Қазақстанның инвестициялық саясатын күшейту: Президент Жолдауындағы негізгі басымдықтар

13.11.2026

Бүгінгі Жолдауда Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық саясатын одан әрі күшейтуге ерекше назар аударды. Негізгі екпін бұрын қабылданған шешімдердің тиімділігін арттыруға, инвесторлармен жұмыс жүйесін жетілдіруге, құқықтық кепілдіктерді нығайтуға және жеке капиталды тарту үшін жағдай жасауға қойылды.

2025 жылғы қыркүйектегі Жолдаудан кейін бірқатар институционалдық өзгерістер жүзеге асырылды. Инвестициялық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдинг болып қайта құрылды, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. 2026 жылғы мамырда Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы Конституциялық заң қабылданды. Енді осы институттардың үйлесімді жұмысын және қабылданған шешімдердің іс жүзіндегі нәтижелілігін қамтамасыз ету маңызды.

Осыған байланысты мен үш негізгі бағытты атап өтер едім.

Бірінші – инвестициялық қызметті басқару жүйесін жетілдіру. Президент мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің қайталануына және инвестиция тартумен жүйелі түрде айналысатын бірыңғай ұйымды айқындау қажеттігіне тағы да назар аударды. Ықтимал шешім ретінде ҚР ҰЭМ мен ҚР СІМ-нің жекелеген функцияларын сақтай отырып, «Бәйтерек» холдингінің рөлін күшейту ұсынылды.

Менің ойымша, мұнда өкілеттіктерді қайта бөлудің өзінен гөрі жобаларды инвесторды тартудан және іске асыру шарттарын келісуден бастап қаржыландыруға және объектілерді пайдалануға беруге дейін дәйекті сүйемелдеуді қамтамасыз етудің түбегейлі маңызы бар. Ол үшін инвестициялық жүйе қатысушыларының жауапкершілігін нақты ажырату, қайталанатын рәсімдерді жою және шешім қабылдау мерзімдерін қысқарту қажет.

Екінші – инвесторлардың құқықтық қорғалуын нығайту. Алатауда коммерциялық дауларды қарау үшін ағылшын жалпы құқық моделі бойынша инвестициялық сот құру ұсынылып отыр. Қаланың арнайы құқықтық режиміне байланысты өзге мәселелерді Азаматтық соттың құзыретіне жатқызу жоспарланған. Конституциялық заңға тиісті түзетулер 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін Құрылтайдың қарауына енгізілуге тиіс.

Қазақстанда АХҚО аясында коммерциялық дауларды мамандандырылған тәртіппен шешу тәжірибесі бар. Шетелдік инвесторлар үшін, әсіресе өтелу мерзімі ұзақ, көп капиталды қажет ететін жобаларды іске асыру кезінде, құқық қолданудың болжамдылығы мен тиімді сот қорғауының түбегейлі маңызы бар. Бұл ретте жаңа тетіктің нәтижелілігі юрисдикциялардың нақты ажыратылуына, сот рәсімдерінің сапасына және шешімдердің орындалуына байланысты болады.

Үшінші – жеке капиталды тарту факторы ретінде ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту. Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында бүкіл ел бойынша әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту көзделуде. 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымдық жаңғырту жоспарын іске асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Инвестициялық тұрғыдан алғанда, алдағы ауқымды құрылыс отандық өнеркәсіп өніміне айтарлықтай қосымша сұраныс қалыптастыруы мүмкін. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін құрылыс материалдары, металл конструкциялар, инженерлік жабдық және ілеспе қызметтер қажет болады, бұл жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге және жаңа кәсіпорындарды іске қосуға мүмкіндік туғызады.

Президент Ұлттық қор есебінен импортты қаржыландыруға жол берілмейтінін көрсете отырып, осы материалдар мен жабдықты ел ішінде өндіру қажеттігін ерекше атап өтті. Тиісті өндірістерге жеке инвестиция тарту үшін инфрақұрылымдық жобалардың қажеттіліктерін алдын ала айқындау маңызды. Ықтимал құралдардың бірі ретінде ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттарды қарастыруға болады. Олар отандық өнімге болжамды сұранысты қамтамасыз етуге және өндірістік қуаттарды кеңейту үшін қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жалпы, белгіленген шешімдердің нәтижелілігін ең алдымен тартылған жеке және шетелдік капитал көлемі, іске қосылған өндірістер саны және олардың экономикаға қосқан нақты үлесі бойынша бағалау қажет. Ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс мемлекеттік шығыстармен ғана шектеліп қалмай, отандық өнеркәсіптің дамуы мен жаңа инвестициялық жобалардың іске асырылуын ынталандыруы маңызды.


Ескендір Байсбай, Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының жетекші сарапшысы



Қарау саны: 26
Сақталған: 14.11.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!