«Экономикалық өркендеумен қатар, гендерлік теңдік те өмірлік ұстанымға айналған қоғамның болашағы жарқын» – Шахарбану Жақыпова, GWO 2026 конференциясына қатысты

11.06.2026

Институттың бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Жақыпова Шахарбану Шорманқызы 2026 жылғы 8-10 маусымда Nazarbayev University-де өткен «Gender, Work & Organization» 16-шы халықаралық конференциясына қатысты.

«Gender, Work & Organization» (GWO) конференциясы - еңбек саласындағы гендерлік зерттеулерге, жұмысты ұйымдастыруға және жұмыспен қамтуға байланысты тарихи және заманауи мәселелерді талдауға, пәнаралық пікірталастарды жалғастыруға арналған халықаралық алаң. Бұл халықаралық конференцияның ерекшелігі оның жыл сайын әлемнің түрлі елдерінде өткізілуінде: 2023 жылы Ұлыбританияда, Боготада (Колумбия), Стелленбоште (Оңтүстік Африка Республикасы), 2024 жылы Кейп-Бретонда (Жаңа Шотландия, Канада) және 2025 жылы Нантеде (Франция). 2026 жылы келесі қабылдаушы тарап - Астана (Қазақстан). Конференция өзгермелі әлеуметтік-экономикалық жағдайларда гендерлік, еңбек және сәйкестік мәселелерінің қалай қиылысатынын талқылау үшін жетекші ғалымдарды, практиктерді және қоғамдық қозғалыс көшбасшыларын біріктірді.

GWO 2026 «Болашаққа қайта қарау: қамқорлық, еңбек және тиесілілік саясаты» («Rethinking Future: Care, Labor, and The Politics of Belonging») тақырыбына арналған. Іс-шараны Nazarbayev University Кәсіпкерлікті зерттеу орталығы ұйымдастырды. Әлемнің түкпір-түкпірінен 400-ден астам делегат, оның ішінде гендерлік зерттеулер саласындағы 20-дан астам жетекші халықаралық сарапшы қатысты.

Негізгі спикерлер - Лондон экономика және саясат ғылымдары мектебінің профессорлары Найла Кабир (Naila Kabeer) және Люсинда Платт (Lucinda Platt), Southampton (UK) университетінің профессоры Мина Бейги (Mina Beigi), Syracuse University (USA) профессоры Чандра Моханти (Chamdra Talpade Mohanty), University College Corc (Ireland) профессоры Мэйрид Дюн (Mairead Dunne), сондай-ақ Нельсон Мандела Университетінің профессоры Пумла Динео Гкола (Pumla Dineo Gqola).

Конференцияны ұйымдастыруға «Gender, Work & Organization» журналының бас редакторлары да қатысты. Олар әртүрлі елдердің экономикалық мүдделері мен идеялары, көшпелі дәстүрлер мен социалистік мұра, постсоциалистік трансформациялар мен қалыптасып келе жатқан жаһандық байланыстардың қиылысында орналасқан Қазақстанда конференция өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Ш.Ш. Жақыпова «Comparative Study of Factors Affecting women' s Employment in Kazakhstan, Sweden and the USA» тақырыбында баяндама жасап, зерттелетін үш елдегі әйелдердің жұмыспен қамтылуына экономикалық және гендерлік факторлардың әсер ету нәтижелерін ұсынды. Зерттеу авторлары қарастырылып отырған экономикалардағы әйелдердің жұмыспен қамтылуын арттыру бойынша ұсыныстар берді.

Шахарбану Шорманқызы Жақыпова өз баяндамасының соңында «экономикалық өркендеу ғана емес, гендерлік теңдік өмірлік философияға айналатын қоғамның болашағы зор» екендігіне назар аударды.



Қарау саны: 42
Сақталған: 11.06.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!