Өңір тынысы: Солтүстік Қазақстан облысы

04.08.2026

Солтүстік Қазақстан облысы 1936 жылы құрылған және Қазақстан Республикасының ең солтүстік бөлігінде орналасқан өңірі. Облыстың әкімшілік орталығы – Петропавл қаласы.

Облыс аумағы 98,0 мың шаршы км немесе Қазақстан аумағының 3,6%-не тең. Солтүстігінде облыс Ресей Федерациясының Қорған, Түмен және Омбы облыстарымен, оңтүстік-шығысында Павлодар облысымен, оңтүстігінде Ақмола облысымен, батысында Қостанай облысымен шектеседі.

Өңірдің негізгі ерекшеліктерінің бірі – қоныстанудың айқын ауылдық сипаты. 2025 жылдың қорытындысына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы елімізде ауылдық елді мекендер саны бойынша (590) Түркістан облысынан кейін екінші орында тұр.

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыс халқының саны 512,4 мың адам (2025 жылғы 1 маусымда 518,9 мың адам) , оның ішінде қала халқы 258,0 мың адам, ауыл халқы 254,4 мың адам. Урбанизация деңгейі – 50,4%.

Облыстағы жұмыссыздық деңгейі – 4,4%(2025 жылғы I тоқсанда 4,5%). 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тіркелген жұмыссыздар саны 4,9 мың адамды немесе жұмыс күшінің 1,9%-не тең. 2026 жылдың I тоқсанында кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есептемегенде жұмыскерлердің орташа айлық атаулы жалақысы 326,7 мың теңгеге жетті (2025 жылдың 1 тоқсанында 299,9 мың теңге).

Солтүстік Қазақстан облысы – Қазақстанның жетекші аграрлық өңірлерінің бірі. Агроөнеркәсіптік кешен жалпы өңірлік өнімнің төрттен бірінен астамын құрайды және өңірдің экономикалық мамандануын айқындайды.

2026 жылғы қаңтар-маусымда ауыл шаруашылығының жалпы өнім шығару (қызмет көрсету) көлемі 105,3 млрд теңгеге жетті (2025 жылғы қаңтар-маусымда 101,5 млрд теңге).

Облыстың жер қоры 9 804,3 мың га, оның 7 271,2 мың га (74%) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тиесілі. Ауыл шаруашылығы алқаптарының құрылымында егістік (4 959,5 мың га) және жайылым (2 001,4 мың га) жерлерінің басымдығы өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды.

Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде 4 062 шаруа (фермер) қожалығы және 118-ден астам ірі агроқұрылымдар қызметін жүзеге асырады. Сүт шаруашылығы ерекше орын алады: облыста 400-ден 1500 басқа дейінгі мал басы бар өнеркәсіптік үлгідегі 50 заманауи сүт-тауар кешені жұмыс істейді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату» бағдарламасының іске асырылуы ықпал етеді. 2023-2025 жылдары оны іске асыруға бюджеттен 40 млрд теңге (2023 ж. – 17,0 млрд теңге, 2024 ж. – 6,0 млрд теңге, 2025 ж. – 17,0 млрд теңге) бөлініп, 32 сүт-тауар фермасының құрылысын қоса алғанда, 44 инвестициялық жобаны, сондай-ақ суаруды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қой шаруашылығы, құс шаруашылығы және жылыжай шаруашылығы жөніндегі жобаларды іске асыруды бастауға мүмкіндік берді. Инвестициялардың жалпы көлемі 141,9 млрд теңге, оның 80,2 млрд теңгесі аяқталған 28 жоба шеңберінде игерілді.

Өңір қайта өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту әлеуетіне ие. Атап айтқанда, құны 53,3 млрд теңгеге «Asyl Grain» ЖШС май экстракциялық зауытын салу жоспарланып отыр. Жобаның іске асырылуы жыл сайын 216 мың тонна өсімдік майы мен 192 мың тонна күнжараны экспорттау арқылы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде қосылған құнның ұлғаюына ықпал етеді.

Ауыл шаруашылығынан басқа, Солтүстік Қазақстан облысы экономикасының маңызды саласының бірі – өнеркәсіп. 2026 жылғы қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,7% ке ұлғайып, 483,3 млрд теңгеге (2025 жылғы қаңтар-маусымда 407,2 млрд теңге) жетті.

Өңірдің маңызды бәсекелес артықшылығы – минералды-шикізаттық әлеуеті. Солтүстік Қазақстан облысы «Сырымбет» кен орнының арқасында қалайы қоры бойынша елімізде бірінші орында тұр. Бұдан басқа, өңір аумағында вольфрам кендерінің («Баян» және «Ақсоран») ірі кен орындары, сондай-ақ перспективалы алтын («Баксинское»), қоңыр көмір («Ставропольское»), қалайы («Донецкое») және титан-цирконий кендерінің («Қараағаш») кен орындары орналасқан. Осы кен орындарын игеру тау-кен өнеркәсібін одан әрі дамыту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жағдай жасайды.

Инвестицияларды тартудың және өнеркәсіптік өндірісті дамытудың негізгі құралдарының бірі – «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы.

«Qyzyljar» АЭА-ның іске асырылған жобаларына «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС (күштік трансформаттарды өндіру және сату), «СТ ЭСЕМБЛИ» ЖШС (CLAAS HORSCH ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру), «КАЗТЕХМАШ «машина жасау зауыты» ЖШС (Sampo, LiuGong ауыл шаруашылығы техникасын өндіру мен құрастыруды ұйымдастыру), «NORD PANELS» ЖШС (ЛАЖТ және шере өндіретін зауыт), «ECO GLADE» ЖШС (саңырауқұлақтар, саңырауқұлақ өнімдері мен субстраттар өндірісі) жатады.

Солтүстік Қазақстан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша өңірде 32,8 мың ШОК субъектісі, оның ішінде 6,3 мың заңды тұлға, 22,4 мың жеке кәсіпкер және 4,1 мың шаруа (фермер) қожалығы қызметін жүзеге асырады. Кәсіпкерлікті қолдауға 2026 жылы жергілікті бюджет қаражатынан 2,8 млрд теңге қарастырылған.

Туристік саланың да әлеуеті зор. Облыс аумағында Имантау және Шалқар курорттық аймақтарын, Согровский, Смирновский және Мамлютка мемлекеттік табиғи қорықтарын, сондай-ақ «Серебряный бор» және «Мальцевский бор» қалдық табиғат ескерткіштерін қоса алғанда, 16 ерекше қорғалатын табиғи аумақ орналасқан. Имантау-Шалқар курорттық аймағы республикалық маңызы бар басым туристік аумақтардың топ-20-на кіреді.

Осылай, Солтүстік Қазақстан облысы жоғары аграрлық әлеуетті қайта өңдеу өнеркәсібін, машина жасау және тау-кен өндіру секторын дамыту мүмкіндіктерімен ұштастырады. Өңірдің одан әрі дамуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді кеңейтумен, ірі инвестициялық жобаларды іске асырумен, шағын және орта бизнесті дамытумен, сондай-ақ туристік және минералдық-шикізаттық әлеуетті неғұрлым тиімді пайдаланумен байланысты болады.



Қарау саны: 38
Сақталған: 04.08.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!