Астанада Орталық Азияда су секторын тұрақты қаржыландыру мәселелері бойынша панельдік сессия өтті

24.04.2026

2026 жылғы 23 сәуірде Астанада Өңірлік экологиялық саммит аясында «Орталық Азияда су секторын тұрақты қаржыландыру: өңірлік ынтымақтастықтың сын-қатерлері, мүмкіндіктері мен жолдары» тақырыбында панельдік сессия өтті. Сессияны Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ және Халықаралық су ресурстарын басқару институты (IWMI) ұйымдастырды. Сессия климаттың өзгеруі, су ресурстарына жүктеменің өсуі және өңірлік өзара іс-қимылды нығайту қажеттілігі жағдайында су секторын қаржыландырудың негізгі тәсілдерін талқылауға арналған халықаралық алаңға айналды.

Пікірталастың негізгі тақырыбы - бюджеттік жоспарлау, тарифтік саясат, субсидиялау, халықаралық және жеке капиталды тарту, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және климаттық орнықтылығын арттыру үшін тұрақты қаржы тетіктерін іздеу мәселелері. Ұлттық реформаларды су ресурстарын ұзақ мерзімді басқару міндеттерімен үйлестіру, сондай-ақ су, қаржы және экологиялық институттар арасындағы үйлестіруді күшейту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев сәлемдесу сөзімен сессияны бастап, өңірдегі тұрақты экономикалық даму, мемлекетаралық ынтымақтастық және мемлекеттік пен инвестициялық шешімдердің тиімділігін арттыру үшін су күн тәртібінің маңыздылығын атап өтіп, талқылаудың стратегиялық шеңберін белгіледі.

Бірінші сессияның модераторы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дастан Әкебаев болды. Саяси диалог барысында инфрақұрылымның жаңғыртылуын, су үнемдеу технологияларының енгізілуін, тарифтік және бюджеттік тетіктердің жетілдірілуін, сондай-ақ трансшекаралық объектілер мен су шаруашылығы жүйелерін бірлесіп қаржыландыру модельдерінің дамуын қоса алғанда, Орталық Азия елдерінің су секторын қаржыландырудың ұлттық басымдықтары мен тәсілдері қаралды.

Талқылауға Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдары мен халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Олардың баяндамаларында өңірдің экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тепе-теңдікті үйлестіретін сапалы инвестициялық шешімдерге өсіп келе жатқан сұранысы, сондай-ақ тұрақты, климаттық және табиғатқа оң әсерлі қаржыландыруды тартуға қабілетті жобалық портфельді қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев жүргізіліп жатқан шаралар Орталық Азия елдерінің су саясатын іске асыруда елеулі нәтижелер беретінін айтты. Ол сондай-ақ су ресурстарын тұрақты пайдалану үшін фискалдық құралдардың маңыздылығын және өңір елдерінің Ауғанстанмен су күн тәртібіндегі ынтымақтастығын кеңейту қажеттігіне де тоқталды.

Қырғыз Республикасы Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Алмаз Жинээлиевич су секторындағы тарифтерді елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайларын ескере отырып қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Қырғызстанның Орталық Азия су ресурстарының жоғарғы жағында орналасқан ел ретінде өңірлік жауапкершілігін атап, су көзінің төменгі жағында жатқан елдердің суды басқару мәселелеріне ерекше мән беретінін айтты.

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов автоматтандыруды, цифрландыруды және халықаралық қаржы құралдарын тартуды қоса алғанда, елдің су секторын дамытудағы белсенді саясатын атап өтті.

Түрікменстан Мемлекеттік су шаруашылығы комитетінің Су пайдалану департаментінің директоры Янов Пащиев елдің ауыл шаруашылығында жасанды суарудың кеңінен қолданылуын ескере отырып, су секторында автоматтандырудың маңыздылығын растады.

БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа БҰҰ Даму бағдарламасының инфрақұрылымды дамытуға және қаржыландыруды тартуға бағытталған институционалдық реформаларды ілгерілетудегі негізгі қатысушылардың бірі ретінде рөлін атап өтті.

Азия даму банкінің Тұрақты даму және климаттың өзгеруі департаментінің бас директоры Евгений Жуков субсидиялау жүйесін климаттық ерекшеліктерді ескеріп және халықтың осал топтарына назар аудара отырып, неғұрлым атаулы шешімдерге әмбебап тәсілдерден трансформациялау қажеттігін атап өтті.

Модераторы Орталық Азия бойынша Халықаралық су ресурстарын басқару институтының (IWMI) өңірлік өкілі доктор Барбара Януш-Павлетта болған екінші сессия тұрақты және табиғатқа оң әсерлі қаржыландырудың мүмкіндіктері мен сын-қатерлерін қолданбалы талқылауға арналды. Қатысушылар Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы секторын қаржыландырудың ағымдағы жай-күйін, қолданыстағы шығыстардың құрылымын, шығындарды өтеу тетіктерін, сондай-ақ климаттық және табиғатты қорғау қорларынан бастап жасыл және тұрақты облигацияларға дейінгі жаңа құралдарды пайдалану әлеуетін, нәтижеге бағдарланған және аралас қаржыландыруды қарастырды.

Сессияның екінші бөлігінде Халықаралық су ресурстарын басқару институты (IWMI) мен Өтпелі экономикасы бар елдердегі аграрлық даму институтының (IAMO) бірлескен зерттеуінің негізгі тұжырымдары жасалды. Доктор Искандар Абдуллаев және аға ғылыми қызметкер Нодир Джанибеков Орталық Азияның су секторында жүйелі проблемалардың бар екендігін растады және қаржыландыруды жетілдіру бойынша негізгі ұсынымдар жасады:

  • тарифтік саясаттың теңгерімді және тиімді шаралары
  • ирригацияның, су ресурстарын тасымалдау және мониторингтеудің тұрақты құралдары
  • құзыреттілікті, хабардарлық деңгейін арттыру және барлық мүдделі тараптардың заманауи технологияларды енгізуі.

Орталық Азия трансшекаралық қаржыландыру мен су ресурстарын басқарудың үздік тәжірибелерін зерттеуге арналған озық алаң бола алады.

Бұдан әрі талқылау аясында Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірінің су ресурстарын басқару жөніндегі жетекші маманы Азад Абдулхамид, «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің басқарма төрағасы Аркен Арыстанов, Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының Ғылыми-ақпараттық орталығының директоры Динара Зиганшина, сондай-ақ «Геосаясат және стратегия» ғылыми-зерттеу институтының директоры Қанатбек Азиз сөз сөйледі. Су шаруашылығы секторындағы қаржы тетіктерін жетілдіру, тұрақты және табиғатқа оң әсерлі қаржыландыру құралдарын кеңейту, табиғи капиталды және экожүйелік тәсілдерді бюджеттік процестер мен инвестициялық жоспарлауға практикалық интеграциялау, сондай-ақ халықаралық қаржы әріптестерінің талаптарына жауап беретін жобаларды дайындау мәселелері басты назарда болды.

Осылайша, панельдік сессия мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың және экология, су ресурстары, тұрақты даму және климаттық күн тәртібі салаларындағы бейіндік құрылымдар өкілдерінің басын қосты. Қатысушылардың мұндай құрамы мемлекеттік саясаттың, өңірлік ынтымақтастықтың, ғылымның және тұрақты дамудың халықаралық күн тәртібінің тоғысында су секторын қаржыландыру мәселелерін қарауға мүмкіндік бере отырып, пікірталастың мемлекетаралық және тәжірибеге бағдарланған сипатын қамтамасыз етті.

Сессия қорытындысы бойынша Орталық Азияда су секторының тұрақты дамуы қаржыландыру көлемін ұлғайтуды ғана емес, сонымен қатар қаржы архитектурасы сапасының артуын, су саясатының бюджеттік жоспарлаумен тығыз байланыстырылуын, сондай-ақ бірлескен инфрақұрылымдық және экожүйелік жобаларды дайындау және іске асыру бөлігінде өңірлік ынтымақтастықтың кеңеюін талап ететіні атап өтілді. Талқылау су дипломатиясы мен тұрақты қаржыландыру елдердің ұзақ мерзімді климаттық сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруге деген сенімі, үйлестіруі және дайындығы ерекше рөл атқаратын жаңа өңірлік күн тәртібінің өзара байланысты элементтеріне айналатынын растады.




Қарау саны: 18
Сақталған: 24.04.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!