Өңір тынысы: Маңғыстау облысы

29.07.2026

Маңғыстау облысы 1973 жылы құрылған. Облыстың әкімшілік орталығы – Ақтау қаласы болып.

Облыс аумағы – 165,6 мың шаршы км. Солтүстік-батыста өңір Атырау және Ақтөбе облыстарымен, батысында Каспий теңізі акваториясының құрамына кіретін Ресей Федерациясымен, Әзірбайжанмен және Иранмен, оңтүстігінде Түрікменстанмен, шығысында Өзбекстанмен шектеседі.

Облыстың негізгі бәсекелес артықшылықтары – тиімді геоэкономикалық орналасу, Каспий теңізіне тікелей шығу жолының болуы, көмірсутек және минералдық шикізаттың ауқымды қоры, сондай-ақ дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылым. Өңірде Ақтау және Құрық теңіз порттары, халықаралық әуежай, Баутинодағы теңіз мұнай операцияларын қолдау базасы, сондай-ақ халықаралық сауданы, транзитті және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасайтын «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы бар.

Өңірдің қосымша артықшылықтары-жоғары өнеркәсіптік әлеует және бірегей табиғи-рекреациялық ресурстар. Облыста мұнай-химия өнеркәсібін, мұнай-газ машина жасауды, металлургияны және құрылыс материалдарын өндіруді дамыту үшін негіз қалыптастырылған. Сонымен қатар, «Солтүстік – Оңтүстік» және ТРАСЕКА халықаралық көлік дәліздерінің өтуі өңірдің елдің негізгі көлік-логистикалық тораптарының бірі ретінде рөлін күшейтеді. Каспий теңізінің жағалауы, Бозжыра шатқалы және тарихи-мәдени мұра объектілері ішкі және сыртқы туризмді дамыту әлеуетін қалыптастырады.

2026 жылғы 1 маусымда облыс халқының саны 824,3 мың адам, оның ішінде қала халқы 387,7 мың адам, ауыл халқы 436,6 мың адам. Урбандалу деңгейі - 47% .

Облыс халқы тұрақты өсіп жатыр. 2021 жылдан 2026 жылға дейінгі аралықта өңір халқының саны 720,1 мыңнан 824,3 мың адамға дейін өсті. Өсудің негізгі факторлары – тұрақты көші-қон ағыны және жоғары туу көрсеткіштері.

2026 жылдың I-тоқсанында өңірдегі орташа айлық жалақы 659,8 мың теңгеге жетті. Бұл ретте халықтың атаулы ақшалай табысы 2021 жылғы 156,7 мың теңгеден 2025 жылдың қорытындысы бойынша 285,6 мың теңгеге дейін ұлғайды.

Облыс экономикасы индустриалды сипатқа ие. 2026 жылдың I-тоқсанында облыстың жалпы өңірлік өнімі 1,2 трлн теңгеге жетті. Өңір экономикасының негізін өнеркәсіп секторы қалыптастырады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖӨӨ құрылымындағы өнеркәсіптің үлесі 41% -ке, ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,4 трлн теңгеге жетті.

Маңғыстау облысы қуатты мұнай-газ базасына ие бола отырып, экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыру мүмкіндігіне ие. Қолайлы географиялық орналасуы, Каспий теңізіне шығу жолы, дамыған порт инфрақұрылымы, өсіп келе жатқан ішкі нарық және жоғары туристік әлеует өңірдің логистика, өнеркәсіптік өңдеу, кәсіпкерлік және туризм салаларындағы мамандануын кеңейтуге жәрдемдеседі.

Облыста өнеркәсіп пен көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылады. Олардың қатарында - қуаты жылына 1,1 млн тонна өнім аммиак-карбамид кешенін салу, сондай-ақ Ақтау халықаралық әуежайы базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб құру.

Перспективалы жобалардың қатарында - қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысын, Кендірлідегі жаңа әуежайды, кеме жасау верфін, «Бозжыра» сапар орталығын салу, сондай-ақ бекіре тұқымдас балықтарды өсіру және уылдырық өндіру жөніндегі жобаларды қамтитын балық шаруашылығы кластерін дамыту.

Маңғыстау облысының перспективалы даму бағыттарының бірі - туризм. Бірегей табиғи ландшафттар, Бозжыра шатқалы, Каспий теңізінің жағалауы, көптеген киелі нысандар мен бай тарихи-мәдени мұра өңірдің жоғары туристік әлеуетін қалыптастырып, оның ішкі және шетелдік туристер үшін тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Туристік саланы дамыту инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, қонақ үй қорын кеңейту, туристік қызметтердің көліктік қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы іске асырылады. Болашақта бұл туристер ағынын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, инвестициялар тартуға және Маңғыстау облысының Қазақстанның жетекші туристік орталығының бірі ретінде позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Маңғыстау облысы Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік және көлік-логистикалық орталығы позициясын одан әрі нығайту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Өңірдің негізгі мамандану бағыттары - мұнай және газ өндіру, сондай-ақ мұнай-газ секторына сервистік қызметтер көрсету. Сонымен қатар, одан әрі даму перспективалары химия өнеркәсібін, мұнай өңдеуді, машина жасауды, құрылыс материалдарын өндіруді, көлік-логистикалық кешенді және туризмді дамытумен байланысты.

Ірі инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды іске асыру, порт инфрақұрылымын кеңейту, қайта өңдеу өндірістерін, шағын және орта кәсіпкерлікті, сондай-ақ туристік саланы дамыту экономиканы одан әрі әртараптандыруға, инвестиция тартуға және өңірдің жаңа тұрақты экономикалық өсу көздерін қалыптастыруға жағдай жасайды.



Қарау саны: 49
Сақталған: 29.07.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!