Құбылмалы кезеңдегі экономика: Астанада сарапшылар жаңа макроэкономикалық модельдерді талқылады

30.04.2026

Астанада Экономикалық зерттеулер институтының 65 жылдығына арналған іс-шаралар аясында сарапшылар бас қосып, «Макроэкономикалық модельдерді жаһандағы белгісіздік жағдайына бейімдеу» тақырыбын талқылады.

Іс-шара мемлекеттік орган, ғылыми орта мен талдау қауымдастықтары өкілдерінің басын қосып, пікір алмасуына мүмкіндік берді. Пікірталас барысында макроэкономикалық байланыстардың өзгеруі, Қазақстан экономикасындағы құрылымдық трансформациялар және жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы орнықты өсім модельдері қарастырылды.

Әлемде алаң-елең кезең басталғалы сапалы макроэкономикалық бағалау мен болжам жасаудың маңызы арта түсті. Елімізде макроэкономикалық саясатты дұрыс жүргізу үшін құрылымдық өзгерістерді, әлемдегі ахуалды ескеретін, экономикалық көрсеткіштер арасындағы байланыстарды дәл көрсететін заманауи талдау және болжау модельдерін жетілдіру қажет.

Институтта экономикалық процестердің жан-жақты бағалануын және дамудың негізделген сценарийлерінің қалыптасуын қамтамасыз ететін талдамалық және болжамды модельдер жүйесін кешенді әзірлеумен және үнемі жаңартып отырумен Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығы айналысады.

Орталықтың негізгі құралдары- экономикадағы өзара байланыстарды талдауға және сектораралық өзгерістердің әсерін бағалауға мүмкіндік беретін салааралық теңгерім (САТ) моделі. Қазақстан Республикасының өңірлік моделі елдің даму ерекшеліктерін айқындай отырып, өңірлер деңгейіндегі экономикалық процестердің егжей-тегжейлі түсінілуін қамтамасыз етеді.

Стратегиялық талдау жүргізу үшін Орталық әлеуметтік-экономикалық дамудың макроэкономикалық моделін, сондай-ақ халық саласындағы үрдістер мен сын-қатерлерді көрсететін Қазақстанның ұзақ мерзімді демографиялық моделін қоса алғанда, ұзақ мерзімді болжау модельдерін дамытады.

Сонымен қатар, Орталық негізгі макрокөрсеткіштердің даму қарқыны бағалауға арналған болжаудың орта мерзімді тоқсандық макроэкономикалық моделін белсенді түрде жетілдіреді. Орталық баға үрдістерін жедел бақылауға және экономикалық саясатты қабылдау процесін қолдауға мүмкіндік беретін ай сайынғы қысқа мерзімді инфляция болжамын да қалыптастырады.

Жиынтықта бұл модельдер Қазақстан Республикасында макроэкономикалық талдау мен болжау сапасын арттыруға бағытталған талдамалық құралдар жүйесін қалыптастырады.

Экономикалық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сара Алпысбаева 2013-2025 жылдар аралығында Қазақстан экономикасындағы құрылымдық өзгерістерге жүргізілген зерттеу нәтижелерін ұсынды. Оның айтуынша, осы кезеңде ішкі сұраныс , яғни өмір сүруге қажет тауарлар, киім-кешек, тамақ, қызметтер, тұрғынүй және т.б.сұраныс артып, оның ЖІӨ-дегі үлесі 49%-дан 54%-ға дейін өскен. Салдарынан инфляциялық қысым күшейіп (2025 жылы инфляция 12,3% болды), тұтынушылық несие алғандар саны 26,8%-ға ұлғайды.

Сонымен қатар, мемлекеттік инвестициялар үлесі 16,8%-дан 22,6%-ға дейін көбейді. Ал ЖІӨ-дегі таза экспорт үлесі 11,8%-дан 5,4%-ға дейін төмендеп, экономиканың импортқа тәуелділігі күшейді. Осылайша жағдай ушыға түсті.

«ЖІӨ өскенімен жалдамалы қызметкерлердің еңбекақысы шамамен 30,6% деңгейінде өзгеріссіз қалса, бизнес табатын пайда 62,3%-ға дейін артқан», - дейді Сара Нұрбекқызы.

Ақбөбек Ахмедьярова мен Бауыржан Темірбаев дайындаған жеке зерттеу Қазақстандағы «жасыл» энергетикаға көшу парадоксына арналды. Авторлар экономиканың мұнайға аса тәуелді екенін атап өтті: экспорттағы кірістің 66%-ы мұнайға тиесілі, ал энергияның 98%-ы қазба отыннан алынып отыр.

Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында 2030 жылға қарай «жасыл» энергия үлесін 15%-ға жеткізу көзделген. Оны жүзеге асыру үшін 2060 жылға дейін 610-1150 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция қажет. Зерттеу нәтижелері ЖІӨ-нің ұзақ мерзімді құбылмалылығының шамамен 87%-ы мұнай бағасының өзгерістеріне байланысты екенін көрсетті. Ал ЖЭК-ті қаржыландыру мұнай кірістеріне тәуелді, осылайша «фискалдық-ресурстық тұзақ» қалыптасады.

«Жасыл сектор технологиялық тұрғыдан тұрақты болғанымен, оның дамуы бәрібір мұнай цикліне тәуелді болып отыр. Себебі оған да бюджет қажет», деп түсіндірді Ақбөбек Ахмедьярова.

Пікірталас барысында ақша-несие және фискалдық саясатты үйлестіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Сарапшылардың бағалауынша, осы саясаттардың үйлесімділігі макроэкономикалық құбылмалылықты шамамен 10%-ға төмендетіп, экономиканың өсуіне мүмкіндік береді.

Іс-шара соңында қатысушылар Қазақстан экономикасын одан әрі дамыту үшін жаңа макроэкономикалық модельдерге көшу қажет деген ортақ пікірге келді. Бұл модельдер еңбек өнімділігін арттыруға, шикізатқа тәуелділікті азайтуға және жаһандық белгісіздік жағдайында институционалдық тұрақтылықты күшейтуге бағытталуға тиіс.



Қарау саны: 34
Сақталған: 30.04.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!