Қазақстан мен Корея Республикасы: 1,3 млрд доллар көлеміндегі саудадан бастап жаңа бірлескен өндірістерге дейін

14.09.2026

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Корея Республикасы Қазақстанның он ірі сауда серіктесінің қатарына кірді. Елдер арасындағы тауар айналымы шамамен 1,3 млрд АҚШ долларға жетті. Қазақстаннан экспорт 512,2 млн АҚШ долларына, Корея Республикасынан импорт 785 млн АҚШ долларына жетті.

Қазақстаннан экспортталатын негізгі тауар - шикі мұнай. Оның көлемі - 479,4 млн АҚШ доллары немесе барлық жеткізілімдердің 93,6%-і. Сондай-ақ, Қазақстан 28,6 млн АҚШ долларына (5,6%) ферроқорытпаларды, 3,4 млн АҚШ долларына титан және одан жасалған бұйымдарды экспорттады (0,65%).

Корея Республикасынан импортта автомобиль және электротехника салаларына арналған өнімдер жоғары үлеске ие. Қазақстанға 155 млн АҚШ долларына автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтар (импорттың жалпы көлеміндегі үлесі – 19,7%), 100,1 млн АҚШ долларына автомобиль шанақтары (12,8%), сондай-ақ 70,3 млн АҚШ долларына пульттер, панельдер және басқа да электр жабдықтары (9%) импортталды.

Сауда ынтымақтастығынан басқа, инвестициялық қызмет белсенді дамып келеді. Кейінгі он жылда Корея Республикасының Қазақстан экономикасына тікелей инвестицияларының көлемі шамамен 8 млрд АҚШ долларға жетті. Елде Оңтүстік Корея капиталымен 700-ден астам компания жұмыс істейді, ал тараптар жалпы құны шамамен 4 млрд АҚШ долларын құрайтын 46 жобаны бірлесіп әзірлеп жатыр . Басым бағыттардың қатарында - машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, инфрақұрылым және технологиялық кооперация.

Әріптестіктің ең маңызды нәтижелерінің бірі - 2025 жылы Қостанай облысында Kia Qazaqstan автомобиль зауытының ашылуы. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 70 мыңға дейін автокөлік, 1,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Жоба жергілікті өндірістің дамуын және кәсіпорынның айналасында көліктің қосалқы бөлшектерін жеткізушілердің жеке базасын қалыптастыруды көздейді.

Автомобиль кооперациясының жаңа бағыты алюминий дөңгелектерінің өндірісі болуы мүмкін. 2026 жылдың ақпан айында Astana Motors, оңтүстік кореялық Hands Corporation және американдық Open Element Қазақстанда бірлескен кәсіпорын құру туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Жоба жергілікті деңгейде автоөнеркәсіптің дамуын кеңейтуге және толық технологиялық циклмен құрамдауыштардың заманауи өндірісін құруға бағытталған.

Екі елдің ынтымақтастығы автоөнеркәсіптен де басқа да салаларда көрініс тапқан. 2025 жылдың тамызында Саран қаласындағы Silk Road Electronics зауыты Samsung теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығара бастады. Өнім ең алдымен қазақстандық тұтынушыларға бағытталған.

Тағы бір үлкен бағыт-энергетика. Түркістан облысында қуатты 1 000 МВт бу-газ электр станциясы салынып жатыр, оны іске асыруға Integra Construction KZ компаниясымен бірлесіп бас мердігер ретінде Оңтүстік Кореяның Doosan Enterbility компаниясы қатысады. Толық қуатқа шыққаннан кейін станция 926,5 МВт өндіруді қамтамасыз етуі және елдің оңтүстік өңірлерінің энергиямен жабдықталуын арттыруы тиіс.

Alatau Smart City-дің дамуы да қосымша мүмкіндік береді. 2025 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Alatau City Authority» мемлекеттік қоры және Кореяның KIND шетелдік инфрақұрылым және қала құрылысы корпорациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Корея араласатын әлеуетті бағыттардың ішінде - энергетика, сумен жабдықтау және суды тазарту, сарқынды суларды және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы жобалар, сондай-ақ басқа да инфрақұрылымдық шешімдер.



Қарау саны: 59
Сақталған: 14.09.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!