Экономика және заң: телекоммуникация нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту

29.07.2026

Телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын (бұдан әрі – ДӨО) дамыту – Қазақстан Республикасының цифрлық трансформациясының негізгі бағыттарының бірі. Деректерді өңдеу және сақтау қызметтеріне сұраныстың артуы ДӨО саласында заманауи құқықтық базаны қалыптастыру қажеттілігін анықтайды. International Data Corporation (IDC) талдамалық есебінің дерегі бойынша 2026 жылғы ақпанда Қазақстанда коммерциялық ДӨО ауқымы 91% жүктеу коэффициентімен 4 мың бағанды құрады, коммерциялық ДӨО қызметтері нарығының көлемі 32,6 млрд теңгеге жетті, ал 2029 жылға қарай ауқымды 7,1 мың бағанға дейін және нарық көлемінің 68,1 млрд теңгеге дейін ұлғаюы болжанып, сала дамуының оң серпінін көрсетеді.

Телекоммуникациялар нарығын және ДӨО одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заңда ДӨО мәртебесі мен қызметіне қойылатын талаптарды нақтылауды, цифрлық инфрақұрылымды реттеу тетіктерін дамытуды, сондай-ақ байланыс құрылыстарын салу кезінде әкімшілік кедергілерді азайтуды қоса алғанда, құқықтық реттеуді жетілдіру көзделеді, бұл заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және деректерді өңдеу орталықтарының көрсетілетін қызметтер нарығын кеңейтуге ықпал етеді.

Бұдан әрі саланы дамыту тәсілдерін салыстыру үшін деректер орталықтарын дамытудың халықаралық тәжірибесі ұсынылған.


АҚШ

АҚШ – әлемдегі ең ірі ДӨО нарықтарының бірі. Елде Amazon Web Services, Microsoft Azure және Google Cloud сияқты ең ірі бұлттық технологиялар провайдерлері орналасқан. Негізгі хабтар қолайлы климаттық және энергетикалық жағдайы бар Солтүстік Вирджинияда, Калифорнияда және Техас сияқты өңірлерде орналасқан. АҚШ-тағы ДӨО автоматтандырудың жоғары деңгейімен, қуатты желілік инфрақұрылыммен және ауқымдылығымен ерекшеленеді. Энергетикалық тиімділікке және жаңартылатын энергия көздеріне көшуге көп көңіл бөлінеді. Инфрақұрылымды бақылау үшін үздік салқындату технологиялары, модульдік шешімдер және жасанды интеллект жүйелері қолданылады.


Германия

Еуропадағы жетекші ДӨО орталығының бірі әлемдегі ең үлкен DE-CIX интернет алмасу торабын қамтитын Майндағы Франкфурт қаласында орналасқан. Ел қауіпсіздік стандарттарын сақтаудың жоғары деңгейімен және деректерді қорғау туралы қатаң заңдармен танымал болғандықтан, еуропалық және халықаралық компаниялар үшін аса тартымды. Германиядағы ДӨО-лар көбінесе колокация және гибридті бұлтты шешімдерді қолданады. «Жасыл» электр қуатын және озық салқындату жүйелерін пайдалану арқылы энергия тиімділігі мен тұрақтылығына үлкен назар аударылады. Мемлекет ДӨО инфрақұрылымының дамуын экономиканы цифрландырудың бір бөлігі ретінде қолдайды.


Сингапур

Сингапур Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі өңірлік ДӨО хабтардың бірі және саяси тұрақтылықтың, дамыған телекоммуникациялық инфрақұрылымның және стратегиялық орналасудың арқасында ірі халықаралық инвестициялар тартады. Мұнда Google, Amazon және Microsoft сияқты компаниялардың ДӨО, сондай-ақ өңірлік операторлар орналасқан. Жер көлемі мен энергияны тұтынудың шектеулеріне байланысты Сингапур энергияны үнемдейтін және ықшам ДӨО-ды белсенді насихаттайды. Жаңартылатын энергия көздерін және салқындату бойынша инновациялық шешімдерді пайдалана отырып, «жасыл» ДӨО құру бойынша жобалар жүргізіліп жатыр. Мемлекет АКТ секторында тұрақты дамудың қатаң саясатын енгізеді.




Қарау саны: 28
Сақталған: 29.07.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!