Ақтөбе облысы бюджетінің 2022-2025 жылғы әлеуметтік сала шығындары

19.03.2026

2022-2025 жылдары Ақтөбе облысы бюджетінің әлеуметтік салаға шығындары жалпы бюджеттік шығындардың орта есеппен 55,4%-не тең. Қарастырылып отырған кезеңде олардың көлемі 2022 жылғы 240,0 млрд теңгеден (жиынтық шығындардың 55,8%) 2025 жылы 414,0 млрд теңгеге (жиынтық шығындардың 57,0%) дейін 1,7 есе ұлғайды.

Аталған кезеңдегі әлеуметтік шығындардың негізгі бағыты білім беру саласы, оған әлеуметтік сала қаражатының 76,1%-і тиесілі. Бұл саланы қаржыландыру 2022 жылғы 182,5 млрд теңгеден (әлеуметтік шығындардың 76,1%) 2025 жылы 307,2 млрд теңгеге (әлеуметтік шығындардың 74,2%) дейін 1,7 есе өсті. Қарастырылып отырған кезеңде өңірде білім беру инфрақұрылымының дамуы және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасының нығаюы байқалды. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 95,2%-ке жетті, бұл мектепке дейінгі білім берудің жоғары қолжетімділігін көрсетеді. Сондай-ақ, орта білім беру ұйымдарының желісіне жаңғырту жүргізілді: 2025 жылдың қорытындысы бойынша 20 мектеп пайдалануға берілді, облыстың 13 мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке шығындар әлеуметтік шығындардың орта есеппен 11,0%-не тең. 2022-2025 жылдары бұл бағытты қаржыландыру 25,9 млрд теңгеден (әлеуметтік шығындардың 10,8%) 53,0 млрд теңгеге дейін (әлеуметтік шығындардың 12,8%) 2 есе ұлғайды. 4 мәдениет нысанын салу және 16 мәдениет нысанын жөндеу, 10 спорт инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ 3 спорттық білім беру мекемесін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Өңірде халықтың дене шынықтыру сабақтарына қатысуын арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған спорттық-бұқаралық іс-шаралар үнемі өткізіледі.

Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға әлеуметтік сала бюджетінің орта есеппен 9,0%-і тиесілі. Талданып отырған кезеңде олардың көлемі 23,0 млрд теңгеден (әлеуметтік шығындардың 9,6%) 35,1 млрд теңгеге дейін (әлеуметтік шығындардың 8,5%) 1,5 есе өсті.

Денсаулық сақтау әлеуметтік шығындар құрылымында ең аз 3,9% үлеске ие. 2022-2025 жылдар аралығында осы саланы қаржыландыру көлемі 8,6 млрд теңгеден (әлеуметтік шығындардың 3,6%) 18,7 млрд теңгеге дейін (әлеуметтік шығындардың 4,5%) 2,2 есе ұлғайды. Бюджет қаражатының өсуі инфрақұрылымды дамыту және денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жөніндегі шараларды іске асырумен қатар жүрді: 14 денсаулық сақтау объектісі пайдалануға берілді, 10 денсаулық сақтау объектісіне күрделі жөндеу жүргізілді, медициналық ұйымдар үшін 312 жабдық сатып алынды.

Жалпы, 2022-2025 жылдары Ақтөбе облысында бюджеттік шығыстар құрылымында басым рөлі сақтала отырып, әлеуметтік саланы қаржыландыру көлемінің ұлғаюы байқалды. Қаражаттың ұлғаюы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытумен, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін жаңғыртумен, сондай-ақ мәдени-спорт саласы мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қолдаумен қатар жүрді.



Қарау саны: 28
Сақталған: 19.03.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!