Қарғын су менеджменті: қарды қалай тиімді пайдалануға болады?
11.04.2024
Қазақстанда көктемгі қарғын судың әкелген зардабы толастар емес. Қарғын судан тек қана инфраструктурасы әлсіз ауылдар ғана емес, ірі қалалар да зиян шегуде. Солтүстік, шығыс және батыс аймақтарда елді мекендерді су алып кетсе, Ақтөбе және Алматы облыстарында су қоймалары арнасынан асып кеткен. Қазірдің өзінде шамамен 11 мыңға жуық адам эвакуацияланған. Бұл жағдай соңғы жылдарда болған ең ауқымды проблемалардың біріне айналды. Десе де, қарғын су жыл сайын, әр көктем, су менеджментінің елімізде жолға қойылмағанынан хабар беріп отырады. Сонымен, қарғын суды қалай өз пайдамызға асыра аламыз? Су тапшылығы бар өлкеде қарғын суды қосымша су ресурсына айналдыру түрлі тәсілдермен жүзеге асатын прагматикалық идея болар еді. Бұл әлем тәжірбиесінде аса үлкен жаңалық емес, демек Қазақстан басқа елдердің табысты нәтижелерінен сабақ ала алады. Мәселен, Жапонияда қар шектен тыс көп мөлшерде түседі, әсіресе Хонсю аралының батыс жағалауында. Жыл сайын орташа есеппен 1700 мм жауын-шашын түседі. Хонсю және Хоккайдо аралдарында қар түсімі тым жоғары. Мәселен, Ниигато префектурасында қардың орташа көлемі бір мерзімде 10 метрді құрай алады. Ал Аомори қаласына жыл сайын шамамен 8 метрдей қар түседі. Елде қарғын суға арналған жерасты резервуарлары салынған, кейіннен жиналған су құрғақ мерзімде ауылшаруашылығында суаруға қолданылады. Бұл жоба бойынша жылына 2,5 млн текше метр қар суын жинау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, жиі жиналған суды тазартып, қосымша ауыз су көзі ретінде қолдану мүмкіндігі де бар. Ал Сингапурда жаңбыр суы арықтар жүйесі арқылы бір жерасты резервуарына жиналып, кейіннен қосымша ауыз су көзі ретінде қолданылады. Скандинавия елдерінде қарғын суды энергия көзі ретінде қолдану жолға қойылған. Швеция және Норвегия қарғын суды гидроэлектроэнергия генерациясында қолданады. Норвегияда жыл сайын орта есеппен географиялық ерекшеліктерге байланысты 500-3000 мм жауын шашын түседі. Көп бөлігі климат әлдеқайда ылғал батыс жағалау жағына түседі. Тромс и Финнмарк қалаларында жыл сайын 2-3 метр тереңдіктегі қар түсімі болады. Норвегияда су электр станциялары елдің 96 % электр энергиясын қамтиды. Кішігірім СЭС-тер еріген қар энергиясын электр қуатына айналдырып, шалғай таулы аймақтарды жарықпен қамтамыздандырады. Әсіресе ерте көктемде қар суын энергиясы есебінен электр қуаты арта түседі. Канада болса, әсіресе Альберта провинциясында, қар суын ирригацияда қолданады. Бұл тек қана құрғақ мерзімде су ресурсын үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар топырақ эрозиясының алдын алуға көмектеседі. Канадада жыл сайын түсетін жауын-шашын көлемі шамамен 500-4000 мм арасында, елдің ішкі аймақтарына қарағанда жағалауларда жауын-шашын көбірек түседі. Ал қар түсімі, әсіресе Квебек және Британдық Колумбия провинцияларында жыл сайын шамамен 3 метрден асады. Швейцарияда жыл сайын орташа есеппен 1000-2500 мм жауын шашын түседі. Таулы аймақтарда, әрине, қар есебінен көбірек жауын-шашын көлеміне ие. Альпі тауларына түсетін орташа қар тереңдігі 2-4 метр арасында вариацияланады. Швейцарияда қарды сақтау мақсатында күн сәулесін өткізбейтін арнайы жапқын қолданылады. Олар қардың еру үдерісін баяулатып, жазғы кезеңге дейін үлкен көлемдегі су қорын сақтауға септеседі. Кейіннен, қажет болған жағдайда, қосымша су қоры СЭС және ауылшаруашылығында қолданылады. Күн сәулесін өткізбейтін жапқындарың келесі функциясы – қар көлемін жазғы тау шаңғы мерзіміне дейін сақтау. Бұл әдіс Вале кантонында аса танымал. Ал Қазақстанда жыл сайын шамамен 200-500 мм жауын-шашын түседі. Қар түріндегі жауын-шашын көлемі жылына жазықта 100-200 мм құраса, таулы аймақтарда 500-1600 мм құрайды. Ал түскен қар тереңдігі 1-2 метрді құрайды. Жалпы қарғын суды тиімді пайдаланудың басты элементтері оны жинау, сақтау және үлестіру болып есептеледі. Қазақстан үшін басты мақсат осы үш элементті тиімді жолмен үйлестіру үшін инфрақұрылымды салу болуы тиіс. Жерасты резервуарларын, ирригация жүйелерін салу табиғи су көздеріне қысымды төмендетіп, құрғақшылыққа қарсы тұрақтылықты көтере алады. Сонымен, өз тарапымыздан келесілерді ұсынамыз: Қарды жинау және сақтау. Бұл әдіс арқылы қарғын суды құрғақшылықта суару жүйелерінде немесе қосымша ауыз су көзі ретінде қолдануға болады.
Қарғын суды тікелей қолдану:
Ауыз су үшін қолдану және тазалау: фильтрация технологиялары көмегімен қарғын суды ауыз су ретінде немесе басқа да тұрмыстық мақсаттарда қолдануға болады. Энергия көзіне айналдыру: шалғай аймақтарда аз қуаттағы СЭС-терді салу арқылы еріген қар энергиясын электр қуатына айналдыруға болады. Әлем тәжірбиесінде берілген әдіс Норвегия және Швеция елдерінде жолға қойылған. Қар және жаңбыр суын өзен-көлдердегі су көлемін қайта қалпына келтіруде қолдануға болады. Әлбетте бұл әдіс үшін арнайы су жүйесін құру қажет. Әлбетте, жоғарыда аталған әдістердің барлығы инфрақұрылымға инвестицияны талап етеді. Одан бөлек су сапасын және ресурс менеджментін бақылау үшін мониторинг жүйесі қажет. Есесіне, берілген әдістер нәтижесінде құрғақшылықта су дефицитін төмендетуге және көктемгі су тасқындарының алдын алуға сеп болады.
Қарау саны: 449 |
|
|