Салалық мамандандырудан кластерлік дамуға: Қазақстанның өңірлік саясатының жаңа бағдарлары

16.11.2026

Қазақстан Президентінің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында өңірлік экономикалық саясатты жаңартудың маңызды бағдары айқындалды.

Мемлекет басшысы әр өңірді оның бәсекелес артықшылықтары негізінде дамыту қажеттігін атап өтіп, сонымен бірге аумақтың бір салаға немесе бір ірі кәсіпорынға тәуелді болуына жол бермеу керектігін ескертті. Негізгі мамандану төңірегінде білім беруді, қолданбалы ғылымды, логистиканы, қызмет көрсету саласын, сабақтас өндірістерді және технологиялық кәсіпкерлікті біріктіретін толыққанды экожүйе қалыптастыру ұсынылды.

Бұл ережеден өңірлерді дамытуда басым түрде салалық тәсілден заманауи кластерлік саясатқа көшу қисыны байқалады.

Өңірде ірі кәсіпорындардың, индустриялық аймақтардың және инвестициялық жобалардың болуы орнықты әрі бәсекеге қабілетті өңірлік экономиканың қалыптасқанын әлі білдірмейді.

Құрылған объектілердің саны емес, олардың арасындағы экономикалық байланыстардың сапасы шешуші маңызға ие.

Кәсіпорындар, университеттер, ғылыми ұйымдар, шағын және орта бизнес бір аумақта жай ғана қатар өмір сүріп қоймай, белсенді өзара іс-қимыл жасап, жаңа технологияларды, құзыреттерді, өнімді және қосылған құнды жасайтын жерде кластер қалыптасады.

Сонымен қатар Қазақстанда кластерлердің дамуын жекелеген кәсіпорындардың күшімен немесе жекелеген инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жоюға болмайтын бірқатар жүйелі шектеулер тежеп отыр.

Олардың қатарында ведомстволық алауыздық, өндірістік тізбектердің үзілуі, ірі және шағын бизнес кооперациясының жеткіліксіздігі, ғылымның өндіріспен әлсіз байланысы, бірлескен технологиялық инфрақұрылымның тапшылығы, сондай-ақ инвестициялық және білім беру басымдықтарының өңірлік экономика қажеттіліктерімен үйлеспеуі бар.

Бұл шектеулерді еңсеру кластер қатысушыларын қолдаудың жекелеген шараларын емес, олардың өзара іс-қимылына кедергі келтіретін себептерді жоюға бағытталған келісілген шешімдерді талап етеді. Сондықтан мемлекеттік кластерлік саясаттың міндеті - жаңа кластерлік құрылымдар құрудан гөрі орнықты өндірістік, технологиялық және ғылыми-білім беру кооперациясы үшін жағдай жасау.

Осы тұрғыда Президенттің бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасының маңызы ерекше. Ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту халықтың өмір сүру жағдайын жақсартып қана қоймай, өңірлік өндірістік тізбектерді, отандық өнім берушілерді, инженерлік құзыреттерді және кәсіпкерлікті дамытуға серпін бере алады.

Алайда мұндай әсер өздігінен туындамайды. Инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың оқшау бастамалар болып қалмай, өңірдің өзара байланысты экономикасын дамытуға ықпал етуі маңызды.

Ол үшін Үкімет пен әкімдіктердің келісілген іс-қимылы, сондай-ақ бизнестің, ғылым мен білім берудің белсенді қатысуы қажет.

Бұл ретте мемлекеттің міндеті – нарықтық байланыстарды алмастыру емес, олардың пайда болуы мен нығаюы үшін жағдай жасау.

Өңірлік саясаттың нәтижелілігін тартылған инвестициялар көлемімен және жаңа кәсіпорындар санымен ғана емес, олардың жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, сапалы жұмыс орындарын құруға және халық табысының өсуіне қаншалықты ықпал ететінімен де бағалау қажет.

Өңірлік экономиканың орнықтылығы көбіне оның қолда бар бәсекелестік артықшылықтарды пайдаланып қана қоймай, солардың негізінде жаңа өндірістерді дамыту, экономикалық байланыстарды кеңейту және қосылған құнның өсуін қамтамасыз ету қабілетімен айқындалады.


Салтанат Ахметжанова, Бас ғылыми қызметкер



Қарау саны: 25
Сақталған: 17.11.2026






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!