Жаңа Конституция – елдің тұрақты дамуының жаңа кезеңі

01.07.2026

Бүгін, яғни 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл – тарихи оқиға!

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылық директоры Бақытгүл Хамбардың айтуынша, бұл құжат елдің саяси жүйесін жаңғыртумен қатар, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық дамудың жаңа негізін қалыптастырады. Оның пікірінше, жаңа Конституция халықтың мүддесін жоғары қоятын, тұрақты даму қағидаттарымен үндесетін және Қазақстанның болашақ бағытын айқындайтын тарихи құжат болмақ.

1. 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Сіздің ойыңызша, бұл оқиға Қазақстанның саяси дамуында қандай орын алады? Оның тарихи маңызын қалай бағалайсыз?

Конституция – кез келген елдің дамуының іргетасы. Сондықтан 2026 жылдың 1 шілдесі еліміздің тарихындағы жаңа кезеңнің бастауына айналады деп ойлаймын. Жаңа Конституцияны Қазақстан қоғамының жаңа белеске көтерілуінің негізі әрі еліміздің саяси дамуының тарихи ерекшеліктерін заманауи қағидаттармен ұштастыратын құжат деп бағалауға болады.

Айталық, осы құжат аясында Құрылтай, Халық кеңесі сияқты институттардың пайда болуы бір жағынан жаңашылдық болса, екінші жағынан қазақтың дәстүрлі басқару институттарымен сабақтасып жатыр.

Сонымен қатар Конституцияның 21-бабында: «Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының сақталуына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі», – деп көрсетілген. Бұл еліміздің жаңа технологиялар дәуірінің талаптарына сай дамуының берік құқықтық негізі қаланғанын көрсетеді.

Жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерінің бірі – халықтың мәртебесін айқындауы. 4-бапта Қазақстан халқы егемендіктің иесі ретінде белгіленген. Мұны да еліміздің саяси дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің бастауы деп бағалауға болады.

2. Конституциялық реформаны әзірлеу барысында жұмыс тобының, Конституциялық комиссияның қызметі, қоғамдық талқылаулар мен референдум өтті. Бұл үдерістің ашықтығы мен қоғамның қатысуын қалай бағалайсыз?

Кез келген құжаттың өміршеңдігі оны әзірлеу барысында қоғам мүддесінің қаншалықты ескерілгенімен өлшенеді десек, артық айтқандық емес.

Жаңа Конституцияны әзірлеу үдерісінің басты ерекшеліктерінің бірі – оның жан-жақты қоғамдық талқылаудан өтуі. Бұл тұрақты дамудың «ешкімді назардан тыс қалдырмау» қағидатына толық сәйкес келеді.

Талқылау ашық өткендіктен, қоғамда Конституция жобасын қолдайтын пікірлермен қатар, сыни көзқарастар да айтылды. Әрине, барлық ұсынысты толықтай жаңа құжатқа енгізу мүмкін де емес, міндетті де емес. Дегенмен құрылған жұмыс тобы мен түсіндіру жұмыстарына қатысқан сарапшылар халықтың әрбір сауалына жан-жақты жауап беруге күш салды.

Нәтижесінде еліміздің болашақ дамуының негізін қалайтын маңызды құжат қабылданды деп айтуға болады. Ендігі міндет – Конституция талаптарының толық әрі мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету.

3. Жаңа Конституцияның негізгі жаңашылдықтары елдің мемлекеттік басқару жүйесіне, азаматтардың құқықтарын қорғауға және жалпы Қазақстанның болашақ дамуына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

Жаңа Конституцияның басты жаңашылдықтарының бірі – онда саяси мәселелермен қатар әлеуметтік-экономикалық және экологиялық қағидаттардың да көрініс табуы. Бұл қазіргі әлемдегі даму стратегияларының негізгі үрдістеріне толық сәйкес келеді және тұрақты дамудың берік негізін қалыптастырады.

Сондықтан Мемлекет басшысы айтып жүрген Қазақстанның тұрақты дамуының жаңа кезеңіне қадам басуы дәл осы Конституциямен тығыз байланысты деп есептеймін. Өйткені тұрақты дамудың құқықтық іргетасы қалыптасқан мемлекет қана ұзақ мерзімді өркендеуге және қуатты елге айналуға мүмкіндік алады.

Ал бұл реформалардың нақты нәтижесі Конституция талаптарының қаншалықты тиімді әрі дәйекті жүзеге асырылатынына байланысты болмақ.




Қарау саны: 55
Сақталған: 02.07.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!