ЭЫДҰ мемлекеттік қызметтер жөніндегі № 1 вебинары: Өмірлік жағдайлар аясында пайдаланушыға бағдарлану

31.03.2026

2026 жылғы 26 наурызда Экономикалық зерттеулер институтының өкілдері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) ұйымдастырған «ЭЫДҰ мемлекеттік қызметтер вебинары: Өмірлік жағдайлар аясында пайдаланушыға бағдарлану» (OECD Public Services Webinar: Putting the User at the Centre with Life Events) атты вебинарға қатысты. Іс-шара неғұрлым ыңғайлы, ықпалдастырылған және адамға бағдарланған мемлекеттік әкімшілік қызметтерді қалыптастыру тәсілдерін талқылауға арналды.

Вебинар модераторы ЭЫДҰ-ның мемлекеттік қызметтер бағытының жетекшісі Арно Прете болды. Кіріспе сөзді ЭЫДҰ-ның индикаторлар және басқару тиімділігі бөлімшесінің басшысы Валери Фрей сөйледі. Негізгі сессияға ЭЫДҰ талдаушысы әрі жоба жетекшісі Эмили Бальбирни, ЭЫДҰ жанындағы SIGMA бағдарламасының қызмет көрсету және цифрландыру мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Бруну Монтейру, сондай-ақ Эстонияның Әділет және цифрлық істер министрлігінің кеңесшісі Мартен Якобсон қатысты. Вебинар соңында өмірлік жағдайлар тәсілін енгізудің негізгі шарттарына арналған интерактивті пікірталас өтіп, оның қорытындысы бойынша басты тұжырымдар шығарылып, алдағы қадамдар айқындалды.

Вебинардың негізгі мақсаты өмірлік жағдайлар тәсілін (Life Event approach) адамға бағдарланған мемлекеттік әкімшілік қызметтер жөніндегі ЭЫДҰ ұсынымын (OECD Recommendation on Human-centred Public Administrative Services) іске асырудың негізгі құралдарының бірі ретінде таныстыру және оны практикалық тұрғыдан пысықтау болды. Аталған тәсіл мемлекеттік қызметтерді ведомстволық өкілеттіктер мен бытыраңқы рәсімдерге қарай емес, азаматтардың нақты өмірлік жағдайларына қарай ұйымдастыруды көздейді. Мұндай жағдайларға некені тіркеу, баланың дүниеге келуі немесе жақын адамынан айырылу сияқты оқиғалар жатады.

Вебинар барысында мемлекеттік әкімшілік қызметтердің азаматтар, бизнес және мемлекет арасындағы күнделікті өзара іс-қимылда орталық рөл атқаратыны, сондай-ақ қоғамдық институттарға деген сенім деңгейіне тікелей ықпал ететіні атап өтілді. Сонымен қатар көптеген елдерде пайдаланушылар әлі де күрделі, уақытты көп талап ететін рәсімдерге, ақпараттың қайталануына және мемлекеттік сервистер арасындағы үйлесімділіктің жеткіліксіздігіне тап болып отыр. Осыған байланысты өмірлік жағдайлар тәсілі әкімшілік жүктемені азайтуға, қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, пайдаланушы тәжірибесін жақсартуға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік беретін тиімді құрал ретінде қарастырылады.

Вебинар аясында өмірлік жағдайлар тәсілін енгізу құрылымының (Life Event Blueprint) тұжырымдамалық және қолданбалы негіздері таныстырылды. Бұл тәсіл алты өзара сабақтас кезеңге негізделетіні атап өтілді. Атап айтқанда, өмірлік жағдайларды айқындау, басым бағыттарды диагностикалау, шешімдерді жобалау, эксперименттік сынақтан өткізу, енгізу және нәтижелерді тұрақты түрде бағалау кезеңдері қарастырылған. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы Эстония тәжірибесі өмірлік жағдайлар тәсілін табысты енгізудің үлгісі ретінде ұсынылды. Эстония тарапы сервистік мүмкіндіктерді дамыту, шешімдердің қолданылуын сынақтан өткізу және қызмет көрсетудің жаңа модельдерін енгізу барысында мониторинг тетіктерін қалыптастыру жөніндегі практикалық тәжірибесімен бөлісті.

Вебинар қорытындысы бойынша қатысушылар адамға бағдарланған мемлекеттік әкімшілік қызметтерге көшу тек цифрландырумен шектелмейтінін, сонымен қатар неғұрлым терең институционалдық қайта құруды талап ететінін растады. Бұл мемлекеттік органдардың функциялары мен рәсімдері негізінде қалыптасқан модельден азаматтар мен бизнестің нақты қажеттіліктері басымдыққа ие болатын тәсілге көшуді білдіреді. Мұндай тәсіл мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, әкімшілік кедергілерді қысқартуға және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.



Қарау саны: 24
Сақталған: 31.03.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!