Астана: экономикалық әлеует және негізгі даму бағыттары

29.05.2026

Астана кейінгі онжылдықта Қазақстанның әкімшілік-саяси орталығы ретінде ғана емес, ұлттық маңызы бар экономикалық полюс ретінде де қалыптасты. Елорданың дамуы басқарушылық функциялардың, адами капиталдың, іскерлік белсенділіктің, инфрақұрылымдық инвестициялардың, қаржы және кәсіби қызметтердің шоғырлануына негізделген.

2025 жылы Астананың жалпы өңірлік өнімі 2024 жылдың деңгейіне қатысты 11,6%-ке ұлғайып, 18 928,1 млрд теңгеге жетті. Ел экономикасындағы елорданың үлесі – 11,9%, осы үлестің арақасында Астана Қазақстанда ең ірі қосымша құн жасау орталықтарының қатарына кіреді (ең жоғары үлес Алматыда – 23,4%, Атырау облысының үлесі – 10,4%). Қала экономикасының құрылымында сауда, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, құрылыс, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, сондай-ақ көрсетілетін қызметтер секторы басым. Оң серпін елорда экономикасының құрылымымен және іскерлік белсенділік көрсеткіштерімен расталады. ҰСБ деректері бойынша 2025 жылы Астана ЖӨӨ құрылымында көрсетілетін қызметтер үлесі 76,7%-ке жетіп, сервистік, іскерлік және басқарушылық типтегі экономиканың қалыптасуын байқатады. Елорда экономикасы әкімшілік функциялар мен құрылыс есебінен ғана емес, көрсетілетін қызметтер, кәсіпкерлік, инвестиция және өнеркәсіптік база есебінен де дамиды.

Әлемдік практикада астаналар әкімшілік функциялармен қатар, экономикалық функцияларды да атқарады: олар мемлекеттік басқаруды, іскерлік инфрақұрылымды, қаржы институттары, университеттерді, зерттеу орталықтарын және біліктілігі жоғары мамандарды шоғырландырады. Осы тұрғыдан, Астананың әкімшілік елорда моделінен көп функционалдық іскерлік және инновациялық орталық моделіне ауысу әлеуеті бар.

Шет елдердің елордаларымен салыстырғанда Астана мемлекеттік сектор маңызды рөлге ие Канберра, Бразилиа немесе Оттава сияқты жас әкімшілік-іскерлік орталықтар моделіне жақынырақ. Сондай-ақ Қазақстанның астанасы жоғары өсу қарқынымен, белсенді құрылыспен, инфрақұрылымның кеңеюімен, халықтың көп келуімен және жаңа экономикалық тауашалардың қалыптасуымен ерекшеленеді. Сингапур мен Сеулдің тәжірибесі көрсеткендей елорда басқару орталығы ғана емес, қаржы, технология, инвестиция, инновация мен агломерациялық даму алаңы да бола алады.

Астананың бәсекеге қабілеттілігінің өскенін оның халықаралық қалалар рейтингтердегі позицияларының жақсаруы растайды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтып өткендей, бас қаламыз бірқатар танымал қалалардан озып, Азияда 36-орынға және әлемде 276-орынға ие болды. Бұл ретте, Президент елорданың әлеуеті бұдан да жоғары екенін атап кетіп, Астана әкімдігіне қалалық ортаның сапасын әрі қарай арттыру, көлік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, басқаруды цифрландыру және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша міндеттер белгіледі. Осылай, Астананың экономикалық дамуы тұрақты урбандалумен және заманауи бәсекеге қабілетті қаланың қалыптасуымен тікелей байланысты.

Астана экономикасының негізгі даму бағыттары – іскерлік, қаоржы және кәсіби қызметтерді күшейту, консалтинг, инжиниринг, жобалық басқаруды, заң, аудиторлық, қаржы және цифрлық сервистерді дамыту. «Астана» халықаралық қаржы орталығының, сондай-ақ корпоративтік штаб-пәтерлер экожүйесінің, инвестициялық қорлар, қаржы технологиялары мен экспортқа бағдарланған сервистік компаниялар рөлі артып келеді.

Маңызды бағыттардың бірі – инновациялық және ғылыми-білім беру экономикасын дамыту. Астана smart city, цифрлық мемлекеттік сервистер, энергия тиімді құрылыс, зияткерлік көлік және инфрақұрылымды цифрлық басқару сияқты жаңа қалалық шешімдерді сынақтан өткізу алаңына айналады. Ол үшін университеттерді, зерттеу ұйымдарын, бизнес пен қала шаруашылығын байланыстырған жөн.

Тағы бір негізгі бағыт – көлік-логистикалық функцияны күшейту. Астананың елдің ортасында орналасуы оны Қазақстанның солтүстігі, орталығы, шығысы мен оңтүстігі арасында ішкі тарату торабы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Қосымша әлеует жаңа буын құрылыс материалдарын, азық-түлікті қайта өңдеуді, медициналық бұйымдар мен қала инфрақұрылымына арналған жабдықты қоса алғанда креативті экономиканың, оқиғалық туризмнің және технологиялық қалалық өнеркәсіптің дамуымен байланысты.

Жылдам демографиялық өсу көлікке, мектептерге, емханаларға, инженерлік желілері мен қоғамдық кеңестікке жүктемені күшейтеді. Алайда мегаполистің белсенді дамуымен байланысты осы ағымдағы мәселелер рет-ретімен және тиімді шешіліп жатыр.

Астананың бәсекелес артықшылығы – елорда мәртебесімен бірге жоғары инвестициялық белсенділік, халықтың негізгі бөлігінің жас болуы, нарықтың өсуі, іскерлік инфрақұрылымның дамуы және жаңа қалалық шешімдердің ұлттық зертханасына айналу мүмкіндігі. Қаланың әрі қарай дамуы өнімділікке, технологияларға, адами капиталға және тұрақты қалалық инфрақұрылымға негізделген сапалы даму моделіне көшумен байланысты.


Ғабит Матаев

Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығының жетекші ғылыми қызметкері




Қарау саны: 69
Сақталған: 31.05.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!