тікелей шешімінсіз бірде-бір жаңа кәсіпорын ашылмайтын немесе әлеуметтік салаға өзгеріс енгізілмейтін. Яғни бүкіл республиканың дамуын болжау, оны жоспарға енгізу және қабылданатын шешімдерге ықпал ету Институт қызметінің басты міндеті болды. Сондықтан бұл жерде жұмыс істеу жас мамандар үшін зор мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік те жүктейтін.

Институтта қызмет ететін ғылыми қызметкерлер осындай ортада бар күш-жігерін ғылыми ізденіске бағыттап, бәсекелі жағдайда сапалы әрі нәтижелі жұмыс жүргізуді үйренді. Жас маман ретінде мен де қолымнан келген істі атқарып, кәсіби деңгейімді шыңдап, қызығы мен қуанышы мол жоғары ғылыми жұмыс ырғағына тез бейімделдім. Ерекше атап өтетін жайт – институттағы бөлімдерді басқару жүйесінде өмірлік тәжірибесі мол, аға буын өкілдері, соның ішінде соғыс ардагерлері көп болды. Республика экономикасының болашақ дамуын болжау барысында олар жоспарға енгізілген шешімдердің ел экономикасына ұзақ мерзімде қандай әсер ететінін терең сезініп, өздерінің жиған тәжірибесіне сүйене отырып ғылыми жұмысқа бағыт-бағдар беретін, бізге ақыл қосып, қателескен тұста түзетіп отыратын.

2. Жас ғылыми қызметкер ретінде сол жылдары өзіңіз үшін ең қиын әрі ең қызықты болған сәттерді қалай еске аласыз?

Ғылыми еңбек пен ғылыми ізденіс – бүкіл әлемде аса тартымды сала екені белгілі. Жоғары оқу орнын бітірген соң бәсекесі жоғары, мәртебесі биік ғылым жолы мені өзіне баурады. Ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеу ізденіске құштар мамандар үшін әрдайым беделді бағыт саналды және алдағы уақытта да солай болатынына кәміл сенемін.

Еңбек жолым, әрине, қиындықтар мен қызықты сәттерге толы болды. Ғылыми жұмыс жас маманның бар уақытын ізденіске арнауды талап етеді. Ол үшін уақытыңның басым бөлігін кітап оқуға, жаңа мәліметтер іздеуге жұмсауға тура келеді. Ал жастық шақтың өзіне тән ойын-сауыққа жетелейтін ықпалы бар.

Екіншіден, жоғары оқу орнында алған білім практикалық жұмыс талаптарына сәйкес келе бермейді. Ал жоспарлау барысында қолданылатын деректер мен оларды пайдалану тәсілдері – өзіндік кәсіби қыр-сыры бар күрделі жұмыс. Экономика саласында жаңа ғылыми әдістер табу үшін өндіріс пен әлеуметтік саладағы өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат қажет. Ондай деректерсіз білікті маман болып қалыптасу мүмкін емес.

Ал қызықты тұстарына келсек, жастық шақ – мұңая қоймайтын кезең ғой. Өзіммен қатар жас мамандармен достасып, жұмыстан тыс уақытта спортпен айналысып, би билеп, ән айтып, көңілді жүретінбіз. Біз үшін бір ғылыми тақырыпта мақала жариялау сол кезде үлкен жетістік болып көрінетін. Есімде ерекше қалған сәттердің бірі – орталық теледидар арнасында әріптестермен бірге экономикалық саясат жөніндегі эфирге қатыстым. Оның әсері өте зор болды.

3. Институтта сізге ерекше әсер еткен, жол көрсеткен аға буын ғалымдар кімдер болды? Олардан қандай өмірлік немесе кәсіби сабақ алдыңыз?

«Білім инемен құдық қазғандай» дейді қазақ. Яғни ғылыми еңбек табандылықты, қажыр-қайрат пен үздіксіз ізденісті талап етеді деген сөз. Мұны мен ерте түсіндім. Себебі аса дарынды тұлғалармен бірге жұмыс істедім, бұл мен үшін үлкен мәртебе болды. Мәселен, мен институтта жұмыс істеген жылдары мекемені Санжар Оразұлы Жандосов басқарды. Онымен алғаш Нархозда оқып жүргенде таныстым. Ол кісі бізге семинар өткізіп, экономикаға қатысты тың ойларын айтып ерекше әсер қалдырған. Кейін институтта да Санжар Оразұлы жаңашыл, серпінді атмосфера қалыптастыра білді. Қаншалықты күрделі мәселе болса да, ширақ қимылдап, мамандардың кәсіби қабілеттерін тиімді пайдаланып, жұмысты шебер ұйымдастыратын. Сонымен қатар спорттық және мәдени шараларға белсене қатысып, ұжымның нағыз көшбасшысы бола білді.

Санжар ағадан кейін директор қызметін атқарған Түркебаев Едіге Айтжанұлы да менің жадымда мықты ғалым ретінде мәңгі сақталды. Нағыз интеллигент Едіге аға ешқашан қызметкерлерге дауыс көтермейтін. Оның басшылығы кезінде институт көптеген жетістікке жетті. Сол кезеңде менімен қатар, тіпті менен де талантты жас мамандардың жұлдызы жанды. Институттан Мәскеуде және басқа ғылыми орталықтарда көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалып, ғылыми атақтар алынды. Едіге аға мәдениеті жоғары, мінезі жұмсақ, адамгершілігі мол тұлға еді.

Әр кезеңде институтты басқарған Күзембаев, Қамшыбаев, Есентүгелов, Байзақов, Сүлейменов сияқты басшыларды, сондай-ақ бөлім бастықтары Қапаров, Сүндетов, Сақтапов, Райханов, Двоскин, Чистяченко, Мастер, Қайымов, Шалабаев, Масақбаев, Алмағамбетов, Өтеғұлов, Марков, Әбділдин, Белгібаев, Миғданов және басқа да ағаларымды әрдайым ерекше ілтипатпен еске аламын.

Мен жұмыс істеген бөлімнің басшысы Темірғалиев Жолшара Молдағазыұлы – алғашқы жетекшім болды. Өте сабырлы, білімді маман. Әрдайым сергек, ғылымға берілген жан болатын. Экономикалық зерттеулерін математикалық әдістермен дәлелдеуді ұнататын. Жолшара аға маған мансап пен атақ емес, шынайы еңбек қана адамды өзгелерден даралайтынын жиі айтатын. Осындай тұлғалардан мен адами қасиеттерді бойыма сіңірдім.

4. Сіз ғылыми институттан кейін мемлекеттік басқару жүйесіне келдіңіз. Сол өтпелі кезеңде Институтта алған тәжірибе сізге қалай көмектесті?

Әр адамның өмірге деген көзқарасы оның өмір жолымен тығыз байланысты. Ғылыммен айналысқан адам шын ниетімен, бар жан-тәнімен ғылыми ізденіске берілсе, оның азаматтық ұстанымы да берік қалыптасады. Ғылыми жұмыс – құбылыстарға сын көзбен қарап, қоғам мен табиғаттағы өзгерістерді саралап, экономикалық үрдістердің қандай шешімдер арқылы қозғалысқа түсетінін зерттеп, себеп-салдарын анықтап, жаңа жолдар іздеуге жетелейтін аса қызықты сала. Әлемге танылған, ғылымда биік нәтижеге жеткен ғалымдардың басым бөлігі – мәдениеті жоғары, парасатты тұлғалар. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, мен де ғылыми жұмыста берілген тақырыптың мәнін терең зерттеп, негізгі мәселені ашудың жолдарын тәжірибелі әріптестерден үйренуге тырыстым. Соның нәтижесінде кандидаттық диссертациямды жазып, оны уақытында сәтті қорғадым.

Тағы бір айта кетер жайт – Кеңес Одағының соңғы жылдары экономикалық құлдырау кезеңімен тұспа-тұс келді. Батыс мемлекеттерімен экономикалық бәсекеде Одақ артта қала бастады. Экономика саласында жүргізілген реформалар күткен нәтиже бермей, керісінше әлеуметтік салада дағдарыс белгілері байқалды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмады. Ал күрделі өндірістерге жаңа технологиялар енгізілмегендіктен, өндірісті жандандыру мүмкін болмады. Экономикаға бөлінген күрделі қаржы дер кезінде игерілмей, аяқталмай қалған құрылыстар саны артты.

Осындай келеңсіз құбылыстарды біз секілді ғылыми талдаумен айналысқан мамандар анық көріп отырдық. Экономист-ғалымдар ұсынған идеялар көбіне социалистік жоспарлау жүйесінің шеңберінен аса алмағандықтан, өндіріс үдерістеріне нақты ықпал ете алмады. Ал түбегейлі реформалар жасауға саяси тұрғыдан мүмкіндік болмады.

Қазақстан егемендік алғаннан кейін жаңа нарықтық экономикаға көшу жолдарын іздей бастады. Бұл кезең әрі қызықты, әрі күрделі болды. Кеңес дәуірінде үкімет құрылымдарында қызмет еткендердің көпшілігі жаңа реформаларды бірден қабылдай алмады. Соған байланысты тәжірибесі аз болса да, жаңа көзқарастағы кадрларды басқару жүйесіне тарту қажет болды.

Әрине, ғылыми-зерттеу институтында жинаған тәжірибем маған үкімет жұмысының қыр-сырын түсінуге көп көмегін тигізді. Бұл кезеңде тәуелсіз мемлекет жағдайында көптеген жаңа шешімдер қабылданып жатты. Сол шешімдердің халықтың әлеуметтік жағдайына қалай әсер ететінін бағалауда ғылыми көзқарастың пайдасы зор болды деп есептеймін.

5. Кеңес дәуірінің соңы мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық өзгерістерді сіз қалай қабылдадыңыз? Ол кезеңнің қандай сәттері жадыңызда ерекше сақталды?

Жиырмасыншы ғасырдың соңында Кеңес Одағы экономикасының бәсекеге төтеп бере алмай күйрегеніне біз куә болдық. Кеше ғана әлемдік экономикалық қуаты жағынан екінші держава саналған мемлекет өз құрамындағы республикалардың дербес жолға түсуіне қарсы тұра алмады. Сол кезеңді бастан өткергендер жақсы біледі: саяси дағдарыс экономикалық күйзелісті қатар алып келді. Қарапайым халықтың тұрмыс деңгейі күрт төмендеді.

Осындай жағдайда ғылыми жұмыспен айналысқан экономистер Кеңес экономикасының негізгі кемшіліктерін тереңірек түсіне бастады. Бұған белгілі бір дәрежеде Одақ көлемінде экономикалық реформалар жүргізу жөніндегі шешімдердің қабылдануы да әсер етті. Мәселен, кәсіпорындарға белгілі бір еркіндік беріліп, жылдық табысты немесе пайданы жаңа тәсілмен пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Мұндай өзгерістер бәсекелі экономиканың тартымды тұстарын айқын көрсете бастады.

Сонымен қатар АҚШ, Жапония, ФРГ сияқты жаңа технологияға сүйеніп дамыған елдердің жетістіктері көзге анық көрініп тұрды. Ал Кеңес Одағы экономикасының ұзақ жылдар бойы дағдарысқа ұшырағанын халықтың күнделікті тұтынатын тауарлармен толық қамтамасыз етілмеуінен-ақ аңғаруға болатын. Мұндай жағдайда орталықтандырылған басқару жүйесі өз алдына қойған міндеттерін толық орындай алмайтыны белгілі болды. Одақ құрамындағы республикалар көптеген қиындықтарды өз бетінше еңсеруге мәжбүр еді.

Осындай тарихи кезеңде ғылыми қызметпен айналысқан біз сияқты мамандар жаңа реформаларды шынайы үмітпен қарсы алдық. Біздің түсінігімізше, елге тиесілі табиғи және экономикалық байлық ең алдымен халықтың тұрмысын жақсартуға жұмсалуы тиіс. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң басқару жүйесіндегі кемшіліктер жойылып, пәрменді экономикалық даму жолына түсеміз деген сенім берік болды. Экономиканы басқару тетіктері мен шешім қабылдау үдерістері дербес мемлекетіміздің өз қолына өткен сәтте бәріміз ерекше рухани серпіліс күйін бастан кештік.

6. Ұзақ мемлекеттік қызмет жолында сізге ең көп көмектескен қасиеттеріңіз қандай болды деп ойлайсыз?

Ағылшын жазушысы Уильям Макнил өзінің The Rise of the West еңбегінде: «Мемлекетті басқару сапасы тек қоғамдағы ұйымдасқан топтарға ғана емес, жекелеген тұлғалардың басқару үдерісіне тікелей қатысуына да байланысты» деген ой айтады. Тәуелсіз Қазақстанның басқару жүйесіндегі мекемелердің қалыптасып, дамуына ықпал еткен факторлар аз болған жоқ. Соның ішінде мемлекет құрылысын нығайту, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономиканы жаңа сапалық деңгейге көтеру бағытындағы жұмыстар айрықша маңызға ие болды. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін орталық мекемелер мен министрліктер жаңа талаптарға бейімделіп, бұрын болмаған күрделі міндеттерді игеруге жұмыла кірісті. Мұндай жауапты кезеңде ғылыми мекемелерден көптеген мамандар тартылып, бейбіт еңбек майданында жаңаша ойлайтын білікті кадрлар қалыптаса бастады. Олардың атқарған қызметі мен жүргізген саясатының мәнін ашып көрсету бүкіл қоғам үшін, әсіресе болашақ мамандар мен жас басшылар үшін аса құнды тәжірибе болары сөзсіз.

Мемлекеттік органдарды басқарып отырған мамандардың кәсібилігі мен ынтасына көп нәрсе тәуелді. Ең алдымен, әр мекеме өз саласының стратегиялық жоспарын айқындауы тиіс. Мұндай жоспарлау барысында қоғамдағы нақты сұранысқа, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне және сол нәтижеге деген қоғамдық қажеттілікке баса назар аударылады. Яғни мемлекеттік міндеттер мен қоғамдық талаптар алдын ала жан-жақты сараланып, нақты белгіленуі қажет.

Екіншіден, Ата заңға сүйене отырып, әр саладағы өзгерістерді ескеріп, мемлекеттен бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін бақылау жүйесін жолға қою маңызды болды. Парламент қабылдаған Бюджет заңының толық орындалуын қадағалау, ел экономикасының өсіміне елеулі үлес қосып отырған салаларды анықтау, олардың жұмысын жетілдіру сияқты міндеттер осы кезеңде ерекше өзекті еді.

Үшіншіден, дамыған елдер тәжірибесінде қалыптасқандай, қабылданатын заңдар мен шешімдер экономика салаларындағы жұмыстардың үйлесімді әрі жүйелі жүргізілуін талап етеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасы кедейлік, жұмыссыздық, инфрақұрылымның әлсіздігі, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерінің қиындықтары сияқты өткір әлеуметтік мәселелермен бетпе-бет келді. Сондықтан жүргізілетін реформалардың нәтижесі мен сапасы көбіне мекемелерді басқаратын және сол салаларда еңбек ететін мамандардың өмірлік тәжірибесіне, жоғары кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты болды.

Осы кезеңде индустриялық даму мен экономиканы әртараптандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқару қажет еді. Себебі бұл міндеттермен тығыз байланысты қаржы институттары, әсіресе банктер, әлі де әлсіз болатын. Экономиканың жаңа салаларын дамыту жоспарлары тек басқару құрылымдарын ғана емес, жалпы қоғамды да алаңдатты. Сондықтан жаңа бағдарламаларды әзірлеп, оларды жүзеге асыру тетіктерін табу үшін жоғары білікті мамандар қажет болды. Кейін Есеп комитетінде қызмет атқарған жылдары қаржы игеруге қатысқан министрліктер мен ірі холдингтердің өз салаларында жіберген олқылықтарын анықтап, келеңсіз фактілерге себеп болған факторларды жүйелі түрде талдап отырдық. Осындай жауапты жұмыста мамандардың терең білімі мен мол тәжірибесі шешуші рөл атқаратыны анық еді.

7. Экономикалық зерттеулер институтының бүгінгі жас зерттеушілеріне қандай кеңес берер едіңіз?

Ғылымға келіп жатқан ХХІ ғасыр әлем экономикасына үлкен өзгерістер қажет екенін айқын көрсетіп отыр. Біздің экономика да өндіріс пен ауыл шаруашылығын нарықтық қатынастарға толық бейімдеу үшін халық тұтынатын тауарлардың саны мен сапасын арттырып, тұрмысқа қажетті қызмет көрсету саласын күшейтуі тиіс. Нарық жағдайында мемлекеттер арасында бәсекелестік болатыны белгілі. Бұл жарыста тек өзгерістерді дер кезінде болжап, қажетті шешімдерді алдын ала дайындай алған елдер ғана алға шығады. Сондықтан жас зерттеушілер осы үрдісті терең түсініп, инновациялық жаңалықтарға бастайтын тақырыптарды табандылықпен әрі жүйелі түрде зерттеуі қажет деп ойлаймын.

Біз кейде бір реформаны толық аяқтамай жатып, жаңасын бастап кетеміз де, өткен жолды жан-жақты саралап, жіберілген қателіктерді анықтауға жеткілікті көңіл бөлмейміз. Отыз жылға жуық уақыт ішінде көптеген жаңа өндіріс орындары ашылды, бірақ олардың біразы толық қуатында жұмыс істемей қалды. Инфрақұрылым саласына да қомақты қаражат бөлініп жатыр, алайда шешілген мәселелерден гөрі шешімін күтетіндері әлі де көп. Жобаларға бастапқыда белгіленген қаржы көлемі кейде бірнеше есе ұлғайып кететіні де жасырын емес.

Әлеуметтік салада атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерінде реформалар жиі жүргізілгенімен, олардың сапасы әрдайым күткендей деңгейде бола бермейді. Бұл нені аңғартады? Кей жағдайда реформаны басқарған тұлғалар нәтижеден гөрі бөлінетін қаражат көлеміне көбірек мән беретіндей әсер қалдырады. Сапа екінші орынға ығысқанда, сан алдыңғы қатарға шығып кететіні белгілі.

Сондықтан жастарға айтар негізгі ой – терең біліммен қатар рухани кемелдену де аса маңызды. Ғылым жолын таңдаған жас буын сапалы білім ортасын қалыптастыруға белсене атсалысуы тиіс. Сонда ғана олардың арасынан елін сүйетін, көш бастайтын тұлғалар мен ұлағатты ұстаздар өсіп шығады. Ең бастысы – армандардан бас тартпау. Алға қойған мақсатқа табандылықпен ұмтылған жандар ғана жетеді. Отаншыл, саналы, парасатты азамат болып қалыптасуға күш-жігерді аямай жұмсау – бүгінгі жастың басты құндылығы болуы керек.

8. Институтпен байланысты ең жылы, ең күлкілі немесе ең әсерлі бір естелігіңізбен бөліссеңіз.

Институт қабырғасында қызықты сәттер де аз болған жоқ. Арамызда еңбек еткен тәжірибесі мол аға буын бізге әрдайым қамқорлықпен қарап, бағыт-бағдар беріп отыратын. Менің байқауымша, Кеңес Одағы кезеңінде кадр саясаты мемлекет басқару жүйесінде де, ғылыми институттарда да ұқсас қағидаттармен қалыптасқан, тәртібі қатаң жүйе еді. Соған қарамастан, сол жылдары бірге қызмет атқарған үзеңгілес әріптестер мен парасатты ағалар арасындағы қарым-қатынас ерекше әсерлі әрі жылы болды. Сондықтан жаңа Қазақстан жағдайында ашық әрі прогрессивті кадр саясатының маңызы зор деп санаймын.

Өмірімдегі ең толғанысты әрі қуанышты кезеңдердің бірі – кандидаттық диссертация жазып, оны қорғаған сәтім. Өз қолыңмен жазған ғылыми еңбектің нәтижесін көру – ерекше сезім сыйлайды. Әр адамның білімге құштарлығы мен ой-өріс деңгейі әртүрлі болады. Мен қызметтес болған әріптестердің арасында таланты менен әлдеқайда жоғары жастар аз емес еді. Мысалы, Бейсембай Ізтелеуов, Ержан Өтембаев, Тимур Құлыбаев, Қозы Көрпеш Жанбұршин, Серік Пірімбетов, Зейнолла Кәкімжанов, Мажит Есенбаев, Жанат Ертлесова, Үсен Медеуов, Жакен Құсайынов, Хаслан Құсайынов, Болат Құсайынов, Сейфолла Рақышев, Нұрлан Сәрсембаев, Әділбек Бектасов, Базарбай Жарменов, Нұрлан Ысқақов, Төлеген Асқаров, Фахра Усманова, Леонид Иванов, Азамат Нұрсейітов сияқты білікті мамандар ел экономикасының нарықтық қатынастарға көшу кезеңінде үкіметтің түрлі мекемелерін басқарып, ауқымды жұмыстар атқарды. Ал Қанат Берентаев, Сайлаубай Ибраев, Еркебай Жамалов, Уәлихан Хамзаев, Шуақбай Заманбеков, Равиль Тайматов, Мәнсия Берембаева, Гүлнара Аннакулиева, Әлия Кенжебаева, Зәуре Әбділдина, Әлия Қаңтарбаевна, Сайра Әлібаева, Анвар Дебердеев, Төлеген Омаров, Гульнара Садыбекова, Надежда Ғазизова секілді мамандар ғылыми салада және корпоративтік секторда табысты еңбек жолын жалғастырды. Солардың ішінде Қанат Берентаев ерекше ұшқыр ойымен, батыл көзқарасымен көзге түскен ғалым еді.

Осы кезеңде Институтта өте жас мамандар да еңбек жолын бастаған болатын. Олардың қатарында Бейбіт Бимұқанов, Ерғалы Мамыров, Бауыржан Байғазин, Жиенбет Арыстанбаев, Александр Ким, Мұхитдин Айнақұлов, Амантай Қасымханов, Бақытжан Әуелбеков, Нұрлан Иманғазиев және тағы басқа талапты жастар болды.

Бізден кейін Институтты басқарған Ескендір Бейсембетов пен Мақсат Мұқановпен мен кейін Президент Әкімшілігінде бірге қызмет атқардым.

9. Экономикалық зерттеулер институтының 65 жылдығына қандай тілегіңіз бар?

65 жыл – бір жағынан аз көрінгенімен, Қазақстанның жаңа дәуірдегі даму жолындағы елеулі белес. Осыған орай, өзім еңбек еткен ғылыми орталықтың алдағы кезеңде де биік жетістіктерге жете беруіне шын жүректен тілектеспін. Ел экономикасының экстенсивті емес, интенсивті жолмен дамуының басты шарты – басқару жүйесінің ғылыми қағидаттарға сүйенуі. Институттың өркендеуіне тірек болатын негізгі күш – оның мамандары. Өз ісіне берілген, білікті мамандар үшін алынбайтын асу, шешілмейтін мәселе болмайды. Үкімет жұмысына мазмұнды ұсыныстар енгізу үшін ұжымның ғылыми деңгейі жоғары болуы аса маңызды.

Жас ғалымдар әрдайым ізденіс жолынан таймауы тиіс. Экономикалық құбылыстарды жан-жақты зерттеп, олардың мәнін ашып, нәтижесін ғылыми тұрғыда тұжырымдап, Қазақстанда тиімді өндірістерді дамыту әрі оларды қоғам игілігіне айналдыру жолдарын табу – басты міндеттердің бірі. Аға ұрпақтың жиған тәжірибесін жастар ұтымды пайдаланып, тәжірибе алмасу жоғары деңгейге болғаны құба-құп. Мұндай жұмыс ешқашан тоқтамауы керек. Тоқтаған су бұзылады, ал аққан су нәр береді. Ақыл да сол секілді: тоқыраса – дамымайды, талпынса – толысады. Қоғам әр адамның күш-жігері арқылы өзгереді. Сондықтан баршаңызға сәттілік тілеймін, достар.





Қарау саны: 35
Сақталған: 11.03.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!