2026 жылғы 11 наурызда Экономикалық зерттеулер институтының өкілдері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) ұйымдастырған «Қорғаныс инвестицияларын жергілікті даму үшін пайдалану» (Leveraging Defence Investments for Local Development) тақырыбындағы халықаралық вебинарға қатысты. Іс-шара ЭЫДҰ-ның 2026 жылғы «Жергілікті даму жөніндегі жаһандық форумына» (OECD Global Forum on Local Development 2026) дайындық аясында өтті және қорғаныс шығыстарының өсуі өңірлердің дамуына, өнеркәсіпті жаңғыртуға, жұмыс орындарын ашуға және кадрлық әлеуетті нығайтуға қалай ықпал ете алатынын талқылауға арналды.
Вебинарға
ЭЫДҰ өкілдері, ұлттық және өңірлік билік
органдарының өкілдері, сондай-ақ
Нидерланд, Ұлыбритания, Португалия және
Франция елдерінен келген сарапшылар
қауымдастығының өкілдері қатысты.
Негізгі спикерлер қатарында ЭЫДҰ-ның
Кәсіпкерлік, ШОБ, өңірлер және қалалар
орталығы директорының орынбасары Надим
Ахмад, Лимбург провинциясының экономика,
қаржы, іскерлік операциялар және қоғаммен
байланыс жөніндегі өңірлік министрі
Стефан Сатийн, Ұлыбритания Қорғаныс
министрлігінің өкілі Энди Сэмс, Алентежу
өңірлік даму агенттігінің (ADRAL) сыртқы
байланыстар департаментінің үйлестірушісі
және Еуропалық даму агенттіктері
қауымдастығының (EURADA) вице-президенті
Даниэл Жанейру, сондай-ақ Bretagne Next
агенттігінің Еуропалық одақ істері
жөніндегі департаментінің басшысы Элен
Морен болды. Пікірталастың модераторы
Лючия Кузмано болды.
Іс-шараны
аша отырып, ЭЫДҰ өкілдері қорғаныс
инвестицияларын тек қауіпсіздікті
қамтамасыз ету құралы ретінде ғана
емес, сонымен қатар жергілікті және
өңірлік дамудың факторы ретінде де
қарастыру қажет екенін атап өтті.
Қорғаныс салалары білікті жұмыс күшіне
сұранысты ынталандыратыны, жоғары
технологиялық өндірістің дамуына ықпал
ететіні, шағын және орта кәсіпорындар
мен зерттеу ұйымдары үшін мүмкіндіктер
жасайтыны, сондай-ақ қосарлы мақсаттағы
технологиялардың экономиканың азаматтық
секторларына таралуын қамтамасыз
ететіні атап өтілді.
Стефан
Сатийн қорғаныс инвестицияларын
экономикалық жаңарудың көзі ретінде
қарастыратын өңірлік көзқарасты ұсынды.
Лимбург провинциясының мысалында
қорғаныс күн тәртібін жоғары технологиялық
өндірісті, логистиканы, инфрақұрылымды
және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті
дамытумен байланыстыруға болатыны
көрсетілді. Оның бағалауынша, мұндай
инвестициялар қауіпсіздікті ғана емес,
өңірлердің инновациялық белсенділігін
де күшейте алады.
Энди
Сэмс қорғаныс секторын өсудің негізгі
қозғаушы күштерінің бірі ретінде
қарастыратын Ұлыбритания тәжірибесін
таныстырды. Ұлыбритания тарапы 2027 жылға
қарай қорғаныс шығыстарын ЖІӨ-нің
2,6%-ына дейін жеткізу мақсатын, ал кейіннен
бұл көрсеткішті 3%-ға дейін арттыру
ниетін мәлімдеді. Сондай-ақ қорғаныс
саласындағы дағдыларды дамытуға арналған
ел тарихындағы ең ірі шаралар пакетін
іске қосу туралы жарияланды. Оның аясында
182 млн фунт стерлинг (шамамен 236 млн АҚШ
доллары), сондай-ақ қорғаныс өсімін
ынталандыруға бағытталған бес өңірлік
келісімді (Defence Growth Deals) іске асыру үшін
қосымша 250 млн фунт стерлинг (шамамен
324 млн АҚШ доллары) бөлінеді. Кадр
тапшылығына ерекше назар аударылды,
өйткені 2030-жылдардың ортасына дейін
бұл секторға шамамен қосымша 50 мың
жұмысшы қажет болады.
Даниэл
Жанейру Алентежу өңірі мысалында
еуропалық және өңірлік тәсілді таныстырды.
Оның айтуынша, Украинадағы жағдай мен
Еуропаны қайта индустрияландыру бағыты
аясында қорғаныс секторы өңірлік
экономикалық және технологиялық өсудің
көзі ретінде барған сайын жиі қарастырылып
отыр. Осыған байланысты ақылды мамандану
стратегиялары (Smart Specialisation Strategies, S3)
неғұрлым икемді және аумақтық тұрғыдан
бағдарланған болуы тиіс. Алентежудың
басым бағыттарының қатарында жасанды
интеллект, киберқауіпсіздік, толықтырылған
шынайылық және деректерді талдау секілді
қосарлы мақсаттағы технологиялар
аталды.
Элен
Морен француз өңірлік тәжірибесін
таныстырып, университеттердің, даму
агенттіктерінің, жергілікті билік
органдарының, кәсіби бірлестіктердің,
зерттеу құрылымдарының және бизнестің
ынтымақтастығына ерекше назар аударды.
Негізгі назар құзыреттерді, құн
тізбектерін және мамандану бағыттарын
үйлестіру құралы ретінде қарастырылатын
Craft платформасына аударылды.
Вебинар
қорытындысы бойынша ЭЫДҰ елдерінде
қорғаныс инвестициялары қауіпсіздік
міндеттерін, өнеркәсіпті жаңғыртуды,
адами капиталды дамытуды және өңірлердің
орнықтылығын нығайтуды бір мезгілде
шешуге қабілетті салааралық құрал
ретінде барған сайын көбірек қарастырылып
отырғаны атап өтілді.
