Алматы мен Астана CIMI 2026 әлемдік қалалар рейтингіне енді

16.06.2026

IESE Business School бизнес мектебі (Испания) әлем қалаларының тұрақты және бәсекеге қабілетті даму деңгейін бағалайтын IESE Cities in Motion Index (CIMI) 2026 халықаралық қалалар рейтингін жариялады.

Зерттеуге әлемнің 92 елінен 183 қала, оның ішінде 85 мемлекет астанасы кірді. CIMI индексі қала дамуының тұрақтылығын, инновациялылығын және теңгерімділігін кешенді бағалауға, қала дамуының күшті және әлсіз жақтарын анықтауға, сондай-ақ бәсекеге қабілеттілікті, қалалық орта сапасын және қала саясатының тиімділігін арттыру бағыттарын анықтауға бағытталған.

Қалалар тоғыз бағыт бойынша бағаланады: адами капитал, әлеуметтік ынтымақтастық, экономика, басқару, экология, ұтқырлық және көлік, қала құрылысы, халықаралық профиль және технология.

Рейтинг әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін, қалалық ортаның сапасын және басқару тиімділігін сипаттайтын 115 көрсеткішті қамтиды. Бағаланатын параметрлердің ішінде экономикалық белсенділік, инвестициялық тартымдылық, цифрландыру және электрондық қызметтер, білім деңгейі, көлік инфрақұрылымын дамыту, экологиялық ахуал, халықаралық интеграция және smart city технологияларын енгізу көрсеткіштері ескеріледі.

CIMI 2026 рейтингінің нәтижелеріне сәйкес, Алматы әлемнің 183 қаласы арасында 137-ші орынды иеленді, ал Астана 150-ші орында орналасты.

Алматы Қазақстан қалалары арасында жоғары позицияны көрсетті. Бұл жоғары экономикалық әлеуетке, қызмет көрсету саласының дамығандығына және халықаралық интеграцияның жоғары деңгейіне байланысты болуы мүмкін. Рейтингте Алматы бұрынғы Кеңес одағы елдерінің бірқатар ірі қалаларынан, оның ішінде Баку (142-ші орын) және Новосибирсктен (156-шы орын) алда. Сонымен қатар, қаланың позициясы экологиялық проблемалармен және жоғары көлік жүктемесімен шектеледі.

Астана қалалық басқару, цифрландыру және заманауи қала құрылысы бағыттары бойынша айтарлықтай мықты позицияларды көрсетеді. Цифрлық сервистер мен жаңа қалалық инфрақұрылымның дамуы елорданың халықаралық рейтингтердегі позициясын нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, қаланың төмен позициясы ірі әлемдік орталықтармен салыстырғанда халықаралық интеграция мен туристік тартымдылықтың төмен деңгейіне байланысты болуы мүмкін.

CIMI 2026 әлемдік рейтингінің көшбасшылары – Лондон, Нью-Йорк және Париж. Алғашқы ондыққа Берлин, Токио, Сингапур, Амстердам, Копенгаген, Сеул және Пекин кірді. Бұл қалалар экономикалық дамудың жоғары деңгейімен, дамыған қалалық ұтқырлықпен, қалалық ортаның жоғары сапасымен, технологиялық дамумен және әлемдік экономикадағы маңызды рөлімен сипатталады.


1-кесте-CIMI 2026 рейтингіндегі әлемнің жетекші қалалары мен Қазақстан қалаларының позициялары

Дереккөз: IESE Cities in Motion Index 2026


Жалпы, CIMI 2026 нәтижелері экономикалық, технологиялық және инфрақұрылымдық даму деңгейі жоғары қалалардың, сондай-ақ сапалы қалалық ортаның көшбасшылық позициясын растайды.

Сонымен қатар, рейтинг нәтижелері Қазақстанның ірі қалалары қала дамуының халықаралық бағалауларында ұсынылғанын, алайда бірқатар бағыттар бойынша қалалық ортаны одан әрі жетілдіру, тұрақты көлікті, экологиялық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және халықаралық бәсекеге қабілеттілікті нығайту әлеуетінің сақталғанын көрсетеді.


Базарбаева Жанерке

Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығының жетекші сарапшы




Қарау саны: 40
Сақталған: 16.06.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!