Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту

31.03.2026

Қазақстанда ШОК-тың ЖІӨ-ге үлесі 40,5%-ке тең [1] (2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша), бұл шағын және орта кәсіпкерліктің елдің экономикалық нәтижесін қалыптастыруда жоғары рөлін көрсетеді. Аталған көрсеткіш ШОК-тың жұмыспен қамту, халықтың кәсіпкерлік белсенділігі және елдің тұрақты экономикалық өсу көзі ретіндегі маңыздылығын байқатады.

Осы сектор құрылымында әйелдердің кәсіпкерлік қызметке араласуы маңызды рөл атқарады. Мысалы, (2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша) жалпы ел бойынша жұмыс істейтін 2 071 мың ШОК субъектілерінің 1 024 мың (49,5%) [2] субъектісін әйелдер басқарады, бұл әйелдердің бизнеске жоғары деңгейде араласуын және олардың елдің кәсіпкерлік ортасы мен экономикасын дамытуға қосқан елеулі үлесін көрсетеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 4,5 млн адамды құрады [3], оның 1,54 млн-ға жуығы әйелдер басқаратын кәсіпорындарда жұмыс істейді, бұл ШОК секторындағы жалпы жұмыспен қамтылудың шамамен 34%-не сәйкес келеді.

Әйелдер ШОК дамуына айтарлықтай үлес қосқанымен, олардың 2024 жылғы кәсіпкерлік белсенділігі әлі де негізінен ЖК және шағын бизнес форматында шоғырланған, ал неғұрлым тұрақты және ауқымды компанияларға қатысу шектеулі болып отыр. Бұл басқарушылық қатысу құрылымында да көрінеді: басшы әйелдердің ең жоғары үлесі орта кәсіпорындарға (34,3%) [4] және шағын бизнеске (29,0%) тиесілі, ал ірі бизнесте бұл көрсеткіш 19,1%-тен төмен.

Әйелдер кәсіпкерлігінің салалық құрылымы шектеулі салаларда жоғары шоғырланумен сипатталады. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әйелдер басқаратын ШОК субъектілері келесі салаларда көп шоғырланған: сауда – 438,3 мың [2], қызметтердің басқа түрлері – 179,8 мың, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 81,9 мың субъект. Бұл сауда-сервис және әлеуметтік бағдарланған қызмет түрлерінде әйелдер кәсіпкерлігінің басым екендігін көрсетеді.

Сонымен қатар, ШОК басшылары арасында әйелдердің жоғары үлесі бар шектеулердің сипатын бағалауға мүмкіндік бермейді. Оларды анықтау үшін кәсіпкерлікте ерлер мен әйелдердің салалық бөлінісін салыстырмалы талдау қажет (1-сурет).

1-сурет. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы экономикалық қызмет түрлері бойынша ШОК басшыларының гендерлік бөлінісі, %

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша автор жасаған [2].


Салыстырмалы талдау көрсеткендей, Қазақстан кәсіпкерлігіндегі гендерлік айырмашылықтар негізінен салалық сипатқа ие. Әйелдер негізінінен саудада, білім беруде, денсаулық сақтауда және қызмет көрсету саласында шоғырланған, ал ерлер құрылыс, көлік, өнеркәсіп және ақпараттық-коммуникациялық салаларда басымдыққа ие. Өсу мен масштабтаудың жоғары әлеуетімен сипатталатын қаржыны қажет ететін және технологиялық тұрғыдан күрделі қызмет түрлерінде әйелдер позицияларының төмендігі байқалады. Негізгі шектеулер әйелдерді кәсіпкерлікке тартумен емес, олардың бизнестің кеңеюі мен ұзақ мерзімді экономикалық әсерді қамтамасыз ететін сегменттерге қатысуының әлсіздігімен байланысты.

Бизнестің шағын сегментте шоғырлануы Қазақстанның ШОК құрылымының жалпы ерекшелігін байқатады. Алайда, әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігі негізінен қаржыны аз қажет ететін қызмет түрлерінде шоғырланғанымен байланысты бұл ерекшелік күштірек көрінеді.

Қаржы ресурстарға қол жетімділіктің шектелуі ШОК дамуының жүйелі шектелуі ретінде ерлер мен әйелдерге әсер етеді. Алайда, кәсіпкер әйелдер үшін бұл тосқауыл анағұрлым айқын сипатқа ие, өйткені олар көбінесе микро және шағын бизнесте шоғырланған, мүліктік базасы аз және қаржыны көп қажет ететін қызмет түрлеріне араласуы әлсіз. Нәтижесінде ерлер мен әйелдер арасындағы айырмашылықтар кедергілердің болуында емес, олардың бизнестің өсу, ірілендіру және қаржылық тұрақтылық мүмкіндіктеріне әсер ету ауқымынан көрінеді [5].

Кәсіпкер әйелдер үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне, әсіресе олардың өкілдігі төмен болып қалатын секторларда қолжетімділік қосымша шектеу болады. Конкурстық рәсімдерге қатысудағы кедергілер белгілі бір дәрежеде жалпы кәсіпкерлерге тән, бірақ әйелдер үшін олар іскерлік желілерге, кәсіби байланыстарға және тәлімгерлік тетіктеріне қол жетімділіктің шектеулі болуына байланысты неғұрлым айқын көрінуі мүмкін. Бұл келісімшарттар алу мүмкіндігін азайтады және бизнестің кеңеюін одан әрі тежейді [5].

Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың қалыптасуы 2000 жылдардың басында басталды. Мысалы, 2000 жылы [6] «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1345 Қаулысы қабылданды, оған мемлекеттік деңгейде алғаш рет әйелдер басқаратын бизнесті қолдауға бағытталған арнайы қаржы құралдары көзделген. Бұл құжаттың қабылдануы тек әлеуметтік қолдау шеңберінен тыс экономикалық саясаттың дербес бағыты ретінде әйелдер кәсіпкерлігінің институционалды түрде бекітілуін қамтамасыз етті.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Кәсіпкер әйел» мамандандырылған шарасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл шара негізінен консультациялық, ақпараттық және сервистік сипатта болады және жеке қаржы құралдарын көздемей, кәсіпкер әйелдерді институционалдық сүйемелдеу функциясын орындайды.

Әйелдер бизнесін қолдаудың тағы бір маңызды бағдарламасы – She’s Next. Halyk Bank-пен стратегиялық серіктестікте әлемдік алпауыт Visa-дан Empowered by Visa. Бұл бастама Қазақстанда 2021 жылдан бері жұмыс істейді [8].

2025 жылы [9] She’s Next бастамасы әйелдер кәсіпкерлігіндегі цифрлық сектордың өсіп келе жатқан рөлін көрсететін және дәстүрлі тауашалардан тыс жобаларды масштабтау үшін қосымша мүмкіндіктер жасайтын жеке IT-бизнес санатын қосу үшін қатысу форматын кеңейтті. Гранттық қолдаудан басқа, қатысушыларға бизнестегі әйелдердің үлесі 50%-тен асқан жағдайда, Halyk Bank-тен 30 млн теңгеге дейін жылдық 9% мөлшерлемемен 60 айға дейін мерзімге жеңілдікті кредиттеуге қолжетімділік беріледі.

2018 жылдан бастап осы бағдарлама шеңберінде қаржыландырудың осындай ерекше шарттарын 630-дан астам кәсіпкер әйел пайдаланды.

Әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдаудың нысаналы бастамаларының бірі 2024 жылдан бастап «Даму» қоры іске асырып келе жатқан «Үміт» бағдарламасы [10]. Бұл бағдарлама кәсіпкер әйелдердің ұзақ мерзімді қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуге және экономиканың шикізаттық емес секторларында бизнестің дамуын ынталандыруға бағытталған.

ЕҚДБ қолдауы негізінен қаржылық – экономикалық сипатқа ие және әйелдер бизнесі өсуінің қаржыландыруға қол жетімділіктің шектелуі, ұзақ мерзімді ресурстардың тапшылығы және басқару құзыреттерінің жетіспеушілігі сияқты құрылымдық шектеулерін жоюға бағытталған. Бағдарлама серіктестік қаржы институттары арқылы несиелеуді кәсіпкерлерге көрсетілетін консультациялық және техникалық қолдаумен біріктіреді.

2023-2025 жылдары [11] ЕҚДБ Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау ауқымын едәуір арттырды. 2023 жылы KMF микроқаржы ұйымына Women in Business Kazakhstan II бағдарламасы шеңберінде 35 млн АҚШ долларына дейін берілді, бұл ретте субкредиттердің кемінде 10%-і «жасыл» жобаларды іске асыруға бағытталды. 2024 жылы инклюзивті несиелеу топтамасы аясында ЕҚДБ әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға 15 млн АҚШ долларын, ал 2025 жылы әйелдер басқаратын кәсіпорындарды қаржыландыруды кеңейту үшін 25 млн АҚШ долларына дейін қосымша несие бөлді.

Осылайша, Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі - жұмыспен қамтуға, қызмет көрсету саласын дамытуға және халықтың экономикалық белсенділігіне елеулі үлес қосатын кәсіпкерлік сектордың маңызды және тұрақты кеңейіп келе жатқан сегменті. 2024-2025 жылдардағы жағдай бойынша әйелдер жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің жартысына жуығын басқарады және осы сектордағы жұмыспен қамтудың үштен бірінен астам көлемін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қызмет көрсету саласындағы әйелдер бизнесінің салалық шоғырлануы және әйелдердің ірі мен капиталды көп қажет ететін кәсіпкерлікте жеткіліксіз ұсынылуы сақталады.

Елде осы бағытты нормативтік бекітуді, мамандандырылған қаржылық емес сүйемелдеу шараларын, оның ішінде «Кәсіпкер әйел» бастамасын, сондай-ақ «Үміт» бағдарламасын қоса алғанда, нысаналы қаржы құралдарын қамтитын әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың институционалдық жүйесі қалыптасты. Алайда, әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамыту қолданыстағы қолдау шараларының сақталуын ғана емес, сонымен қатар олардың қаржыландыруға, іскерлік желілерге, тәлімгерлік тетіктеріне және экономиканың неғұрлым өнімді сегменттеріне шектеулі қолжетімділікті қоса алғанда, құрылымдық кедергілерді жоюға неғұрлым нақты бағдарлануын талап етеді.

Мұндай жағдайларда мемлекеттік саясаттың басымдығы әйелдердің кәсіпкерлікке қатысуын кеңейту ғана емес, сонымен қатар әйелдер бизнесінің сапалы өсуі үшін жағдай жасау болуы тиіс. Бұл қаржы ресурстарының қолжетімділігін арттыруды, білім беру және консультациялық тетіктерді дамытуды, сондай-ақ әйелдердің неғұрлым технологиялық, қаржыны қажет ететін және орнықты экономикалық қызмет түрлеріне шығуын ынталандыруды көздейді. Мұндай тәсіл әйелдер кәсіпкерлігінің экономикалық рөлін күшейтуге, оның экономиканы әртараптандыруға қосқан үлесін кеңейтуге және бір мезгілде сақталып отырған гендерлік сәйкессіздіктерді қысқартуға мүмкіндік береді.

Нұршат Шахзатхан

Бәсекелес ортаны зерттеу орталығының сарапшысы



Пайдаланылған дереккөздер тізімі

  1. Шағын және орта кәсіпкерлікке бөліністе ЖІӨ-дегі ШОК үлесі, https://stat.gov.kz/ru/industries/business-statistics/stat-org/publications/473784/

  2. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша экономикалық қызмет түрлері бөлінісінде жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің бөлінісі, https://gender.stat.gov.kz/page/frontend/detail?id=109&slug=1-2018-4&cat_id=6&lang=ru

  3. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстар бөлінісінде жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны, https://gender.stat.gov.kz/ru/category/6

  4. Әйелдер басқаратын кәсіпорындардың пайызы, кәсіпорындардың мөлшері бойынша бөліністе, https://gender.stat.gov.kz/page/frontend/detail?id=19&slug=15&cat_id=7&lang=ru

  5. Bridging the Finance Gap for Women Entrepreneurs, https://www.oecd.org/en/publications/bridging-the-finance-gap-for-women-entrepreneurs_75b52972-en/full-report/kazakhstan-policy-insights-on-regional-policy-actions_95a81401.html

  6. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жөніндегі шаралар туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 5 қыркүйектегі N 1345 Қаулысы, https://adilet.zan.kz/rus/docs/P000001345_

  7. Мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану және оларды алушыларды мониторингтеу сервисі, https://baqylauda.qoldau.kz/ru/info/statistics

  8. Central Asia has a strong tendency to come back to its roots: female entrepreneurs here often add a touch of local culture, which creates additional value for their products, https://shesnext.emergingeurope.org/kazakhstan/

  9. Halyk бизнестегі әйелдер үшін қаржыландыруға қол жетімділікті кеңейтеді, https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/halyk-rasshiryaet-dostup-finansirovaniyu-jenschin-biznese-581029/

  10. «Даму» қоры әйелдер бизнесін қолдаудың жаңа «Үміт» бағдарламасын іске қосады, https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/726556?lang=ru

  11. European Bank for Reconstruetion and Development (EBRD), https://www.ebrd.com/ru/home.html



Қарау саны: 25
Сақталған: 31.03.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!