Өңір тынысы: Ақтөбе облысы
27.11.2026
Өңір құрамына 12 аудан, Ақтөбе облыстық маңызы бар 1 қала, Алға, Жем, Қандыағаш, Темір, Хромтау, Шалқар, Ембі аудандық маңызы бар 7 қала, сондай-ақ 312 ауылдық елді мекен кіреді. Ақтөбе облысы Қазақстанның батыс және орталық өңірлерін сыртқы нарықтармен байланыстыратын халықаралық көлік бағыттарының қиылысында тиімді географиялық орналасқан. Оның аумағы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі өтеді. Мұнайдың, газдың, хромит және никель-кобальт кендерінің едәуір қорлары өнеркәсіптік дамудың ресурстық негізін қамтамасыз етеді. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыс халқының саны 959,2 мың адам, оның ішінде шамамен 735,6 мың қала тұрғыны және 223,6 мың ауыл тұрғыны. Урбандалу деңгейі 76,7%-ға жетті. 2021 жылмен салыстырғанда халық саны 893,7 мыңнан 959,2 мың адамға дейін, яғни 65,5 мың адамға (7,3%) өсті. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйекте табиғи өсім коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 9,37, республикалық орташа мән – 8,33. Туу көрсеткіші де республикалық орташа деңгейден жоғары (15,21, республика бойынша – 14,70), ал өлім-жітім төмен (1 000 адамға шаққанда 5,82, республика бойынша – 6,42). Сонымен қатар 2026 жылғы қаңтар–қыркүйекте облыс бойынша жалпы көші-қон сальдосы теріс мәнге ие (-3 502 адам). Оң табиғи өсім көші-қондағы шығынның орнын толтырып, халық санының жалпы өсуін қамтамасыз етеді. 2026 жылғы II тоқсанда орташа айлық атаулы жалақы 440,5 мың теңгеге жетті, бұл ел бойынша орташа деңгейден (486,4 мың теңге) төмен. Халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 237,8 мың теңгеге жетті, республикалық орташа деңгей – 263,7 мың теңге. 2-тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,6% (ел бойынша – 4,5%), ал табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 4,6% (ел бойынша – 5,0%). Ақтөбе облысының экономикасы индустриялық-аграрлық бағытта мамандандырылған. 2026 жылғы I жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім 2,81 трлн теңгеге немесе ел ЖІӨ-нің 3,9%-не жетті. ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіптің үлесі 38,3%, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді игеру 20,3%, өңдеу өнеркәсібі 15,6%. Сондай-ақ сауда (14,2%), көлік және қоймалау (8,9%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (8,7%) және құрылыс (5,4%) айтарлықтай үлес қосады. Өңірдің өнеркәсіптік кешенінің негізі - мұнай мен газ, хром және мыс кендерін өндіру, металлургия және химия өнеркәсібі . Өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының қатарына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ТҰК «Қазхром» АҚ (Ақтөбе ферроқорытпа зауыты және Дон тау-кен байыту комбинаты) және Ақтөбе хром қосылыстары зауыты жатады. 2026 жылғы қаңтар–қазанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,60 трлн теңгеге жетті. Маңызды міндеттердің бірі - шикізаттық мамандандырудан неғұрлым терең қайта өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға көшу. Экономикада ауыл шаруашылығы маңызды орын алады. 2026 жылғы қаңтар–қазанда ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 396,1 млрд теңгеге жетті. Жетекші сала – мал шаруашылығы, оның дамуына кең жайылымдық алқаптар ықпал етеді. Өсімдік шаруашылығы негізінен Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандарында дамып келеді. 2026 жылғы қаңтар–қазанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,025 трлн теңгеге жетті. Маңызды жобалардың қатарында - никель-кобальт кендерін қайта өңдейтін зауыт салу (450 млрд теңге, 2023–2028 жылдар), бағалы металдарды қайта өңдеу және байыту өндірісін құру (207 млрд теңге, 2022–2026 жылдар), қуаттылығы 250 МВт бу-газ қондырғысын (130 млрд теңге, 2025–2028 жылдар), цемент зауытын (95,7 млрд теңге, 2023–2026 жылдар) және «Хромтау 2» жел электр станциясын (82,6 млрд теңге, 2021–2027 жылдар) салу. Сонымен қатар өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын бірқатар құрылымдық және инфрақұрылымдық шектеулер тежеп отыр. Негізгі сын-қатерлерге экономика құрылымындағы тау-кен өндіру өнеркәсібі үлесінің жоғары болуы, халық табысының салыстырмалы түрде төмен деңгейі және көші-қон ағыны жатады. Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес объектілермен және қызметтермен қамтамасыз етілу 62,6%-ға (ел бойынша орташа – 68,0%), денсаулық сақтау саласында 70,8%-ға (83,1%) жетті. Өзекті мәселелердің ішінде - инженерлік желілердің тозуы, жергілікті жолдардың жай-күйі, оқушы орындарының тапшылығы және ауылдық елді мекендерді газдандыру. Ақтөбе облысының даму перспективалары минералдық және көмірсутек шикізатын қайта өңдеуді тереңдетумен, мұнай-газ химиясын, неғұрлым жоғары қайта бөліністегі металлургия өндірістерін, мұнай-газ жабдықтары мен құрылыс материалдары өндірісін, сондай-ақ көлік-логистика инфрақұрылымын дамытумен байланысты. Ақтөбе агломерациясын дамыту және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру маңызды мәнге ие. Өңірді одан әрі дамытудың басымдығы өнеркәсіпті әртараптандыруды, шикізаттық емес салаларға инвестиция тартуды, жоғары өнімді жұмыс орындарын құруды және халықтың, оның ішінде ауылдық елді мекендердегі халықтың өмір сүру сапасын арттыруды ұштастыру болуы тиіс.
Қарау саны: 21 |
|
||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
|