Қазақстан автокөлік нарығының сервистік қызметтердің дамуына әсері

08.06.2026

Автокөлік паркінің өсуі ілеспе қызметтерге сұраныстың айтарлықтай өзгеру факторларының бірі. 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 5 886 мың автокөлік тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ке артық [1]. Тіркелген көлік құралдарының құрылымында жеңіл автокөліктер 83,9%-ке, жүк автокөліктері 8,2%-ке, тіркемелер 4,4%-ке, автобустар 1,5%-ке, мотоциклдер 1,2%-ке, басқа көлік құралдары 0,8%-ке ие. Тіркелген көлік құралдарының құрылымы 1-суретте көрсетілген.

1-сурет. 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасында тіркелген көлік құралдарының құрылымы

Дереккөз: ҚР СЖжРА ҰСБ.

2025 жылдың қорытынбысы бойынша Қазақстанда 234,9 мың жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатылды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14,4%-ке артық [2]. Жаңа автокөліктің есептік орташа құнын ескере отырып, 2025 жылы Қазақстанның бастапқы автокөлік нарығының индикативті көлемі 4,5-4,6 трлн теңге деңгейінде бағалануы мүмкін [3-5].

Құрылымына жақын жекелеген нарықтармен салыстыра отырып, Қазақстан сатылымның нақты көлемі бойынша аралық позицияға ие болып, автомобиль нарығының елеулі ақшалай ауқымын көрсетеді. Мысалы, 2025 жылы Ресейде нарық көлемінің 4,38 трлн рубль мөлшерінде 1,3 млн жаңа автомобиль сатылды, ал Өзбекстанда 47-55,5 трлн сом деңгейінде нарықты индикативті бағалау кезінде 427,1 мың автокөлік сатылды [6-8]. Салыстырмалы деректер 1-кестеде көрсетілген.


1-кесте. 2025 жылы Қазақстанда, Ресейде және Өзбекстанда жаңа автокөлік нарығының көлемін салыстыру

Анықтамалық:

Қазақстан бойынша индикативті есептеу екі кезеңмен жүргізілді. Заттай көрсеткіш ретінде 2025 жылы сатылған жаңа жеңіл және коммерциялық 234 852 автокөлік пайдаланылды. Әрі қарай, бұл көрсеткіш бір жаңа көліктің есептік орташа құнына көбейтіледі. Ашық дереккөздерде 2025 жылғы жаңа автокөліктің орташа өлшенген бағасының ресми көрсеткіші болмағандықтан, базалық бағдар ретінде «Қазақстан автомобиль одағы» ЗТБ-ның 2023 жылғы қарашадағы бір жаңа жеңіл автокөлік үшін 14,81 млн теңге ашық бағасы пайдаланды. Көрсетілген құн 2024-2025 жылдары жаңа автокөліктер бағасының өсуін ескере отырып түзетілді, нәтижесінде 2025 жылы бір жаңа автокөліктің есептік орташа құны 19,1-19,8 млн теңге диапазонында қабылданды. Тиісінше, Қазақстандағы жаңа автокөлік нарығының индикативтік көлемі былайша бағаланады: 234 852 автомобиль * 19,1-19,8 млн теңге = 4,5-4,6 трлн теңге. Бұл көрсеткіш автокөлік нарығының ақшалай көлемінің ресми статистикасы емес және тек нарық көлемінің тәртібін бағалау үшін қолданылады.

Өзбекстанның бастапқы автокөлік нарығының индикативті көлемі мына формула бойынша есептелген: V=Q×Pavg, мұнда, V-нарықтың есептік көлемі, Q-сатылған жаңа автокөлік саны, Pavg – бір автокөліктің есептік орташа бағасы. 2025 жылы 427,1 мың автокөліктің сатылуын және автокөлік үшін 110-130 млн сом аралықта есептік орташа бағаны ескере отырып, нарық көлемі 47,0-55,5 трлн сом деңгейінде бағалануы мүмкін. ҚР Ұлттық Банкінің орташа жылдық бағамы бойынша 100 өзбек сомы = 4,17 теңге бағамымен есептегенде бұл көрсеткіш шамамен 2,0-2,3 трлн теңгеге тең. Сонымен қатар, нарықтың табиғи көлемінің серпінін бағалау үшін формула бойынша есептелген CAGR көрсеткіші пайдаланылды (457,9/242,2)^(1/4)–1, бұл 2021-2025 жылдардағы жеңіл автокөлік өндірісінің орташа жылдық өсімінің 17,3%-не сәйкес келеді. Бұл есептеу индикативті сипатқа ие және нарық көлемінің тәртібін бағалау үшін қолданылады.

Қазақстан Республикасындағы жеңіл автокөлік паркінің сапалы құрылымы «ескі» көлік құралдарының басым болуын көрсетеді және келесідей көрсеткішке ие:

- 10 жылдан астам уақыт пайдаланады - 71,1%;

- 3 жылдан 10 жылға дейін пайдаланылады – 13,9%;

- 3 жылдан аз уақыт пайдаланады - 15%. [9]

Экономика үшін автопарктің мұндай бейіні автокөлік секторы көлік құралдарының саудасына ғана емес, сонымен қатар ШОБ қамтамасыз ететін ілеспе қызметтердің кең сегментіне де әсер ететінін білдіреді. Нәтижесінде, бұл автокөлік паркінің жай-күйі мен жаңаруы автосервис, диагностика, шанақты жөндеу, дөңгелек ауыстыру және қосалқы бөліктердің бөлшек саудасы салаларындағы ШОБ қызметтеріне тұрақты сұраныс факторларының бірі.

Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету и жөндеу бойынша көрсетілген қызметтер нарығын талдау 2025 жылы көрсетілген қызметтер көлемінің 2024 жылға қарағанда 36,6%-ке өскенін көрсетеді (2024 жылы 292,8 млрд теңгемен салыстырғанда 2025 жылы 400 млрд теңге) [10]. 2026 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі қызметтердің нақты көлем индексі 2025 жылғы қаңтармен салыстырғанда 110,3%-ке жетті. Бұл серпін нарықтың өсуі бағаның жоғарылауымен ғана байланысты емес өскенін көрсетеді. Жоғары НКИ орындалған жұмыстардың нақты көлемі де ұлғайғанын, оған автокөлік санының өсуі, жасына байланысты көліктің жоғары үлесі және диагностикаға, жөндеуге, шығын материалдарын ауыстыруға және шиномонтажға маусымдық сұраныс ықпал ететінін көрсетеді.

2024-2025 жылдары автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу қызметтері көлемінің серпіні бойынша деректер 2-суретте көрсетілген.


2-сурет. Автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу қызметтерінің көлемі, млрд тг

Дереккөз: Energyprom.kz мониторингтік агенттігі

Сонымен бірге, 2024-2025 жылдары Қазақстанның жаңа жеңіл автокөлік нарығы өсім көрсетті: сату көлемі 205,1 мың бірліктен 234,9 мың бірлікке дейін немесе 14,5%-ке артты [11,12]. Бұл ретте парктің жаңаруы ұсыныс құрылымының өзгеруімен қатар жүрді.

«Қазақстан автомобиль одағы» ЗТБ деректері бойынша, 2025 жылы отандық автомобиль жасау позициясын айтарлықтай нығайтты. Мемлекеттік қолдаумен заманауи екі автозауытты іске қосу бойынша жобалар жүзеге асырылды, ал қолжетімді қаржылық құралдардың кеңеюі жаңа автокөліктерге деген сұранысты қолдады. Атап айтқанда, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының деректері бойынша, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында-ақ несиеге сатып алынған автокөліктердің үлесі 59%-ке жетті. Желтоқсан айының қорытындысы бойынша сатылған әрбір 10 жаңа автокөліктің 8-і отандық өндірістегі модельдерге тиесілі болды, бұл ретте жыл қорытындысы бойынша ең танымал топ-10 автокөліктің тізіміне енген барлық модельдер Қазақстанда өндірілген [12].

3-суретте Hyundai мен Chevrolet көшбасшылық позицияларды иеленіп отырғанын көрсетеді, оларға тиісінше сатылымның 36%-і және 27%-і тиесілі, бұл дамыған дилерлік және сервистік желісі бар бұқаралық брендтерге жоғары сұраныстың сақталуын көрсетеді.

4-суретте ұсынылған деректер бастапқы нарық құрылымында тұтынушылардың бұқаралық және салыстырмалы түрде қолжетімді модельдерге бағытталғанын көрсетеді. Модельдер арасында Chevrolet Cobalt көшбасшы болып табылады, бұл базалық және практикалық сегменттегі автокөліктерге жоғары сұранысты растайды. Бұл ретте тізімде Changan CS55 Plus, Chery Tiggo 2 және JAC S3 Pro сияқты модельдердің болуы қытайлық брендтерге сұраныстың біртіндеп кеңейіп жатқанын көрсетеді, бірақ негізінен бұқаралық сегментте.

Бұл ретте жаңа автокөліктерді сатудағы қытайлық брендтердің үлесі екінші жыл қатарынан 39% деңгейінде сақталып отырғанын атап өту маңызды [12]. Мұндай серпін автопарктің жаңаруы тек сандық жағынан 产на емес, сонымен қатар құрылымдық жағынан да жүріп жатқанын білдіреді: нарыққа техникалық сипаттамалары, электрондық жүйелері және сервис өзгеше талаптары бар автокөліктер көбірек шығуда. ШОБ сегменті үшін бұл тікелей маңызға ие, өйткені жаңа сатылымдар құрылымының өзгеруі мамандандырылған қызмет көрсетуге, бағдарламалық диагностикаға, түпнұсқа және аналогтық жинақтауыштарды жеткізуге, сондай-ақ жаңа маркалар мен платформаларға персоналды даярлауға болашақ сұранысты қалыптастырады [13].

Автомобиль нарығының инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін бағалау мақсатында тіркелген автокөлік құралдары мен техникалық қызмет көрсету станциялары санының серпінін салыстырған жөн. Мұндай талдау автопарктің өсуі сервистік инфрақұрылымның тиісті дамуымен қатар жүре ме, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған ТҚКС-на ықтимал жүктемені анықтауға мүмкіндік береді. 2020-2024 жылдардағы автокөлік құралдары мен ТҚКС санының серпіні 5-суретте көрсетілген (2025 жылғы деректер 2026 жылғы 30 маусымға дейін жарияланады).


5-сурет. 2020-2024 жылдардағы Қазақстан Республикасындағы автокөлік құралдары мен техникалық қызмет көрсету станциялары санының серпіні

Дереккөз: ҚР СЖжРА ҰСБ.

5-суретте 2020-2024 жылдары автокөлік құралдары санының артуы техникалық қызмет көрсету станциялары санының өсуімен қатар жүргенін көрсетеді. Мәселен, автокөлік құралдарының саны 2020 жылғы 3 865 мың бірліктен 2024 жылы 5 744 мың бірлікке дейін өсті (48,6%-ке өсті). Осы кезеңде техникалық қызмет көрсету станцияларының саны 6 566 бірліктен 7 842 бірлікке дейін өсті (19,4%-ке өсті).

Сонымен қатар автопарктің өсу қарқыны сервистік инфрақұрылымның өсу қарқынынан озып кетті. Егер 2020 жылы бір ТҚКС-на шамамен 589 автокөлік құралы келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 27,5%-ке артып, шамамен 732 автокөлік құралын құрады.

Бұл жағдай ШОБ сегментіне тікелей әсер етеді, өйткені автокөліктер санының өсуі және жаңа брендтердің пайда болуы жөндеу, диагностика, қосалқы бөлшектерді, шығын материалдарын жеткізу және ілеспе логистика қызметтеріне сұранысты арттырады.

Сервистік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін салыстыру мақсатында ҚР бойынша көрсеткіш Ресей, Ұлыбритания және АҚШ-тағы осындай есептік мәндермен салыстырылды. Бір ТҚКС-на шаққандағы көлік құралдары санының арақатынасы бойынша деректер 2-кестеде көрсетілген.


2-кесте. Қазақстанда және шет елдерде бір техникалық қызмет көрсету станциясына шаққандағы көлік құралдары санының арақатынасы

Дереккөз: Автостат; Department for Transport және IMI; CEIC/FHWA және NAICS.

2-кестеден көрініп тұрғандай, Қазақстан Республикасында бір ТҚКС-на 732 көлік құралынан келеді. Бұл көрсеткіш Ресейге қарағанда жоғары, онда бір сервистік нүктеге 364 көлік құралы келеді, бірақ Ұлыбритания мен АҚШ-қа қарағанда төмен, онда тиісті мәндер 800 және 979 көлік құралын құрайды. Бұл Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған ТҚКС желісіне қалыпты жүктеменің бар екенін көрсетеді және сонымен бірге сервистік инфрақұрылымды одан әрі дамыту әлеуетін нұсқайды [14-19].

Қазақстандық нарықтың өңірлік құрылымы да кәсіпкерлік үшін автомобиль секторының маңызын күшейтеді. Автосервис және автомобиль компоненттерін сату саласындағы ШОБ субъектілерінің ең көп шоғырлануы Алматы қ., Алматы облысына, Астана қ. және Қарағанды облысына тиесілі [20].

Макроэкономикалық тұрғыдан алғанда, автопарктің жаңаруы аралас әсер береді. Бір жағынан, жаңа автокөліктерді сатудың өсуі, импорттың кеңеюі және ілеспе қызметтердің дамуы сауда айналымын, жұмыспен қамтуды және бюджетке түсетін түсімдерді арттырады. Екінші жағынан, дайын автокөліктер мен жинақтауыштарды әкелуге тәуелділік жоғары болған кезде қосылған құнның едәуір бөлігі Қазақстаннан тыс жерде қалыптасады. Осыған байланысты ұлттық экономика үшін автопарктің өсуі ғана емес, сонымен қатар ішкі ШОБ-тың ілеспе қызметтер мен жеткізілімдер тізбегіне тартылу дәрежесі де үлкен маңызға ие. Нарықтардың сервиспен, шығын материалдарымен, жекелеген компоненттермен, цифрлық шешімдермен және ілеспе инфрақұрылыммен жергілікті қамтамасыз етілуі неғұрлым жоғары болса, автомобиль секторының кеңеюінен ішкі қайтарым да соғұрлым жоғары болады. Аталған жайт қалыптасып үлгерген автокөлік өнеркәсібі тораптары – Алматы және Қостанайдың Индустриялық аймақтарының айналасында қосалқы бөлшектер мен шығын материалдары қоймаларының дамуынан, ал Қытайдан әкелінетін импорттық жинақтауыштар бойынша – «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭЖ логистикалық әлеуетін пайдаланудан көрініс табуы мүмкін.

Осылайша, орта мерзімді перспективада автосервис және автомобиль компоненттері саласындағы ШОБ қызметтеріне сұраныстың одан әрі өсуі күтілуде. Мұндай болжам үш фактордың бір уақытта әрекет етуімен байланысты: автокөліктердің жалпы санының артуы; парктің жаңа модельдермен біртіндеп жаңаруы; тұрақты жөндеуді талап ететін ескі машиналардың айтарлықтай үлесінің сақталуы. Сонымен қатар, автопарк санының өсуі екіжақты әсерге ие: бір жағынан, ол экология мен қалалық инфрақұрылымға жүктемені күшейтеді, екінші жағынан – ШОБ даму факторларының бірі болып табылады.


Бейбарыс Аубакиров

Бәсекелестік ортаны зерттеу орталығының аға сарапшысы



Пайдаланылған дереккөздер тізімі:

  1. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы. Қазақстан Республикасындағы автокөлік құралдарының саны туралы [Электрондық ресурс]. URL: https://stat.gov.kz/ru/industries/business-statistics/stat-transport/spreadsheets/. Пайдаланған күні: 22.04.2026.

  2. «Қазақстан автомобиль одағы» ЗТБ. ҚР автонарығы: 2025 жылдың қорытындысы [Электрондық ресурс]. URL: https://kao.kz/ru/novosti/78/. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  3. «Қазақстан автомобиль одағы» ЗТБ. Қазақстандағы автокөліктің орташа бағасы 14,8 млн теңгеге дейін төмендеді [Электрондық ресурс]. URL: https://kao.kz/ru/novosti/2/. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  4. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы. Қазақстан Республикасындағы инфляция, 2024 жылғы желтоқсан [Электрондық ресурс]. URL: https://stat.gov.kz/ru/industries/economy/prices/publications/280679/. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  5. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы. Қазақстан Республикасындағы тұтынушылық баға индексі және туынды көрсеткіштер, 2025 жылғы желтоқсан [Электрондық ресурс]. URL: https://stat.gov.kz/ru/industries/economy/prices/spreadsheets/?name=19117&period=&type=&year=. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  6. «АВТОСТАТ» талдау агенттігі. РФ тұрғындарының жаңа автокөліктерді сатып алуға жұмсаған шығындары соңғы 3 жылда алғаш рет төмендеді [Электрондық ресурс]. URL: https://www.autostat.ru/infographics/61663/. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  7. UzAuto Motors пайдасы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 27,5%-ке қысқарды // Spot. 5 тамыз 2025 ж. [Электрондық ресурс]. URL: https://www.spot.uz/ru/2025/08/05/uzauto-motors/. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  8. «O‘zavtosanoat» АҚ. Automotive Industry of Uzbekistan: Data of Uzbekistan Manufacturers for January–December 2025 [Электрондық ресурс]. URL: https://uzavtosanoat.uz/en/news_show/ozbekistonning_avtomobilsozlik_sanoati1773138868. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  9. Tengri auto. Қазақстанның автопаркінде ескі көліктер басым - толық статистика. [Электрондық ресурс]. https://tengrinews.kz/autonews/staryie-mashinyi-dominiruyut-avtoparke-kazahstana-polnaya-597512/amp/. Пайдаланған күні: 22.04.2026ж.

  10. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы. Қазақстан Республикасындағы ішкі сауда туралы (қаңтар-желтоқсан 2025ж.). [Электрондық ресурс]. https://stat.gov.kz/ru/industries/economy/local-market/publications/472243/. Пайдаланған күні: 22.04.2026ж.

  11. «Қазақстан автомобиль одағы» ЗТБ. ҚР автонарығы: 2024 жылдың қорытындысы. [Электрондық ресурс]. https://kao.kz/ru/novosti/31/. Пайдаланған күні: 22.04.2026ж.

  12. «Қазақстан автомобиль одағы» ЗТБ. ҚР автонарығы: 2025 жылдың қорытындысы. [Электрондық ресурс]. https://kao.kz/ru/novosti/78/. Пайдаланған күні: 22.04.2026ж.

  13. Курсив медиа. Нөлдік ТҚК және жұмбақ бөлшектер: Қазақстандағы қытайлық автокөлік иелерін не күтеді. [Электрондық ресурс]. https://kz.kursiv.media/2026-05-04/rmnm-nulevoye-to-i-detali-zagadki-chego-ozhidat-vladeltsam-kitayskikh-avto-v-kazakhstane/. Пайдаланған күні: 05.05.2026ж.

  14. Автостат Инфо. РФ-дағы жеңіл автокөліктер паркі 2025 жылы 4%-ке өсіп, 47,5 млн-ға жетті [Электрондық ресурс]. URL: https://avtostat-info.ru/news/12353. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  15. «АВТОСТАТ» талдау агенттігі. Ресейде 130 мыңнан астам автосервис орны бар [Электрондық ресурс]. URL: https://m.autostat.ru/infographics/61553/. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  16. Department for Transport; Driver and Vehicle Licensing Agency. Vehicle licensing statistics: 2024 [Электрондық ресурс]. URL: https://www.gov.uk/government/statistics/vehicle-licensing-statistics-2024. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  17. Institute of the Motor Industry. UK automotive labor market Landscape: Baseline Report 2024 Summary [Электрондық ресурс]. URL: https://tide.theimi.org.uk/sites/default/files/2024-10/Baseline%20Report%202024%20Summary.pdf. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  18. Federal Highway Administration. Highway Statistics 2024. Table MV-1: State Motor-Vehicle Registrations [Электрондық ресурс]. URL: https://www.fhwa.dot.gov/policyinformation/statistics/2024/mv1.cfm. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  19. U.S. Census Bureau. County Business Patterns: NAICS 8111 Automotive Repair and Maintenance [Электрондық ресурс]. URL: https://www.census.gov/programs-surveys/cbp.html. Пайдаланған күні: 27.05.2026.

  20. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы. Автотранспорт құралдарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі станциялар [Электрондық ресурс] // Динамикалық қатарлар. URL: https://stat.gov.kz/ru/industries/economy/local-market/dynamic-tables/. Пайдаланған күні: 22.04.2026.




Қарау саны: 42
Сақталған: 08.06.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!