Шағын және орта кәсіпкерліктің цифрлық трансформациясы

29.05.2026

Кейінгі жылдары Қазақстанда цифрландыру бизнестің күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналды. Мемлекеттік қызмет көрсету онлайн режимге өтіп, сауда-саттық маркетплейстерде жүргізіледі. Осыған байланысты кәсіпкерлер үшін басты цифрлық құралдардың бірі – eGov Business мобильді қосымшасы. ХҚКО-ға бармай, ЖК немесе ЖШС-ні тіркеуге, лицензия алуға, өтініштердің мәртебесін бақылауға мүмкіндік беретін порталда 32 мемлекеттік қызмет жинақталған. Кәсіпкердің жеке кабинетінде компания, лицензиялар, салықтар және филиалдар туралы мәліметтер көрсетіледі [1].

Сонымен қатар, сату арналары да өзгереді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ішкі нарықтағы электрондық коммерция көлемі (бөлшек сауда) 2020 жылы 476,7 млрд теңгені құрап, ал 2024 жылға қарай 3 156,4 млрд теңгеге жетіп, алты есе өсті (1-кесте). Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электрондық сауданың үлесі сол кезеңде 4,1%-тен 14,1%-ке дейін өсті. Бөлшек сегментпен бір мезгілде қызмет көрсету саласында электрондық коммерция дамыды, оның көлемі 2020 жылы 209,2 млрд теңгеден 2024 жылы 2 443,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте барлық онлайн-сатылымдардың 84,5%-і маркетплейстерге тиесілі, ал кәсіпорындардың жеке интернет-дүкендерінің үлесі тек 15,5%-ке ие [2].

Сондай ақ негізгі трансформациялардың бірі - бір қосымшада сауда жасау, тауарларды сатып алу және оларды тез жеткізу құралдарын біріктірген Kaspi.kz экожүйесінің маркетплейсі. 2024 жылдың аяғында платформада 737 мыңға жуық белсенді сатушы болды [12], бұл елдің жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің үштен бірінен астамына тең [13]. 2025 жылдың соңына қарай белсенді сатып алушылар саны 7,4 млн адамға жетіп [14], ШОК үшін қол жетімді сату нарығының ауқымын көрсетеді. Кәсіпкер үшін сатып алушымен платформа арқылы жұмыс жасаған оңай, бірақ кәсіпкер комиссиялық саясат пен маркетплейс ережелеріне тәуелді болады.

1-кесте - Қазақстан Республикасында электрондық коммерция серпіні, 2020-2024 жж.

Бизнес үшін цифрлық инфрақұрылымды негізінен IT-сектор жасайды. Осыған байланысты Astana Hub халықаралық технопаркі 2024 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ете отырып, IT-бизнес үшін экожүйенің дамуына белсенді ықпал етеді. Технопарк резиденттері 177 млн АҚШ долларынан астам инвестиция тартты, IT-қызметтер экспортын 481,5 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтты және 1,3 млрд АҚШ доллары жиынтық табысқа қол жеткізді. Хаб жұмысы шеңберінде 28 000 астам жұмыс орны құрылды [3]. IT-компаниялар санының өсуі шағын бизнеске бұлтты бухгалтерияға, CRM жүйелеріне, талдамалық құралдарға және чат-боттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл қызметтердің кейбіреулері құжаттарды автоматты түрде өңдеу, деректерді талдау және сұранысты болжау үшін ЖИ қолданады.

Сондай-ақ, ЭЫДҰ-ның «The Digital Transformation of SMEs» (2021) зерттеуіне сәйкес, көптеген елдерде ШОК цифрлық технологияларды енгізу деңгейі бойынша ірі компаниялардан айтарлықтай артта қалып отыр және бұл алшақтық технологиялардың күрделенуіне қарай өседі. Сайт пен корпоративтік поштаны қолдану қалыпты жағдайға айналды, бірақ деректерді талдау, бұлтты есептеулер және ЖИ ірі компаниялардың еншісінде. ЭЫДҰ ШОК-ты цифрландыру жолында екі негізгі кедергіні атайды: кәсіпкерлер мен қызметкерлердің цифрлық дағдыларының жетіспеушілігі және технологияларды енгізу үшін қаржыландыруға қол жетімділіктің шектеулі болуы [4]

Алайда, осы кедергілерді еңсерген ШОК қомақты табысқа ие болады. ЖИ енгізген ШОК-тың 91%-де кірістің өсуі тіркелген [15]. ЖИ құралдарын пайдаланатын кәсіпкерлердің жартысынан көбі бір қызметкерге аптасына 3-10 сағат жұмыс уақытын үнемдейді [16]. Бұл ШОК үшін цифрлық трансформация бәсекеге қабілетті өмір сүру факторына айналғанын көрсетеді.

Қазақстан цифрландыру саласында да бірқатар сын-қатерлерге тап болды. Бірінші кедергі ауылдық жерлерде цифрлық ортаның даму деңгейімен байланысты. 2024-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы [10] 3 000-нан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетке қосуды көздейді, алайда шалғайдағы елді мекендердегі кәсіпкерлер әлі де онлайн-сервистерге тұрақты қол жеткізе алмай отыр. Екінші кедергі шағын бизнес үшін экономикалық сипатқа ие. Платформаларға қосылу, БҚ сатып алу және қызметкерлерді оқыту шығындары бірден өтелмейді, бұл кәсіпкерлердің цифрландыруға инвестициялауға дайындығын тежейді.

Цифрлық трансформация, АКТ саласын және киберқауіпсіздікті дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы [8] АТ-өнімдері мен қызметтерінің экспорт көлемін 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға бағытталған. Сондай-ақ, өндірілген инновациялық өнім көлемі 3,4 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар, бұл ретте аталған көрсеткіш 2024 жылы 1,8 трлн теңге ғана болған [11]. Сондай-ақ, 2024 жылы Үкімет ел экономикасына ЖИ енгізудің басымдықтарын айқындайтын Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті, оның нәтижелері бойынша жасанды интеллектті қолдана отырып IT-қызметтер экспортының көлемі 2029 жылға қарай 1 180 млн АҚШ долларына жетеді деген жоспар бар [9].

Мұндай стратегиялар табысты халықаралық тәжірибеге негізделген. Оңтүстік Кореяда Smart Factory бағдарламасы 2022 жылы ШОК өндірісін автоматтандыруға 1,9 млрд АҚШ доллары көлемінде мемлекеттік қаржыландыру алды. Бағдарламадан мемлекеттік қолдаумен өткен кәсіпорындар өнімділіктің 25%-ке өскенін және ақаулар үлесінің 27%-ке төмендегенін тіркеді [5].

Сингапурда SMEs Go Digital бағдарламасы жұмыс істейді. Әрбір сала үшін цифрландырудың өзіндік жол картасы әзірленді, ал мемлекет цифрлық құралдарды енгізу құнының 50%-не дейін субсидиялайды [6]. 2024 жылға қарай сингапурлық ШОК-тың 95,1%-і кем дегенде бір цифрлық шешімді енгізді, ал Productivity Solutions Grant-ті пайдаланған компаниялар операциялық шығындарды орташа есеппен 52%-ке қысқартты [7].

Табысты халықаралық тәжірибелердің ортақ ерекшелігі-қолдау шараларының атаулылығы. Мемлекет жалпы цифрлық инфрақұрылымды құрумен шектеліп қоймай, оны пайдалануға кәсіпкерлерді тартудың нақты тетіктерін қалыптастырады: енгізуді субсидиялау, салалық жол карталары және консалтингтік сүйемелдеу.

Осылайша, Қазақстандағы ШОК-тың цифрлық трансформациясы бірнеше бағыттар бойынша дамиды: eGov Business арқылы мемлекетпен өзара іс-қимыл, маркетплейстер арқылы сауда жасау, IT-инфрақұрылымды дамыту және басқару процестеріне ЖИ-нің біртіндеп енуі. Оңтүстік Корея мен Сингапурдың халықаралық тәжірибесі қаржылық қолдау кеңес берумен және нақты салалық бағдарлармен үйлесетін бағдарламалар жақсы нәтиже беретінін көрсетеді. Қазақстан үшін келесі қадам – цифрландыруды тежейтін кедергілерді азайту. Бұл бизнеске жаңа құралдарды тезірек енгізуге, операциялық шығындарды азайтуға және тұрақты өсуге мүмкіндік береді.


Мират Амангелдин

Бәсекелес ортаны зерттеу орталығының аға сарапшысы


Пайдаланылған дереккөздер тізімі

  1. eGov Business. Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметі, https://egov.kz/cms/ru/news/eGov_business

  2. Қазақстан Республикасындағы электрондық коммерция туралы (2024 ж.). ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы, https://stat.gov.kz/ru/industries/economy/local-market/publications/346329/

  3. Astana Hub. Халықаралық технопарк қызметінің 2024 жылғы қорытындысы, https://astanahub.com/ru/article/astana-hub-podvodit-itogi-2024-goda-rekordnye-dostizheniia-i-perspektivy-dlia-budushchego

  4. OECD (2021), The Digital Transformation of SMEs, OECD Studies on SMEs and Entrepreneurship, OECD Publishing, Paris, https://doi.org/10.1787/bdb9256a-en

  5. South Korea – Manufacturing Technology – Smart Factory. International Trade Administration, U.S. Department of Commerce, https://www.trade.gov/country-commercial-guides/south-korea-manufacturing-technology-smart-factory

  6. Infocomm Media Development Authority of Singapore (IMDA). SMEs Go Digital Programme, https://www.imda.gov.sg/how-we-can-help/smes-go-digital

  7. Singapore Digital Economy Report 2025. IMDA, https://www.imda.gov.sg/resources/press-releases-factsheets-and-speeches/press-releases/2025/singapore-digital-economy

  8. Цифрлық трансформация, АКТ саласын және киберқауіпсіздікті дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекіту туралы. ҚР Үкіметінің қаулысы, https://adilet.zan.kz/rus/docs/P2300000269

  9. Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы. ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 24 шілдедегі № 592 қаулысы, https://adilet.zan.kz/rus/docs/P2400000592

  10. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын бекіту туралы. ҚР Үкіметінің қаулысы, https://adilet.zan.kz/rus/docs/P2300000981

  11. ҚР СЖжәнеРА Ұлттық статистика бюросы, https://stat.gov.kz/ru/industries/social-statistics/stat-edu-science-inno/dynamic-tables/

  12. Kaspi.kz JSC. Annual Report on Form 20-F for the year ended December 31, 2024. U.S. Securities and Exchange Commission. - URL: https://ir.kaspi.kz/media/Form_20-F_2024.pdf

  13. ҚР Ұлттық статистика бюросы. 2025 жылғы 1 қаңтардағы ШОК субъектілері санының негізгі көрсеткіштері-URL: https://stat.gov.kz/ru/industries/business-statistics/stat-org/publications/288846/

  14. Kaspi.kz JSC. Annual Report on Form 20-F for the fiscal year ended December 31, 2025.- U.S. Securities and Exchange Commission. - URL: https://ir.kaspi.kz/media/Form_20-F_2025.pdf

  15. Salesforce. New Research Reveals SMBs with AI Adoption See Stronger Revenue Growth. December 2024. - URL: https://www.salesforce.com/news/stories/smbs-ai-trends-2025/

  16. НАФИ. 2024. - URL: https://nafi.ru/analytics/kazhdyy-tretiy-predstavitel-msp-ispolzuet-iskusstvennyy-intellekt-v-rabote/





Қарау саны: 34
Сақталған: 29.05.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!