Балалар және Тұрақты даму мақсаттары: Қазақстан болашаққа қалай инвестиция салып жатыр?

01.06.2026

1 маусым – Балаларды қорғау күні. Бұл мереке тек балаларға сыйлық беру немесе ойын-сауық ұйымдастыру күні ғана емес. Жылдар бойы балалардың әл-ауқаты Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) өзегіне айналған. Өйткені балаларға жасалған инвестиция – елдің болашағына жасалған инвестиция.

Бүгінде елде 6,8 миллионнан астам бала тұрады, бұл халықтың шамамен үштен бірін құрайды. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы буын Қазақстанның 2040-2050 жылдардағы еңбек нарығы мен экономикалық өсімінің негізін қалыптастырады.

2022 жылғы ақпанда Балалардың әл-ауқат индексі бекітілді. Сол уақыттан бері индекске жыл сайын мониторинг жүргізіліп келеді және оның нәтижелері Қазақстандағы балалардың жағдайы туралы мемлекеттік баяндаманы әзірлеуге негіз болады. Аталған индексті сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен және UNICEF ұйымымен бірлесіп Экономикалық зерттеулер институты әзірлегенін атап өткен жөн. Индекс бала өмірінің барлық негізгі саласын қамтиды және төрт бағыттан тұрады: «Бала», «Отбасы және қоғам», «Мемлекеттік саясат» және «Елдің әл-ауқаты».

Бұл құрал Қазақстандағы балалардың жалпы және жекелеген бағыттар бойынша әл-ауқат деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол өңірлер бөлінісінде түрлі салалардағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін бақылап, балалардың өмір сүру сапасындағы өзгерістерді көрнекі түрде көрсетеді және олардың әл-ауқатына әсер ететін проблемалық тұстарды анықтауға көмектеседі.

Балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етудегі ең маңызды бағыттардың бірі – сапалы білім беру. Кейінгі жылдары елімізде жүздеген жаңа мектеп салынып, білім беру инфрақұрылымы жаңғыртылып келеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға айрықша көңіл бөлінеді.

2025-2026 оқу жылының басындағы мәлімет бойынша, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Оның ішінде 70 мыңы – мектепке дейінгі жастағы, 165 мыңы – мектеп жасындағы балалар. Қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 213,7 мың бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Ал жалпы білім беретін мектептердегі инклюзивті ортада 96 мыңнан астам бала білім алып жатыр.

Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында еліміздегі мыңнан астам орта білім беру ұйымында арнайы кабинеттер ашылған. Биыл қосымша тағы 40 кабинетті іске қосу жоспарланып отыр.

Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі де тұрақты даму мақсаттарының маңызды көрсеткіштерінің бірі. UNICEF пен Ұлттық статистика бюросының зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда балаларға қатысты қатал тәрбие тәсілдерін қолдану деңгейі соңғы он жылда 52,7%-дан 37,9%-ға дейін төмендеген. Бұл балалар құқығын қорғау мәдениетінің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Қазақстан үшін тағы бір маңызды міндет – ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер айырмашылығын азайту. Бұл ТДМ-ның «Теңсіздікті қысқарту» мақсатына тікелей байланысты. Соңғы жылдары интернетпен қамту, жаңа мектептер салу және ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, балаларға инвестиция салған елдер ұзақмерзімді перспективада үлкен экономикалық пайда көреді. Мысалы, Сингапур мен Оңтүстік Корея білім беру мен балаларды дамытуға басымдық беру арқылы әлемдегі ең бәсекеге қабілетті экономикалардың қатарына кірді. UNICEF бағалауынша, Қазақстанда балалар мен жастардың адами капиталына инвестицияны күшейту 2050 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні қосымша 14%-ға дейін арттыруы мүмкін.

Сондықтан Балаларды қорғау күнітек мереке емес. Бұл Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің ең маңызды бағытыбалалардың денсаулығы, білімі мен қауіпсіз болашағы туралы ойланатын күн. Себебі бүгінгі балалардың мүмкіндігі қаншалықты кең болса, ертеңгі Қазақстанның мүмкіндігі де соншалықты үлкен болады.



Қарау саны: 46
Сақталған: 01.06.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!