Отбасы күні: ауылға қарағанда қалада некелесу деңгейі жоғары

15.05.2026

Бүгін Қазақстанда Отбасы күні аталып өтеді. Бұл мереке отбасы – қоғамның негізгі тірегі, құндылығы әрі елдің тұрақты демографиялық және әлеуметтік дамуының берік іргетасы екенін айшықтайды.

Қазақ қоғамы үшін отбасы институты қашанда құнды, маңызды. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы елімізде 116 мың неке тіркелген.

Сонымен қатар, әлемнің көптеген елдеріндегідей Қазақстанда да отбасын кешірек құру үрдісі байқалады. Қазір жастар некеге тұрмас бұрын білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасып, қаржылай тәуелсіз болуға көбірек мән береді. 2025 жылы алғаш неке қиғандардың орташа жасы ерлер арасында 27,9 болса, әйелдер арасында 25,3 жас болып отыр. Салыстыра кетсек, 2014 жылы бұл көрсеткіш 27,1 және 24,6 жас болған.

2025 жылы Қазақстандағы жалпы некелесу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 5,69-ды құрады. Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында – 6,75, Қарағанды облысында – 6,32, Шығыс Қазақстан облысында – 6,27 және Алматы облысында – 6,18 деңгейінде тіркелді.

Ал ең төмен көрсеткіш Қызылорда (5,06), Батыс Қазақстан (5,10) және Атырау облыстарында (5,17) тіркелді. Көріп отырғандарыңыздай, өңірлер арасында айтарлықтай айырмашылық байқалмайды, бұл еліміздің барлық өңірінде отбасы құндылығы жоғары екенін көрсетеді.

Тағы бір ерекшелік – қалада некелесу деңгейі жоғары. 2025 жылы қала тұрғындары арасындағы некелесу коэффициенті 6,09 болса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 4,98 болды.

Қазақ қоғамында отбасының рөлі жоғары екенін 2025 жылы Экономикалық зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік зерттеу де растады. Сауалнамаға қатысқандардың 97,4%-ы туыстары және достарымен араласып тұратынын айтса, 89,5%-ы қиын жағдайға тап болғанда арқа сүйейтін жақын адамы бар екенін атап өткен.

Мұндай нәтиже елімізде отбасы, туыстар арасындағы қарым-қатынас қоғамның бірлігін нығайтуда, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды екенін дәлелдеп тұр.


Айгерім Аманжолова 

Экономикалық зерттеулер институты Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығы директорының орынбасары




Қарау саны: 44
Сақталған: 15.05.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!