2026 жылы әлемдегі ең ақылды қалалар қандай?

09.04.2026

2026 жылғы 31 наурызда Халықаралық менеджментті дамыту институты (IMD) 2026 жылғы әлемдегі ең ақылды қалалар рейтингі ұсынылған «Ақылды қалалар индексі: сенім мен ашықтыққа ұмтылу» жыл сайынғы есебін жариялады.

Ақылды қалалар индексі (IMD Smart City Index) – бұл ақылды қалалардың даму деңгейін тұрғындардың өзі қалалық инфрақұрылым мен қол жетімді технологиялық шешімдерді қалай қабылдайтындығына қарай бағалайтын халықаралық индекс. Оның мақсаты цифрландыру деңгейін өлшеу ғана емес, сонымен қатар қалалық технологиялар мен инфрақұрылымның халыққа күнделікті өмірде қаншалықты көмектесетінін анықтау.

IMD Smart City Index нені бағалайды?

IMD Smart City Index тек статистикалық мәліметтер негізінде ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қалалық инфрақұрылым мен технологиялық шешімдердің сапасы туралы пікірлерін ескере отырып қалыптасады.

Индекс қалаларды екі негізгі бағыт бойынша бағалайды:

1. Құрылымдар – қолданыстағы қалалық орта және негізгі инфрақұрылым. Ол тұрғындардың негізгі қалалық жүйелердің сапасы мен қолжетімділігін қалай бағалайтынын қамтиды;

2. Технология – халыққа қолжетімді және қалалық ортада қолданылатын технологиялық шешімдер, цифрлық қызметтер және заманауи басқару құралдары.

Екі бағыт әрі қарай бес негізгі сала бойынша бағаланады: денсаулық сақтау және қауіпсіздік, ұтқырлық, қалалық белсенділік, мүмкіндіктер және басқару.

Smart City Index 2026 шығарылымында зерттеуге әлемнің 148 қаласы енгізілді. Әр қала бойынша 120 тұрғынның пікірі ескеріліп, соның негізінде қорытынды баға қалыптастырылды.

Осы жылы рейтинг көшбасшыларының үштігіне Цюрих (1 орын), Осло (2 орын) және Женева (3 орын) кірді. Бұл қалалар бірнеше жалпы артықшылықтардың үйлесімі арқасында көшбасшы болды: жоғары сапалы қалалық орта, дамыған инфрақұрылым, тиімді басқару, қауіпсіздік және ыңғайлы көлік жүйесі, экологиялық тұрақтылық және цифрлық шешімдердің кеңінен енгізілуі. Бұл қалалардың технологиялары мен қалалық қызметі халықтың жағдайы мен өмір сүру сапасын арттыратыны, ал билік институттарына деген сенімділіктің жоғары деңгейі мен басқарудың ашықтығы олардың рейтингтегі позициясын күшейтетіні – оларға тән ортақ нәрсе.

Лондон өткен жылмен салыстырғанда екі орынға көтеріліп, экономиканың ауқымы, дамыған көлік жүйесі, халықаралық байланыстың жоғары деңгейі және білім беру, жұмыспен қамту мен инновациялардағы кең мүмкіндіктердің арқасында 4-ші орынға ие болды.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай мен Абу-Даби қалалары цифрландыруға, заманауи инфрақұрылымға, интеллектуалды басқару жүйелеріне және қалалық ортаның сапасын арттыруға ауқымды инвестициялардың арқасында 6-шы және 10-шы орынға ие болды.

Сингапур екінші жыл қатарынан технологияларды күнделікті өмірге енгізудің жоғары деңгейі, тиімді басқару және сапалы инфрақұрылымның арқасында 9-шы орынды сақтап келеді.

Копенгаген, Канберра және Лозанна дәстүрлі түрде қалалық ортаның жоғары сапасына, дамыған ұтқырлыққа, экологиялық тұрақтылыққа, тиімді басқаруға және цифрлық шешімдерді белсенді қабылдауға байланысты топ-10-дыққа кіреді.

Рейтингтің екінші ондығына енген қалалар сапалы қалалық инфрақұрылымның, дамыған қоғамдық көліктің, тиімді басқарудың және қауіпсіздіктің жоғары деңгейінің үйлесімі арқасында жоғары орынға ие болды. Алайда, алғашқы ондықтан айырмашылығы, олардың позициялары өмір сүру мен тұрғын үйдің қымбаттығына, көлік кептелісіне, қалалық қызметтердің біркелкі қол жетімділігіне, сондай-ақ басқарудың, ұтқырлықтың және күнделікті жайлылықтың жекелеген аспектілері бойынша тұрғындардың төмен бағасына байланысты жекелеген әлсіз жақтармен шектеледі.

Сонымен қатар, өткен жылы IMD Smart City Index рейтингіне Астана қаласы қосылды. 2026 жылы қала 2025 жылмен салыстырғанда екі позицияға төмендеп, 104-ші орынға ие болды. Қалалық инфрақұрылым және цифрлық қызмет саласында жекелеген күшті жақтардың болуына қарамастан, тұрғындардың қаланы қабылдауына теріс әсер ететін проблемалар сақталады. Атап айтқанда, басқару аспектілері, экологиялық ахуал, көліктік ұтқырлық және халықтың қалалық басқару процестеріне тартылуы бойынша салыстырмалы түрде төмен бағалар Астананың осы рейтингтегі позициясын шектейді.

Тұжырымдар

IMD Smart City Index қалалық инфрақұрылымды, тиімді басқаруды, қауіпсіздікті, көліктік ұтқырлықты және цифрлық шешімдердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ететін қалалар әлемде жетекші орындарды иеленетінін көрсетеді. Рейтингтегі жоғары орындар технологиялары күнделікті өмірге интеграцияланған және қалалық орта сапасы мен халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал ететін, ал жүргізіліп жатқан саясат тұрғындардың қажеттіліктеріне бағытталған қалаларға тиесілі.

Астананың 104-ші орны бір мезгілде сақталып отырған жүйелік шектеулерді көрсете отырып, позицияларды жоғарылату әлеуетінің бар екендігін растайды. Әрі қарайғы дамудың негізгі бағыттары – көлік жағдайын жақсарту, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру, экологиялық жағдайды жақсарту, цифрлық сервистерді дамыту және қалалық басқарудың тиімділігін арттыру. Аталған шараларды рет-ретімен іске асыру қалалық ортаның сапасын арттыруға және рейтингтің кейінгі шығарылымдарында қаланың позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.


Базарбаева Жанерке

Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығының жетекші сарапшы




Қарау саны: 64
Сақталған: 09.04.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!