Қазақстанның салық саясатына шолуы
28.09.2020
24 қыркүйекте ЭЫДҰ Қазақстан Үкіметі мен ЭЫДҰ арасындағы Келісім шеңберінде жүргізілген Қазақстанның салық саясатына шолудың түпкілікті есебін (бұдан әрі – Шолу) таныстырды. Кеңес бейнеконференция байланысы форматында өтті, оған 25 қатысушы қосылды: Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономиканың, Ұлттық Банктің, Мемлекеттік кірістер комитетінің, Статистика комитетінің, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері, сондай-ақ Салықтар мен инвестициялар жөніндегі халықаралық орталықтың, Азия даму банкінің, Дүниежүзілік Банктің, Ernst and Young және ЭЫДҰ сарапшылары. Шолу Covid-19 пандемиясының басталуына және экономикалық дағдарысқа дейін дайындалғанын атап кеткен жөн. Талдау 2020 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша салық жүйесіне негізделген. ЭЫДҰ Салық саясаты және әкімшілендіру орталығының сарапшылары Шон Кеннеди мен Берт Брис Қазақстанның салық жүйесін терең және салыстырмалы бағалауды көрсетті және салықтың әрбір түрі бойынша негізгі қорытындыларды егжей-тегжейлі таныстырды: ЖТС, КТС, ҚҚС, ШОК үшін арнайы салық режимдері және әлеуметтік аударымдар. Жалпы, сарапшылар Covid – 19 дағдарысына дейін Үкімет оң нәтиже көрсеткен жақсы салық реформаларын жүргізгенін атап өтті. Алайда, Қазақстанда салық түсімдері төмен, халықаралық стандарттар бойынша әртараптандырылмаған және құбылмалы болып қалуда. Соңғы онжылдықта салықтық түсімдердің өсуіне қарамастан, Қазақстанның ЖІӨ-дегі салықтардың үлесі төмендеді және ЭЫДҰ-ға мүше елдермен салыстырғанда төмен болып қалуда. Мұнай секторы жинақтайтын салықтық және салықтық емес кірістер айтарлықтай, соның есебінен мемлекет шығыстарының едәуір бөлігі қаржыландырылады. Таныстырылым Үкіметтің кірістер мен шығыстар бойынша мақсаттарына қол жеткізу үшін, сондай-ақ мұнай емес тапшылықты азайту үшін салық түсімдерін ұлғайту қажеттілігін атап көрсетеді. Мұнай емес тапшылықтың жалпы идеясы мұнай кірістерін бюджеттен бөлу болып табылады. ЭЫДҰ сарапшыларының бағалауы бойынша Қазақстанда қазіргі заманғы, әділ және тұрақты салық жүйесін құру үшін әлеуетті түрде үлкен табыс әкелуі мүмкін және табиғи ресурстармен аз дәрежеде байланысты кейбір салықтарды, мысалы, ҚҚС ұлғайту, тиімсіз салық жеңілдіктерін оларды терең талдау арқылы алып тастау, салық базасын кеңейту және салық салу құрылымын жетілдіру қажет. Сондай-ақ, Қазақстанға ЖТС прогрессивті жүйесіне көшу ұсынылды, бірақ тек белгілі бір тәуекелдер мен шектеулер жойылғаннан кейін ғана. Дүниежүзілік банк, Азия Даму Банкі, Ernst and Young, Салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталықтың сарапшылары Шолуға жоғары баға берді. Алайда, АДБ сарапшысы Геннадий Рау Шолуда салықтық әкімшілендіру мәселелеріне жеткіліксіз назар аударғанын атап өтті, ал Ernst and Young компаниясының өкілі Владимир Фесенко Шолуда қаралмаған салық төлеушілердің резиденттігіне қатысты түсініктемелер берді. Шолудың толық мәтінімен ЭЫДҰ-ның http://www.oecd.org/tax/tax-policy және «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның сайттарынан танысуға болады.
Қарау саны: 6494 |
|
|