Түбегейлі өзгерістер жағдайындағы экономика: Бақыт Сұлтанов дағдарыс, реформалар және сарапшылар қауымдастығының рөлі туралы

13.05.2026

Экономикалық зерттеулер институтының 65 жылдығында біз Қазақстанның қазіргі тарихының ең күрделі кезеңдерінің бірінде елдің экономикалық блогын басқарған адамнан сұхбат аламыз. 2007-2010 жылдары әлемдік қаржы дағдарысы кезінде Бақыт Сұлтанов экономиканы қолдау үшін дағдарысқа қарсы негізгі шешімдер қабылдай отырып, Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін басқарды. Осы кезеңде Экономикалық зерттеулер институты стратегиялық шешімдерді әзірлеуге және дағдарысқа қарсы күн тәртібін қалыптастыруға қатыса отырып, министрліктің маңызды талдамалық тірегі болды. Бақыт Тұрлыханұлымен осы сұхбатта сол кездегі сын-қатерлер, алғашқы қолдау шаралары, Астана экономикалық форумының басталуы және мемлекеттік шешімдер қабылдаудағы сараптамалық қоғамдастықтың рөлі туралы сөйлесеміз.

Сіз 2008 жылғы дағдарыс орын алған қиын кезеңде ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін басқардыңыз. Қазақстан экономикасы қандай қиындықтарға тап болды? Сіздің басшылығыңызда АЭФ жобасы іске асырыла бастады. Сіз Форумның алдына қандай міндет қойдыңыз?

2000-шы жылдардың ортасына қарай Қазақстан халықаралық сауда-экономикалық жүйеге белсенді қатысып, біз негізгі процестерге кірістік. Бұл біздің экономикамыз үшін өте жақсы өзгеріс болды, өйткені шетелдік инвестициялар келіп, отандық экономиканы несиелеу үшін шетелден арзан ақша алу мүмкіндігі туындады. Бірақ бұл үлкен тәуекелдерге де алып келді.

Түсіндіретін болсам, 2000 жылдардың басы Қазақстан үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» болды десек болады: біздің негізгі экспорттық тауарларымыздың, ең алдымен мұнай-газ тауарларының бағасы өсті. Банк жүйесі де белсенді түрде нығайтылды. Осы уақытқа дейін елде зейнетақы реформасы өтіп, бағалы қағаздар нарығының өркендеуі басталды, банктер белсенді несиелеу, ең алдымен құрылыс және бөлшек сауда арқылы ақшаны «өндіруді» үйренді. Сонымен қатар, олардың арзан ресурстары болды: банктер шетелден арзан ақша алып, оларды біздің экономикамызға құйып, маржа арқылы ақша тапты. Сол кезеңдегі экономиканың өсу қарқыны өте жоғары болды - жылына 9-10 процент. Бұл ретте, құрылыстың өсу қарқыны жыл сайын шамамен 40 процентке, бөлшек сауда шамамен 10 процентке жетті.

Жоғары сұранысқа ие банктер несие массасын тез арттырды, ал бизнестің де, халықтың да несиелік қаржысына қолжетімділік оларға деген сұранысты ынталандырған тұйық циклды әрекет пайда болды. Нәтижесінде біз халықаралық капитал нарығы күрт тоқтап, банктеріміздің қорландыруға қолжетімділігі аяқ асты шектелу жағдайына ие болдық.

Француз Paribas банкі өтімділіктің жоғалуына байланысты өзінің үш қорының жұмысын тоқтатқаннан кейінгі күні 2007 жылғы 10 тамызда мен экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болып тағайындалдым. Бұл күн - жаһандық дағдарыстың басталған күні. Тағы бір айдан кейін инвестициялық алпауыт Lehman Brothers банкротқа ұшырады.

Шетелдік институттар Қазақстанға қарыз беруді тоқтатып қана қоймай, бұрынғы қарыздарын қайтаруды талап ететін жағдайда біздің банктер де түсті. Қайта несиелеу ешжерде жүргізілмеді, қазақстандық банктер банкроттықтың алдында тұрды: елдегі ең ірі банктердің қарызы шамамен $40 млрд, банк секторының барлық сыртқы қарызының 90 процентіне жетті. Салыстыратын болсақ Қазақстанның ЖІӨ-сі 2007 жылға қарай шамамен $105 млрд-қа жетті.

Банктер тарапынан қаржыландыру тоқтаған кезде, тұрғын үй бағасы құлдырап, көптеген құрылыс жобалары тоқтатылып, құрылыс салушылар банкроттыққа ұшырады. Бұл мыңдаған алданған үлескерлер мен несиелеріне қызмет көрсете алмайтын ипотекалық қарыз алушылардың пайда болуына әкелді.

Шын мәнінде, Қазақстан - әлемдегі жаһандық дағдарысты сезінген алғашқы елдердің бірі. 2007 жылдың күзінде біз экономика салаларын қолдау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеп іске асыра бастадық.

Премьер-Министрдің кабинетінде алдағы шараларды талқылағанымыз есімде. Жағдай қиын болды: банктер Батысқа орасан зор соманы қайтарып беруі керек, ал оның орнына жаңа ақша қарызға алатын жер жоқ. Егер біз ештеңе жасамасақ, қаржы секторы ғана құлдырамай - бүкіл экономика құлдырайтын еді. Содан кейін біз қазір айқын болып көрінетін, алайда сол кезде батыл шешім қабылдадық: жылжымайтын мүлік нарығындағы мәселелерді шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, ауыл шаруашылығын дамытуға 550 млрд теңге (шамамен $4,6 млрд) жұмсадық. Бұл қабылданған шешімдер қатарында бірінші мәселе еді.

Кейінгі жылдары біз мұнай, металлл сияқты экспорттық тауарлар бағасының төмендеуіне тап болдық. 2008 жылы бастау жоспарлаған бірқатар инвестициялық жобалардың қаржыландырылуын қысқартуға тура келді. Олардан бас тартпау, тек кейінге қалдыру шешімі қабылданды. Өйткені біз үшін экономиканы дәл осы сәтте қамтамасыз ету маңыздырақ болды. Дағдарыс басталған кезде, мемлекет өсуді қолдау немесе құлдырауды бәсеңдету үшін шығындарын көбейтуі керек.

Біз 2008 жылдың соңында қабылдаған дағдарысқа қарсы бағдарлама барлық қалыптасқан сын-қатерлерді ескере отырып, экономиканы қолдау жөніндегі жұмыстың жалғасы болды.

2008 жылдың басында Германияның экономика министрі Михаэль Глоспен сөйлескенімде, біз дағдарысқа қарсы бағдарлама дайындай бастағанымызды айттым. Сол кезде әлемде дағдарыстың жаһандануы туралы әңгіме болмады, сондықтан біздің оқиғалардың дамуын бағалауымыз күмәнмен қабылданды. Алайда, кейін мәлім болғандай, біздің алаңдаушылығымыз дұрыс болды.

Жалпы, сол кезеңде мен халықаралық қаржы институттарының өкілдерімен, экономика саласындағы белді тұлғалармен, Нобель сыйлығының лауреаттарымен көп сөйлестім. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қаржылық және экономикалық ойшылдарды біріктірген Ғалымдар клубын құру және алғашқы Астана экономикалық форумын өткізу соның салдары еді.

АЭФ осы жылдар ішінде түрлі елдердің экономика әлемінің теоретиктері мен практиктерін ғылымдарын тарту орнына айналды. Астанаға экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары Р.Манделл, Н.Рубини, Р.Ауманн, Ф.Е.Киндланд, К.А.Писсаридес, Э.Маскин, Т.Картман, Дж.Нэш және тағы басқалар келді. Форумға мемлекет басшылары, орталық банктер және халықаралық қаржы институттары қатысты. Мұнда экономикалық даму болжамдары туралы қызықты пікірталастар өрбіді. Астанада алғаш рет жаһандық валюта мен халықаралық валюта одағын құру идеясы туралы айтылды.

2008-2009 жылдардағы алғашқы форумдар кезінде туындаған дағдарыстың ұзақ мерзімділігі мен оның салдары төңірегінде дау болғаны әлі есімде. Қатысушылардың негізгі бөлігі дағдарыс қысқа мерзімді және экономикадағы «түбегейлі өзгерістерге» себеп болмайды деген пікірге келді. Бірақ «еуроның» әкесі атанған Роберт Манделл бұл дағдарыс ешқашан аяқталмайтынын және оның салдарын біз ұзақ уақыт бойы сезінетінімізді айтты. Шамасы, бұл рас болды.

Сол кезде Институт ел үшін дағдарысқа қарсы шешімдерді әзірлеуде қандай рөл атқарды? Сол кездегі шаралардың қайсысы тиімді деп ойлайсыз? Сіз ҚР ЭБЖМ басшысы болған жылдары еліміз IMD рейтингіне қатыса бастады. Сіз Институт алдына қандай міндет қойдыңыз?

Институттың рөлі өте маңызды, бірақ талдау орталықтарында жиі кездесетіндей, ол көпшілікке «көрінбейді». ЭЗИ әрқашан негізгі «ой-талқы орталығы» және Экономика министрлігі үшін талдамалық провайдер ретінде қызмет етті.

2008-2012 жылдардағы өткір дағдарыс кезеңінде ЭЗИ ғылыми ұйым ретінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік саясатты әзірлеу процесіне терең интеграцияланды.

Оның негізгі қызметі сапалы талдама мен министрлік шешім қабылдаған нақты ұсыныстарды дайындау болды. Институт тікелей экономика министрлігіне жіберілген материалдарды дайындады, «ой-талқылар» және зерттеулер жүргізді. Бұл ЭЗИ идеяларды түбегейлі пысықтауға жауапты болған бірлескен жұмыс еді.

Жоғарыда аталған Ғалымдар клубы Институт базасында құрылып, одан талдау үшін үлкен ресурс алатын.

Сол кезеңде Институт Қазақстанды беделді IMD (International Institute for Management Development) жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингіне енгізу бойынша жұмыс жасады. Бұл үкіметке экономиканың әлсіз тұстарын тәуелсіз халықаралық сарапшылардың көзімен көруге және дағдарысқа қарсы қадамдарын тексеруге мүмкіндік берді.

Ең тиімді шаралар туралы айтатын болсақ, менің ойымша, ең күшті шешім «Жол картасы» бағдарламасын іске қосу болды. Ол бірден үш мәселені шешуге мүмкіндік берді: мемлекеттік тапсырыстар арқылы экономиканы қолдады, жүздеген мың жұмыс орындарын құра отырып, әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымын жаңартты.

Сол кездегі әріптестердің, сарапшылардың және мемлекет қайраткерлерінің қайсысы, Сіздің ойыңызша, Институттың дамуында шешуші рөл атқарды? Институт ұжымына оның 65 жылдығына не тілейсіз?

Барлық жылдары Институттың басшылары өте мықты тұлғалар болды. Мен Серік Нөгербеков, Жәмила Бопиева, Әсет Ерғалиев, Тимур Жақсылықов, Мақсат Мұханов, Руслан Сұлтанов және басқа да жоғары білікті мамандармен бірге жұмыс істеу бақытына ие болдым. Барлығы Қазақстанның экономикалық дамуының сценарийлік жоспарларын әзірлейтін керемет сарапшылар мен талдаушылар ұжымын жинай алды. Олардың көпшілігі мемлекеттік органдардағы мансабын ең жоғары деңгейде жалғастырды.

Бүгін, Экономикалық зерттеулер институтының 65 жылдығына орай, Институт пен оның ұжымына жаңа белестерді бағындыруға және Қазақстан экономикасының пайдасына маңызды мемлекеттік шешімдер үшін негіз бола алатын жаңа идеяларды қалыптастыруды жалғастыруға тілектеспін!

Институтқа сәттілік және оның қызметкерлеріне бар жақсылықты тілеймін!



Қарау саны: 43
Сақталған: 13.05.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!