Экономика және заң: банктік реттеу

26.09.2025

Қазақстанда 2025 жылы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банктік қызмет туралы» Заң жобасы әзірленіп, көпшілік талқылауына шығарылды. Ол банктік лицензияларды (базалық, әмбебап, ислами) саралауды, күшейтілген қадағалау режимдерін, тұрақтылықты қалпына келтіру және банктерді реттеу тетіктерін (қалпына келтіру және реттеу жоспарларын әзірлеу), жүйелік маңызы бар банктерді сауықтыруға мемлекеттің қатысу шарттарын нақтылауды, қадағалауды күшейту үшін «деректер витринасы» тетігін енгізуді, сондай-ақ тәртіп тұрғысынан қадағалауды кеңейтуді қарастырады.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Президент Жолдауында банктерді нақты секторды қаржыландыруға жедел тарту және олардың жаңа инвестициялық циклдегі рөлін арттыру қажеті атап өтілді. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін технологиялық өзгерістерді, қаржы технологияларының дамуын, цифрлық активтерді ырықтандыруды және бәсекелестікті күшейтуді назарға алатын банктер туралы жаңа заңды жедел қабылдау керегі айтылды. Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық Банкке Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, жыл соңына дейін аталған заңды Парламенттің қабылдауын қамтамасыз етуді тапсырды.


Еуропалық Одақ (ЕО)  

2024 жылы Еуропалық одақ «банктік пакет» деп аталатын құжаттарды – 2024 жылғы 19 маусымда жарияланған (EU) 2024/1623 Регламентін (CRR III) және (EU) 2024/1619 Директивасын (CRD VI) қабылдады. Бұл актілердің мақсаты – банктердің тұрақтылығын арттыру үшін Базель III талаптарының соңғы элементтерін еуропалық заңнамаға енгізу.

Ең маңызды жаңалық – «output floor» метрикасы, яғни банктердің ішкі үлгілері бойынша тәуекелдерді бағалаудың төменгі шегі. Жаңа ережелерге сәйкес, банк есептейтін капиталға қойылатын талаптар стандартты (барлығына ортақ) әдістемелермен анықталатын талаптардың 72,5%-ынан төмен болмауы тиіс. Өтпелі кезең қарастырылған: төменгі шек 2025 жылдан бастап 50% деңгейінде қолданылады және 2030 жылға дейін біртіндеп 72,5%-ға жеткізіледі. Бұл ірі банктердің тым оптимистік үлгілер арқылы капиталды негізсіз төмендетуіне жол бермейді және әртүрлі елдердегі капитал нормативтерінің салыстырмалылығын әрі сенімділігін күшейтеді.

Сонымен қатар, CRR III/CRD VI пакеті ЕО-дағы шетелдік банктер филиалдарына қадағалауды күшейтеді және жаңа тәуекелдерді ескеруді енгізеді – мысалы, криптоактивтерге байланысты өтпелі режим және банктік менеджменттегі ESG-тәуекелдерді бағалау.

ЕО-ның жаңа ережелері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады, ал мүше мемлекеттер кейбір нормаларды өздерінің ұлттық заңнамасына енгізуі тиіс. Осылайша, Еуропалық одақ банктерінің тұрақтылығы нығайып, соңғы халықаралық стандарттар (Базель III) ескеріледі.



АҚШ 

2023 жылғы наурыздағы оқиғалардың (оның ішінде Silicon Valley Bank және Signature Bank төлем қабілетсіздігі) нәтижесінде АҚШ-тың федералдық қадағалау органдары орта және ірі банктерге арналған пруденциялық талаптарды қатаңдату жөнінде нормативтік ұсыныстар пакетін таныстырды1.

Әсіресе, орта және ірі банктер үшін капитал мен өтімділікке қойылатын талаптардың жоғары болуы көзделген. 2025 жылғы шілдеден бастап тәуекел бойынша өлшенген активтерді есептеудің жаңа ережелерін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Бұл 100 млрд АҚШ долларынан астам активтері бар банктер үшін негізгі капиталдың (CET1) ең төменгі деңгейін арттырады. Бұдан бөлек, өтімділікке стресс-тестілеу талаптары күшейтіледі және орташа банктер үшін бұрын жеңілдетілген қадағалау режимдері қайта қаралады. Бұл өзгерістердің мақсаты – банктік жүйенің тұрақтылығын арттыру және ұлттық тәжірибені Базель III стандарттарының соңғы кезеңімен үйлестіру.



Өзбекстан 

2023 жылғы сәуірде Өзбекстан Президенті 2023 жылғы 19 сәуірдегі № ЗРУ-831 Заңына қол қойды2. Бұл заң «Банктер және банктік қызмет туралы» Заңға өзгерістер енгізіп, банктердің капиталын нығайту және инвестицияларды тартуды көздейді. Түзетулерге сәйкес, коммерциялық банктердің ең төменгі жарғылық капиталы кезең-кезеңімен 100 млрд сумнан 2025 жылға қарай 500 млрд сумға дейін өседі. Арттыру төрт кезеңде жүзеге асырылады (2023 жылғы қыркүйектен бастап - 200 млрд-қа дейін, 2024 жылғы сәуірден бастап - 350 млрд-қа дейін, 2025 жылғы қаңтардан бастап - 500 млрд-қа дейін). Мұндай өтпелі кезең банктерге акционерлерден қосымша қаражат тарта отырып бейімделуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге банкердің акционерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді – офшорлық юрисдикцияларда орналасқан, меншіктік құрылымы ашық емес тұлғалар акционер бола алмайды. Осы шаралар жиынтығы банк жүйесін капиталдандыруды арттыруға және ел экономикасын дамыту үшін оның ресурстарын кеңейтуге бағытталған. Күтілгендей, Өзбекстан банктерінің ірі әрі «таза» капиталы олардың несие қабілетін арттырып, нақты секторды несиелендіруді кеңейтуге және салымшылардың сенімін нығайтады деген үміт бар.



Қарау саны: 148
Сақталған: 08.10.2025






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!