Орталық Азия біртіндеп сыртқы күштер әсер ететін өңірден халықаралық қатынастардың тәуелсіз қатысушысына айналып келеді. Өңір елдері жалпы күн тәртібін белсенді түрде қалыптастырады, экономикалық байланыстарды нығайтып, қауіпсіздік, көлік және экология саласында бірлескен шешімдер әзірлейді.
Осы
процесте Қазақстан қандай рөл атқарады?
Неліктен Түркіменстандағы қазан
саммиттері өңір үшін ерекше мәнге ие?
Орталық Азия елдері Каспий теңізінің
экологиялық мәселелерін шешу үшін
күш-жігерін біріктіре ала ма?
Бұл жайында
Әлемдік экономиканы
зерттеу орталығы директорының орынбасары
Алишер Базарбаевпен сұхбатта
талқылаймыз.
1.
Қазақстанның Түркіменстандағы үш қазан
саммитіне қатысуы оның өңірдің
субъективтілігін арттырудағы, Орталық
Азияны сыртқы саясат объектісінен
дербес ойыншыға айналдырудағы рөлін
қалай көрсетеді?
Мен
Қазақстанның осы кездесулерге қатысуын
кейінгі жылдары Орталық Азияда болып
жатқан анағұрлым кең процесс ахуалында
қарастырар едім. Орталық Азия
мемлекеттерінің өздері жалпы күн
тәртібін белсенді түрде қалыптастырып,
өз шешімдерін ұсынатын модельге біртіндеп
көшуі туралы сөз қозғалады.
Мұнда
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының
Консультативті кездесулерінің форматы
анағұрлым айқын көрінеді. Ол Өзбекстанның
бастамасымен іске қосылды, ал алғашқы
кездесу Астана қаласында 2018 жылы өтті.
Бірнеше жыл ішінде бұл тетік тұрақты
саяси диалогтан жүйелі өзара әрекеттесуге
жол ашты. 2024 жылы Астанада «Орталық Азия
– 2040» өңірлік кооперациясын дамыту
тұжырымдамасы қабылданды, ал 2025 жылы
Әзірбайжан Консультативті кездесулердің
толыққанды қатысушысына айналды.
Қазірдің өзінде сегізінші кездесу
Орталық Азия мен Әзірбайжанның кеңейтілген
форматында өтуде. Бұл Каспий арқылы
көліктік байланыс, ынтымақтастық және
Орталық Азияның оңтүстік Кавказбен
өзара іс-қимылы мәселелеріне қосымша
мән береді.
Бұл ретте,
менің ойымша, өңірдің субъективтілігін
ірі әлемдік державалардан немесе басқа
серіктестерден алшақтау деп түсінуге
болмайды. Керісінше, бұл Орталық Азия
елдерінің алдымен өз позицияларын
бір-бірімен жақсырақ үйлестіру, содан
кейін өз басымдықтарына сүйене отырып,
сыртқы серіктестермен өзара әрекеттесу
қабілетін білдіреді.
«Орталық
Азия плюс» форматтары бір уақытта
кеңейіп келе жатқаны айқын. 2025 жылы
Орталық Азия мен Еуропалық одақтың
қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік
деңгейіне көтерілді, Астанада «Қытай
– Орталық Азия» екінші саммиті өтті,
ал «Орталық Азия + Жапония» диалогы
алғаш рет мемлекет басшылары деңгейінде
өтті. Бұл тек сыртқы қызығушылықтың
артуымен қатар, Орталық Азия өзінің күн
тәртібі мен ортақ мүдделері бар аймақ
ретінде айқын қабылданатынын білдіреді.
Қазақстанның
Консультативті кездесуге, ТМД Мемлекеттері
Басшылары Кеңесінің отырысына және
Каспий экологиялық саммитіне бір
мезгілде қатысуы біздің сыртқы
саясатымыздың тағы бір ерекшелігі –
бірнеше деңгейде жұмыс істеу қабілетін
көрсетеді: орталық азиялық, кеңірек
еуразиялық және каспийлік. Дәл осы
өңірлік үйлестіру мен кең халықаралық
ынтымақтастыққа ашықтықтың үйлесімі
бүгінде Орталық Азияның жаңа рөлін
айқындайды.
2. Бүгін
Орталық Азия елдерінің шоғырлануы -
бастамаларда, институционалдық ресімдеуде
немесе жалпы күн тәртібін қалыптастыруда
қалай байқалады және осы үдерісте
өңірдің негізгі мемлекеттері, оның
ішінде Қазақстан қандай рөл атқарады?
Бүгін
шоғырлану осы бағыттардың барлығында
бірден көрінеді. Қазіргі кезеңнің
маңызды айырмашылығы - тұрақты саяси
диалог біртіндеп институттармен, ұзақ
мерзімді құжаттармен және салалық
ынтымақтастық тетіктерімен толықтырылады.
2023 жылы
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының
Консультативті кездесулер істері
жөніндегі Ұлттық үйлестірушілер кеңесі
құрылды. Бұл кездесулерді дайындауды
және қол жеткізілген келісімдерді іске
асыруды үйлестіруді қамтамасыз ететін
тұрақты тетік. 2024 жылы «Орталық Азия –
2040» тұжырымдамасы және 2025-2027 жылдарға
арналған өңірлік ынтымақтастықты
дамытудың Жол картасы қабылданды. 2025
жылы көшбасшылар Орталық Азиядағы
өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық
тұжырымдамасын және 2026-2028 жылдарға
арналған алдын алу шараларымен қауіпсіздік
тәуекелдерінің каталогын мақұлдады.
Яғни ынтымақтастық анағұрлым құрылымдалған
және нақты шешімдерді жүзеге асыруға
бағытталған болады.
Сонымен
қатар, жалпы өңірлік күн тәртібі де
қалыптасып жатыр. Ол енді саяси диалог
мәселелерімен шектелмейді. Бұл сауда
және инвестициялар, көлік дәліздері,
энергетика, су ресурстарын ұтымды
пайдалану, экология, климаттық тәуекелдер,
азық-түлік қауіпсіздігі, цифрландыру
және қауіпсіздік мәселелері болып
табылады. Бейінді ведомстволар деңгейінде
өзара іс-қимыл едәуір өсті.
Бұл ретте,
осы процесті тек бір елмен байланыстыру
дұрыс болмас еді. Орталық Азия
ынтымақтастығының заманауи моделі
өңірдегі барлық мемлекеттердің бірлескен
күш-жігерімен қалыптасады. Өзбекстан
тұрақты Консультативті кездесулерді
бастауда шешуші рөл атқарды. Қазақстан
өңірлік ынтымақтастықты
институционализациялауды, экономикалық
және көліктік байланысты дамытуды
дәйекті түрде жақтайды. Тәжікстан
дәстүрлі түрде халықаралық су және
климаттық күн тәртібін ілгерілетеді.
Қырғызстан өзара іс-қимылдың көліктік,
энергетикалық және су тетіктерін
дамытуға қатысады. Түркіменстан Каспий,
көлік және энергетикалық күн тәртібінде
маңызды рөл атқарады және ағымдағы жылы
өңірлік іс-шаралар кешенінің қабылдаушы
тарабы ретінде әрекет етеді.
Қазақстанға
келетін болсақ, «Орталық Азия – 2040»
тұжырымдамасын ұсыну және әзірлеу нақты
қосқан үлестердің бірі болды. Оның
түбегейлі маңыздылығы - мемлекеттер
алғаш рет өңірлік кооперация туралы
ұзақ мерзімді көзқарасқа ие болды.
Сондықтан мен бір елдің көшбасшылығы
туралы емес, Орталық Азия мемлекеттерінің
өңірді дамыту басымдықтарын бірлесіп
айқындау қабілетінің артуы туралы айтар
едім. Бұл, менің ойымша, шоғырланудың
ең маңызды белгісі болып табылады.
3. Каспий
экологиялық саммиті Каспий экология
мен су дипломатиясынан бастап ресурстарды
басқарудың бірлескен тетіктерін
әзірлеуге дейін мәселелерді шешуде
өңірдің дамуына қаншалықты ықпал етеді?
Каспий
экологиялық саммитінің маңыздылығы,
ең алдымен, Каспий мәселесі мемлекет
басшыларының саяси диалог деңгейіне
шығарылады. Бүгін теңіздің жай-күйі –
бұл енді экологиялық мәселе ғана емес.
Оның деңгейінің төмендеуі биоәртүрлілікке,
балық аулауға, жағалаудағы инфрақұрылымға,
порттарға және көлік маршруттарына
әсер етеді. Мысалы, ЭЫДҰ Каспий теңізі
деңгейінің төмендеуін Транскаспий
көлік дәлізін дамыту үшін ұзақ мерзімді
тәуекелдерге тікелей жатқызады.
Бұл ретте,
өңір нөлден басталмайтынын түсіну
маңызды. Бес Каспий маңы мемлекеттерінің
экологиялық ынтымақтастығының негізгі
халықаралық-құқықтық тетігі Каспий
теңізінің Теңіз ортасын қорғау жөніндегі
Негіздемелік конвенция немесе Тегеран
конвенциясы болып табылады. 2025 жылғы
қарашада трансшекаралық контексте
Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі
хаттама күшіне енді, бұл мемлекеттердің
көрші елдер үшін ірі инфрақұрылымдық
жобалардың экологиялық салдарын ескеру
мүмкіндігін күшейтеді.
Басты
міндет - саяси декларациялардан анағұрлым
тығыз тәжірибелік үйлестіруге көшу.
БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы
Каспий маңы мемлекеттерін Каспий
теңізінің деңгейін өзгерту мәселесі
бойынша 2026-2036 жылдарға арналған іс-қимыл
жоспарымен жұмысты аяқтауға шақырады.
Негізгі бағыттардың қатарына бірлескен
ғылыми мониторинг, болжамды модельдерді
жетілдіру, климаттық өзгерістерге
бейімделу, экожүйелерді қорғау және
қаржыландыру тетіктерін іздеу кіреді.
Осы бағытта
Дүниежүзілік банк пен БҰҰДБ жұмыс
істейді. Дүниежүзілік Банктің Blueing the
Caspian Sea жобасы Қазақстанда, Әзірбайжанда
және Түрікменстанда ластануды
мониторингтеудің және биоәртүрлілікті
сақтауды жоспарлаудың салыстырмалы
жүйелерін дамытуды көздейді. БҰҰДБ
Жапониямен бірлесіп, Солтүстік Каспий
мониторингін дамытуды, трансшекаралық
деректер алмасуды және өңірлік ғылыми
үйлестіру платформасын құруды қолдайды.
Қазақстан
өз тарапынан Каспий теңізінің одан әрі
тозуын болдырмау жөніндегі мемлекетаралық
бағдарламаны әзірлеуге бастамашы болды
және Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу
институтын құрды. Бұл бастама 2026 жылғы
сәуірде Астанада өткен өңірлік экологиялық
саммиттің құжаттарында көрініс тапты.
Сондықтан
қазіргі саммиттің әлеуеті айтарлықтай
жоғары. Алайда, оның тиімділігін тек
қорытынды декларация бойынша ғана
бағаламаған жөн. Негізгі нәтиже жалпы
деректерге, салыстырмалы мониторинг
әдістеріне, келісілген болжамдарға
және тәжірибелік бірлескен шараларға
ілгерілеу болуы керек. Каспий - бес
мемлекеттің ортақ экожүйесі, сондықтан
бірде-бір ел оның таяздануы мен
деградациясы мәселесін тиімді шеше
алмайды.
4.
Қазақстанның белсенді дипломатиясы
мен бастамалары Орталық Азияның
бірте-бірте өзінің субъективтілігін
нығайтып, Еуразияда шешім қабылдаудың
анағұрлым дербес орталығына айналуына
елеулі үлес қосады деп санауға бола ма?
Әрине,
Қазақстан осы үпроцеске үлкен үлес
қосады. Бұл ретте, Орталық Азияның артып
келе жатқан субъективтілігі қандай да
бір елдің жетістігі емес, өңірдің барлық
мемлекеттерінің бірлескен күш-жігерінің
нәтижесі болып табылатынын атап өту
маңызды.
Қазақстанның
рөлі ұлттық бастама өңірлік немесе
халықаралық жалғасын алатын жағдайларда
ерекше байқалады. Мысал ретінде Қазақстан
ұсынған «Орталық Азия – 2040» Өңірлік
кооперациясын дамыту тұжырымдамасын
келтіруге болады. Экологиялық салада
Қазақстан Каспийді сақтау жөніндегі
мемлекетаралық бағдарламаны ілгерілетуде.
Көлік саласында ел Транскаспий халықаралық
көлік бағытын дәйекті түрде дамытады,
оны ЭЫДҰ Азия мен Еуропа арасындағы
логистикалық дәліз ретінде ғана емес,
сондай-ақ экономикалық әртараптандыру
мен Орталық Азияның терең өңірлік
интеграциясының факторы ретінде
қарастырады.
Тағы бір
мысал – Алматыда Орталық Азия мен
Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары
бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру. Оны
құру туралы шешімді БҰҰ Бас Ассамблеясы
2025 жылғы наурызда қабылдады. БҰҰ Бас
хатшысы Антонио Гутерриш кейіннен
Орталықты Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың
жаңа дәуірінің көрінісі деп сипаттады.
Бұл Қазақстанның өңірлік бастамасы
халықаралық қоғамдастықтың қолдауына
және БҰҰ жүйесінде институционалдық
ресімдеуге ие болғанының маңызды мысалы.
Бірақ,
менің ойымша, артып келе жатқан
субъективтіліктің негізгі көрсеткіші
тіпті бастамалар санында емес. Өзара
әрекеттесу тетігінің өзін өзгерту
маңызды. Орталық Азия елдері ортақ
маңызы бар мәселелерді өз бетінше
талқылауда, өңірлік тәсілдерді
қалыптастыруда, үйлестірудің өзіндік
тетіктерін құруда, содан кейін ірі
сыртқы әріптестермен диалог жасайды.
Бұл ретте,
Орталық Азияның субъективтілігін
нығайту өңірді жабық саяси блокқа
айналдыруды немесе өзін басқа күш
орталықтарына қарсы қоюды білдірмейді.
Керісінше, күшті және шоғырланған
Орталық Азия барлық ірі державалар мен
серіктестер үшін бір уақытта болжамды
және тәуелсіз серіктес бола алады.
Сондықтан
мен Орталық Азия біртіндеп Еуразиядағы
өңірлік өзара іс-қимыл мен шешімдер
қабылдаудың дербес орталығына айналатыны
туралы айтар едім. Қазақстан осы үдерістің
дәйекті қатысушылары мен бастамашыларының
бірі болып табылады, ал оның ұзақ мерзімді
табысы өңірдің барлық мемлекеттерінің
сенімді сақтау, мүдделер теңгерімін
табу және саяси уағдаластықтарды нақты
бірлескен жобаларға аудару қабілетіне
байланысты болады.