
2026 жылғы 13-14 қазанда Бейжіңде «Қытай мен Жаһандық Оңтүстік елдерінің жаңғыру процесіндегі ынтымақтастық мүмкіндіктері» (International Symposium on Cooperative Opportunities for China and the Global South Modernization) атты халықаралық симпозиум өтті. Іс-шараға «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасы Біржан Баткеев қатысты.
Жаһандық Оңтүстік зерттеу орталығы (Global South Research Center, GSRC) ұйымдастырған симпозиум түрлі елдердің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, ғылыми-зерттеу институттарының және сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің басын қосты.
Іс-шарада Қытай мен Жаһандық Оңтүстік елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары, сауда және инвестициялық байланыстарды дамыту, жасыл экономикаға көшу, сондай-ақ цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізуге байланысты мүмкіндіктер талқыланды.
Біржан Баткеев Қытай мен Жаһандық Оңтүстік елдерімен экономикалық ынтымақтастық перспективаларына арналған баяндама жасады.
Симпозиумның тақырыбы ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндірістік әлеуетті дамыту, халықаралық нарықтарға қолжетімділікті кеңейту, өңірлік және жаһандық өндірістік-өткізу тізбектерін дамыту, көлік-логистикалық инфрақұрылым және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін қамтыды.
Экономикалық зерттеулер институтының халықаралық симпозиумға қатысуы сарапшылық және ғылыми диалогты дамытуға, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және Қазақстан мен Жаһандық Оңтүстік елдерінің ұзақ мерзімді экономикалық даму мәселелерін зерттеуде талдамалық тәсілдермен алмасуға ықпал етеді.